Абай және кітапхана: онлайн-экскурсия
Желтоқсан айының 8 жұлдызында Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы Семей қаласындағы заманында Абай оқырманы болған кітапхананың тарихы және сирек қорымен таныстыратын «Абай және кітапхана» тақырыбында онлайн-саяхат ұйымдастырды.
ZOOM платформасында болған шараға Нұр-Сұлтан қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен мектеп оқушылары қатысты.
Қазақстан Жазушылар Одағы Семей бөлімшесінің басшысы, кітапхананың қызметкері Мерей Қарт іс шараны бастап, спикерлерге сөз тізгінін ұсынып, Абай әлемі» сериясымен шыққан жауһар туындыларды жұртқа таныстырды.
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Мұратқызы «Абай және кітапхана» тақырыбында, кітапхананың іргетасы 1883 жылдың күзінде саяси жер аударылғандардың ұйымдастыруымен, зиялы қауым мен қала көпестерінің қайырымдылық көмектерінің нәтижесінде оқырмандарға есігін айқара ашқаны жайында әңгімеледі. Қоғамдық кітапхананың ашылуы өлкеге ерекше бір серпіліс әкелгені, қоңырқай өмірге жарық сәуле түсіріп, ерекше әр берген маңызды оқиға болғаны жайында атап өтті.
Мерзімді баслылымдар бөлімінің басшысы Жаңылгүл Әділбекқызы «Сирек басылымдардағы Абай» тақырыбында заманында Абай Құнанбайұлының қоғамдық жұмысқа да белсене араласқандығын дәлелдейтін 1897 және 1900 жылғы «Памятная книжкалары», «Бастауыш білім беру қоғамының 1893/94 жылдарғы жұмыс есебі», «Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Батыс-Сібір Бөлімінің Семей бөлімшесінің жариялаған «Запискиінің…» 1907 жылғы 3-саныннда жарық көрген Әлихан Бөкейхановтың «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты мақаласы, «Семипалатинские Областные ведомости» газеті, Николай Коншиннің «Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведения» мақаласы және “Сельско-хозяйственный Обзоръ Семипалатинской области за 1914 годъ” атты статистикалық ғылыми зерттеу еңбек жайында құнды деректермен бөлісті.
«Абай және оның орыс достары» турасында кітапхана қызметкері Толқын Орашқызы кітапхана қорында сақталған мәліметтерден өлкетанушы, Абайдың орыс достары Е.Михаэлис, Н.Коншин, С.Грос, А.Леонтьев, Л. Лобоновский жайында маңызды мағлұматтар берді.
Шара барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, танымдық шара шағын сұхбатпен өрілді. Шараға қатысушы Дәулет Серікұлы данышпан ақынға арнаған өлеңін оқып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. №87 жалпы білім беретін мектептің ұжымы өз алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта шығармашылық байланыста болатындығын жеткізді.