Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Жетістіктер: кең көлемді кітап көрмесі
11 наурыз күні Абай атындағы кітапханада «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Жетістіктер» тақырыбында еліміздің тәуелсіздік алған сәтінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы туралы еңбектері және тәуелсіздік жылдарында баспадан шыққан әдебиет туындыларымен қамтылған кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің басты мақсаты: ата – бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау, тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясаты мен ерен еңбегі арқасында еліміздің жеткен жетістіктері мен рухани игі өзгерістер белесін көпшілікке таныту.
4 бөлімнен тұратын көрменің «Тәуелсіз Қазақстан: әлеуметтік-экономикалық даму» атты бөлімінде еліміздің егемендікке жету жолы, мемлекет құру, экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, ынтымақшыл ел жасау жолындағы қасиетті тарихымыз туралы әдебиеттер ұсынылды. Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі», М. Қасымбеков «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» , «Тәуелсіз Қазақстан күннен күнге: Оқиғалар хроникасы» 2 томдығы, М. Қозыбаев «Киелі тәуелсіздік», Қ. Сұлтанов «Елбасы және қазақ мемлекеттігі» т.б. кітаптары қойылды.
«Тәуелсіздіктің символы – Елорда» бөлімінде Тәуелсіз Қазақстанның символы – Астананың өмірге келуі, Қазақстанның жаңа тарихының ең бір қиын да жарқын сәттерін баяндайтын әдебиеттер қатарында «Еуразия жүрегінде» атты кітабынан бастау алып, «Астана – Қазақстанның жүрегі», «Қазақстанның жеті кереметі», «ХХІ ғасырдың Астанасы», «Астана» атты суретті кітаптар орналасқан.
«Қазақ елі және мәдени мұра» бөлімінде тәуелсіздік алған жылдардан бастап, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан еліміздің мәдениеті, әдебиеті, қазақ фольклорына байланысты кітаптар ұсынылды. «Қазақ музыкасы», «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы», «Тарих адамзат ақыл-ойының қазынасы», «Бабалар сөзі» сериясы бойынша шыққан кітаптар қойылды.
Ш. Елеукенов «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде», Балтабаева Г. «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының көркемдік әлемі», А. Ісмақованың «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттану», Ш.Елеукеновтың «Әдебиет – тәуелсіздік қаруы» және жас ақын-жазушылардың шығармалары «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасы мен поэзиясы» атты бөлімге жасақталды.
Кітапхана мамандары Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылда жеткен әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы, халықаралық қатынастарының дамуына шолу жасап, Тәуелсіз Қазақстанның әдебиеті мен мәдениетіне тоқталды.