Серікбол Қондыбайұлы қазақ мифологиясының негізін қалаушы: онлайн-дәріс
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы 18 қаңтар күні Маңғыстау облысы Шетпе ауылындағы Серікбол Қондыбай атындағы музеймен және Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасымен бірлесіп «Серікбол Қондыбайұлы қазақ мифологиясының негізін қалаушы» тақырыбында бірлескен онлайн-дәріс өткізді.
Шарада ғұмырының жартысын қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға арнап, сүбелі үлес қосқан және түбегейлі зерттеуде зор еңбек еткен қазақтың өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалымы Серікбол Қондыбайұлының қалдырған мұралары туралы мол ақпараттар берілді.
Маңғыстау облысы Шетпе ауылындағы Серікбол Қондыбай атындағы музей директоры – Р.Қ.Бердиева слайд және бейнематериалдар арқылы қатысушыларды музейдегі Серікбол Қондыбайұлының өмірімен, шығармаларымен, жеке заттары және қазақ мифологиясы хақындағы құнды еңбектерімен таныстырды.
С.Қондыбайұлының қалдырған рухани мол мұрасы жайында заманымыздың заңғар жазушысы атанған Әбіш Кекілбаев: “Арамыздан ерте кеткен талантты ғалым Серікбол Қондыбай – ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыс. Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салғастыра зерттеп, түріктану мен қазақ тануға мейлінше үлес қосты. Отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастап берді. Ол қалдырған мұраның деректік, пайымдамалық құндылықтары мен мәнділіктерін зерделеу – осы заманғы ұлттанудың қалыптасуы мен кемелденуіне оң ықпал етері сөзсіз. Бұл саңлақ таланттының саяқ зерттеушілік ізденістеріне, ерек елжандылығы мен еңбексүйгіштігіне таң қалмасқа шара жоқ!.. Арманда кеткен азаматтың жер бетіндегі ізі суымай жатып, ол қалдырған еңбектердің сиясы кеппей тұрып ғылыми сарапқа түсуі – аса сүйінішті жағдай”- деген болатын.
Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасының маманы А.С.Серіков ерекше дарын иесі С.Қондыбайұлының әр жылдары жарық көріп, оқырмандардың, ғалымдардың қызығушылығын тудырып, қолдауына ие болған «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Маңғыстау географиясы», «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі», «Есен-қазақ», «Маңғыстаунама», «Жауынгерлік рух кітабы», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Эстетика ландшафтов Мангистау» сынды ғылыми еңбектерімен таныстырды.
Шара соңында, екі жақты шығармашылық байланыста болуға уәделесіп, қатысушалыр тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.