Драматургия: оқырмандар конференциясы
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы 2021 жылдың 26 қазанында Шәкәрім университетінің филология факультетінің оқытушысы, профессор Тоқсамбаева Айман Омарқанқызымен бірге «Бір ел-бір кітап» акциясына аясында бекітілген 30 кітаптың ішіндегі драматургия жанры бойынша осы топқа енген қаламгерлердің шығармаларына талдау жасады.
Аталмыш акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу.
Конференция барысында Кя-903с тобының студенттері белсенділік танытты. Ең әуелі осы топтың студенті Жумаканова Еркежан Рахымжан Отарбаевтың тарихтағы табандылық пен тамырдағы тектілікті ұштастыра отырып, адам мен қоғам, тұлға мен тобыр тартысқан замана шындығын бүкпесіз суреттеген «Айна-ғұмыр» жинағына шолу жасаса, Кожагулова Жаннұр талантты жазушы, дарынды драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығынын иегері Думан Рамазанның «Пешене» пьесалар жинағының мазмұнын ашты. Іс-шарамыз әрі қарай прозасы, әсіресе шағын әңгімелері оқырманға жақсы таныс Мәдина Омарованың «Көмбе нанның дәмі» жинағына жасалған Ажикенова Зареманың баяндамасымен жалғаса келе, Сәлімхан Халида мен Орынбекова Әйгерімнің бірігіп баяндаған белгiлi жазушы-драматург Д. Исабековтiң соңғы жылдары жазылған пьесалары енгiзiлген «Жеті желкен» жинағы қалың оқырманның қызу талқылауына түсті. Шараның шарықтау шегі Нұрбек Дана жасаған Сая Қасымбектің еліміздің ілкі заманнан басынан кешiрген тарихи кезеңдері мен бүгінгі күні қоғамда қалыптасқан қақтығыстарға, замандастарымыздың шынайы бейнесін көрсететiн тартыстарға толы рухани өміріміздің өзегін өрнектейтін «Жанталас» шығармалар жинағы болды.
Конференция соңында Айман Омарқанқызы мен модератор Қуандық Кенжебекұлы әр автордың шығармасы бойынша пікірлерін білдіріп, қатысушы оқырман баяндамалардан түйген ойларын ортаға салды. Жалпы әдеби әлемде драматургия саласының алатын орыны мен оның прозадан ерекшелігі айтылып, жоғарыда көрсетілген пьесаларды алдағы уақытта толықтай оқып шығуды жас буынның еншісіне қалдырып жиынымызды аяқтадық.