Әл-Фараби және Абайдың ойшылдық үндестігі: академиялық онлайн-сұхбат
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен 17 қараша күні «Әл-Фараби және Абайдың ойшылдық үндестігі» академиялық онлайн-сұхбат өткізілді. Сұхбатқа Қазақстанның шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, әдебиеттанушылар, Қазақстанның облыстық кітапханаларының басшылары, ғылыми-зерттеу және мәдениет орталықтары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, мәдениет және білім мекемелерінің жетекшілері, кітапханашылар қатысты.
Ф.ғ.д., профессор,Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әл-Фараби орталығының директоры Алтаев Жақыпбек Алтайұлы, Ф.ғ.к, доцент, абайтанушы Омар Жәлелұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қорғанбеков Болат Сағынбекұлы сөз сөйлеп, келелі ой-пікірлерін білдірді.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ 2-курс докторанты Иманғалиев Алмас Темірбекұлы «Тұңғыш фарабитанушы-ғалым Ақжан Әл-Машанидің мұраларындағы Әл-Фараби және Абай» тақырыбында баяндама жасады.
«Сирек басылымдар қорындағы Абай» тақырыбында кітапханамыздың директорының орынбасары Г.М.Аязбаева баяндама жасап, кітапханамыздың сирек басылымдар қорындағы ақынның қайраткерлік қызметін ашып көрсететін құнды басылымдармен таныстырды. Данышпан Абайдың қоғамдық кітапхананың оқырманы болғандығы жөнінде алғаш жазған американ жазушысы, публицист Дж.Кеннанның «Сибирь и ссылка» документті зерттеу еңбегіне тоқталды. Ғұлама ақынның құқықтық қызметін растайтын Семейдің қоғамдық кітапханасында қызмет атқарған өлкетанушы Николай Коншиннің «Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведения» деген облыстық архив деректерін басшылыққа алып жазған мақаласы жөнінде мәліметтер берді. Семей облыстық Санақ Комитетінің 1897 және 1900 жылғы «Памятная книжкаларындағы», «Бастауыш білім беру қоғамының 1893/94 жылдарғы жұмыс есебіндегі», «Семипалатинские Областные ведомости» 1894 жылғы газетіндегі Абайдың қоғамдық қызметтерге қатысқандығын растайтын дереккөздерден танымды ақпараттар ұсынды.
Әуесқой астрономдар үйірмесінің жетекшісі, Ұлттық академиялық кітапхананың қызметкері К.Оспанов «Ғаламда ойшылдардың жұлдыз шеруі» тақырыбындағы бейне-слайдты ұсынып, “Абайдың 175 жылдығы” және “Әбу Насыр әл-Фараби” атты жұлдыздарға шолу жасады.
Әл-Фараби мен Абай сынды қос ғұлама мұрасы насихатталған шара өте мазмұнды да маңызды өтті.