Сыры жұмбақ Бөрітостаған: онлайн-лекция
15 маусымда Абай атындағы кітапхана Ақсуат аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлесіп, ZOOM платформасында «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында, педагогика саласы бойынша іскерлік әкімшілік докторы, эколог, өлкетанушы Құттыбаев Ержан Кәрібайұлымен «Сыры жұмбақ Бөрітостаған» тақырыбында онлайн-дәріс өткізді.
Шара алдында онлайн-лекция жүргізушісі Ержан Кәрібайұлының өмірі және қызметімен қысқаша таныстырып өтті.
Шара барысында Ақсуат ауылынан 45 шақырым жерде орналасқан Бөрітостаған тасының пайда болуы тарихы туралы ақпарат берді. Елден елге жеткен ғажап тас жөніндегі таусылмас әңгіме аңыз өте көп. «Ертеде Тарбағатай тауларының бірінде ірі денелі алып кейуана өмір сүріпті. Бір күні алып ана отарлы қойын жазыққа жайып қойып, терең ойға батып, ұршығын иіріп отырғанда, қарайған қасқырды көреді. Отарына да, өзіне де тыным бермеген көк бөрілерге әбден зығырданы қайнаған алып кемпір иіріп отырған ұршығының тасын лақтырып, қасқырларды үркітіп жіберіпті-міс. Осы Бөрітостаған сол алып кемпірдің ұршығының тасы екен». Бұл ең алғашқы болжам, ел жадындағы аңыз. Ерекшелігі сол – бұл тас басқа таулардан бөлек, жазық далада жатыр. Бөрітастағанның ұзындығы 250 метрден асса, ені 10 метрден асады екен. Ал биіктігі төрт қабатты ғимаратпен тең деседі.
Сонымен қатар, Ержан Кәрібайұлы 1995-96 жылдары осы Бөрітастағанның тасын алып, Алматыда өткен ғылыми-практикалық конференцияға барып, білгір мамандармен сұхбаттасқанын тілге тиек ете отырып, ондағы мамандардың көпшілігі бұл – кәдімгі тау жынысы деген тоқтамға келгенін атап өтті. Шара соңында қатысушылардың сұрақтарынына жауап беріп, «Бөрітостаған – табиғаттың сыйы. Оны әлі де зерттеп, қажет болса, жартастың дәл қасында ғылыми басқосу өткізіп, «табиғи ескерткіш» статусын әперуге де болады. Қазақстанның жеті кереметінің қатарында тұрса да, артық емес» деген ойын айтты. Киелі мекендерімізді танып білу, өскелең ұрпаққа берері мол үлкен қазына.