Алаш зиялыларының ұлттық тарихқа көзқарастары: онлайн-дәріс
2023 жылдың 30 қарашасында Абай атындағы облыстық кітапханада «Алаш» жобасы аясында ZOOM платформасында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Бейсенбекова Нұрсахан Ахметқызымен «Алаш зиялыларының ұлттық тарихқа көзқарастары» тақырыбында онлайн-дәріс ұйымдастырылды.
Эфир қонағы шараны Әбілқайыр ханның заманыңда болған «Аңырақай шайқасынын бастап», қазақтар мен жоңғарлардын арасындағы шапқыншылық тарихына тоқталды. Әбілқайыр ханның орыс империясына қосылу себептерін айтып өтті.
Алаш зиялыларының ішінде қазақ тарихына қалам тартқан авторлардың еңбектеріне тоқтала келіп, Санжар Асфендияров пен Мұхамеджан Тынышпаевтың қазақ тарихы туралы жазған еңбектерінде көп үндестік барын тілге тиек етті.
Алаш қайраткерлерінің көтерген мәселелерінің бірі – жер мәселесі болды. Бұл мәселені көтерген: Т. Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтар екенің айта келіп, Т.Шонановтың 1926 жылы жазған «Жер тағдыры – ел тағдыры» атты мақаласындағы Қазақ жерінің мәселесін кезең-кезеңге бөліп, сол замандағы қиындықтардың, осы замандада шешімін таппай келе жатқанына көңілі толмайтынын білдірді. 1896-1903 жылдары Семей, Ақмола, Торғай облыстарын зерттеген «Щербина экспедициясының» жұмысы туралы жазған Ә.Бөкейхановтың еңбегіне тоқталып өтті. Алаш зиялыларының жер мәселесі, дін мәселесі, білім беру, тіл мәселесі туралы «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында басылып шыққан мақалаларын дәрісіне арқау етті.
Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсыновтың «Тағы да народный суд хақында», «Уақ қарыз», «Ауру жәйында» деген мақалаларындағы көтерілген мәселелер бүгінгі күні де өзекті мәселе болып тұрғандығы туралы әңгімеледі.
Қорыта айтқанда Алаш азаматтары қазақтың жоғын жоқтап, қайтсек қазақты дамытамыз деп жүріп, істеген еңбектеріне шолу жасап шықты. Онлайн-кездесудің соңында Нұрсахан Ахметқызы кітапханада Алаш зияыларының еңбектерін насихаттау үшін: «Алаш зиялыларының отандық тарихқа көзқарасы», «Щербина экспедициясының жүріп өткен жолы» (карта), Алаш қайраткерлерінің мақалаларының тізімін жасап, іліп қоюды ұсынды.