Абай және кітапхана: онлайн-лекция
Абай атындағы кітапханада Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Кривощёково ауылы орта мектебінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Тасмағанбетов Ермек Сәбитұлы мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абдрахманова Гүлмару Рамазанқызының ұсынысымен «Абай және кітапхана» тақырыбында онлайн-лекция ұйымдастырылды. Шараға Абай шығармашылығы мен дана ақынның қайраткерлік тұлғасына қызығушылық танытқан аталған мектептің 8-10 сынып оқушылары қатысты.
Кітапхана директорының орынбасары Г.М.Аязбаева Абай есімімен тығыз байланысатын кітапхана тарихы мен сирек қорымызда күні бүгінге дейін сақталған Абайдың қайраткерлік тұлғасын көрсететін басылымдар туралы құнды ақпарат беріп, лекция оқыды. Атап айта кетсек, Семейдің қоғамдық кітапханасының қазына қорындағы XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Семей шаһарында ұйымдастырылған Семей облыстық Статистикалық комитеті мен Бастауыш білім беру қоғамының, Императорлық Орыс Географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің «Запискилері» мен «Памятная книжкаларындағы», «Есептеріндегі» және «Семипалатинские Областные Ведомости» газетіндегі 1894-1937 жылдары жарық көрген асыл жәдігерлер кемеңгер Абайдың туған елінің мұңы толғантқан қоғам қайраткері ретінде бейнесін ашып көрсетеді.
Соның айқын айғағы – Облыстық статистика комитетінің 1897 жылғы «Памятная книжка» басылымының «Адрес календарь» атты үшінші бөліміндегі деректер ғұлама ақынның көзі тірісінде-ақ жазылып, «Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы 1886 жылдың 4 мамырынан Семей Облыстық Статистикалық Комитеттің толық мүшелігіне» тіркелгенін растаса, 1900 жылғы басылымда Абай Құнанбайұлының есімі Семей Облыстық Статистикалық Комитеттің тұрақты мүшесі деген ақпарат енген.
Онлайн-лекция соңында қатысушылар Абайдың қайраткерлік тұлғасын көрсететін басылымдардың электронды нұсқасын сұрап, алдағы уақытта да Абай шығармашылығы мен сирек басылымдарға байланысты онлайн-лекция ұйымдастыруымызды өтінді. Екінші жыл Абай Құнанбаевтың шығармаларын насихаттауда ғылыми жобамен айналысып жүрген, биылғы «Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев шығармаларының Instagram желісінде танымалдылығы» тақырыбымен жұмыс жасап жатқан аталған мектептің 10 «А» қазақ сыныбының оқушысы Баян Әмина шара барысында құнды құжаттармен танысып, маңызды ақпараттарға қанық болғандығын жеткізді.
Қатысушыларға Абайдың қайраткерлік тұлғасын көрсететін басылымдардың электронды нұсқасын Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасының қорынан ала алатындығы туралы ұсыныс жасалды.