Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы: бейнелекция
Ағымдағы жылдың 6 қазан күні ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен Бұхар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейі директорының орынбасары Әбенова Мағзия Қайырбекқызымен «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы» тақырыбында Zoom платформасында бейнелекция өткізді.
Эфирді қонағымыз Мәшһүр атамыздың жалпы шығармашылығы, пәлсапасы біз әлі толық зерттеп бітпеген, тереңіне толықтай үңіліп көрмеген түпсіз тұңғиық әлем екенін айтып бастады.
Қазақтың белгілі ақыны, фольклоршы, тарихшы, этнограф Мәшһүр-Жүсіп әкесі Көпейдің 42 жасында, шешесі Ұлбаланың 18 жасында, Баянауылдың Қызылтау деген жерінде 1858 жылы, ережеп айында, жұма күні дүниеге келген. Туғанда азан шақырып койылған есімі – Адам-Жүсіп. Кейіннен 9 жасында қисса-дастандарды айтып Мәшһүр атанғанын, және әкесі Көпжасардың жастайынан жетім өсіп, он үш жасында сауда-саттықпен айналысатын көпестердің жұмысын жасап еңбек етіп, орыс, араб тілдерін меңгергенін тілге тиек етті.
Көпжасар атамыз орысша, арабша хат танитын, білімді, сыйлы адам болғандықтан халық еркелетіп Көпей деп атаған, және Мәшһүр атамыздың тегінің Көпейұлы болып сақталуыда осыдан екен.
Көпей баласы Адам-Жүсіп үш жасқа толған жылы қыста жұт болып бүкіл жиған мал-мүлкінен айырылып, осы баламның ертеңі мал-дүниеде ме десем, баламның болашағы ғылым-білімде екен деп, Адам-Жүсіп бес жасқа толған шағында Баянауылдағы Нәжімеден деген сопы, білімді молдаға оқуға береді. Осыдан Мәшһүр-Жүсіптің үлкен өмірге қадамы басталғаны, 10-15 жасынан бастап-ақ өлең жазып, хат жазарлық болғаннан-ақ халық әдебиетін ел аузынан да, қағаз бетінен де жинаумен айналысқаны, араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін үйреніп, өзбек, тәжік және т.б. тілдерді де біліп, әдет-ғұрпын түсініп, көптеген ғылыми кітаптармен танысқанын қонағымыз дәрісіне арқау етті.
Мәшһүр Жүсіптің үш кітабы: “Сарыарқаның кімдікі екендігі”, “Хал-ахуал”, “Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз” атты туындылары, ел арасынан: “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Көкше”, “Ер Сайын”, “Нәрікұлы Шора батыр”, т.б. тәрізді батырлар жырында, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Алтынбас-Күмісаяқ” т.т. лиро-эпостық жырларды да, сондай-ақ “Киік”, “Бозторғай”, “Дін үйренетұғын” тәрізді басқа шығармаларды да жинағаны жайында көптеген деректер ұсынылды.