Алаштың ардақ ақыны: онлайн-лекция
Биыл ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 130 жыл толады. Осыған орай Абай атындағы кітапханада «Алаш» жобасы аясында ZOOM платформасында «Алаштың ардақ ақыны» тақырыбында онлайн-лекция ұйымдастырылды. Шараға қатысқан Абай облысына қарасты кітапхана мамандарына профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің иегері Арап Слямұлы Еспенбетов лекция оқып,
небәрі 27 жас өмір сүрсе де артына мол мұра қалдырған қаламгердің өмірі мен қоғамдық қызметі және шығармашылығы туралы деректі ақпаратты ұсынды.
Өз заманында аса адал би болған Торайғыр бидің баласы Сұлтанмахмұттың ауыл молдасынан хат танығандығы және оның бойындағы дарынды байқаған Мұқан мен Нұрғали сынды ауыл молдалаларының берген кеңестері жайлы баяндады. «Айқап» газетіне жарияланған өлеңдері мен журналдың бас редакторы болған Мұхамеджан Сералинмен танысуы, Троицк қаласында оқып жүрген кезеңі, «Айқап» журналынан аластатылуы туралы ақпарат берді.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кітапхана ашсам, жастарды оқытуға қаражат тапсам, жазушылар шығармашылығын жарыққа шығарсам деген армандары жайлы айтылды. 1914 жылы Семейге келгендігін, Катон Қарағайдағы Әбдікәрім Ережеұлымен танысып, 1 жылдай сабақ бергендігін, Зайсанда Троицкіде бірге оқыған Мұқашқа барғандығын, Тарбағатай жерінде болып көпті білетін Құрбанқажы қартпен дидарласқандығығын тілге тиек етті.
Томск институтында сабақ беретін Әлімхан Ермековпен кездесуі, патша үкіметі құлағаннан кейін екеуінің Семей жеріне келіп, Алаш партиясының жұмысына араласқандығын таныстырды. Семейде Алаш қайраткерлерімен кездесіп, «Алаш ұраны» өлеңін жазғандығы, 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде «Әлекеңнің Семейге келуі» мақаласын жариялағандығы, М.Әуезовтің ұсынысымен Абай жеріне барып, қымыз ішіп емделгендігі туралы берген ақпараты қатысушылар үшін маңызды дерек болды.
С.Торайғыров Семей жерінде болғанда «Социализм» мақаласы мен «Таныстыру» поэмасын жазғандығын туралы айтты. Өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін жабық болып келген «Таныстыру» поэмасының мазмұны мен мәні туралы айтып, Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халел Ғаббасов және т.б. қайраткерледі таныстырып суреттегендігі жайлы баяндады.
Семейден өз еліне барғаннан кейін жазған «Кедей», «Айтыс» поэмаларының мазмұнын ашып, «Айтыс» поэмасының ақынның денсаулығына байланысты аяқталмай қалғандығы туралы ақпарат берді.
Өкінішке орай, ақын қолжазбаларының бізге жетпегендігі, басылым беттерінде жарияланған шығармалары мен үш түрлі фотосуретінің ғана сақталғандығы, сұлтанмахмұттану мәселесі әлі де зерттеуді талап ететіндігі жайында баяндады.
Шараға қатысқан Абай өңірінің кітапханашылары ақын шығармашылығына қатысты қойған сұрақтарына жауаптарын алды.