Ақтангер жыры: әдеби кеш
14 желтоқсан күні Абай атындағы кітапханасының ұйымдастыруымен Халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтың 135 жылдығана орай «Ақтангер жыры» атты әдеби кеші өтті.
Кештің басы кітапхана қызметкері Медет Ерсінұлының Халық ақыны Сапарғали Әлімбетов жайлы шолумен бастау алды. Одан әрмен қарай бүгінгі кештің арнайы қонағы ф. ғ. кандидаты, доцент Иманжаппар Мұрат Тілегенұлының «Абай әлемі» сериясымен жарыққа шыққан Сапарғали Әлімбетовтың өмірі мен шығармашылығы жайында баяндамаға кезек ұсынылды.
Сөзінің басын ғылыми десертациясына тақырып етіп алуына бірден бір себеп ұстазы Арап Слямұлының нұсқауы болғанын айтып бастады қонағымыз. Соңында іздеушісі жоқ, жетім өскен ақынды зерттеуді алдына мақсат етіп қойып, ауыл-ауылды, ел мен жерді, талай мұрағатты көп ақтарғанын айтты.
Сапарғали жасынан ойы жүйрік, сөзге ұста адам болған. Туып өскен ауылы мен өлкесіндегі ойын-тойдың шырайын кіргізетін серілігі тағы бар деседі. Замандастары Төлеу Көбдіковпен, Нұрлыбек Баймұратовтармен қатар жүрген өлең саңылағы. Абайдың дәстүрлі ақындық мектебінің жолын жалғастырушы. Тірлігінде өзі Абаймен жолықпасада, Абайдың көзін көрген ақындармен қатар жүрген дейді.
Осы орайда жыршы Бөлтірік Молдашұлының ақынның атақты шығармаларының бірі «Төрт кісен» жырын экран арқылы барлық көрермендерге ұсынылды.
Сапарғали Әлімбетовтың танылуына, өлеңдерінің газет беттерінде жариялануына себеп болған Ілияс Жансүгіров екен. Ауыл-аймақтардағы өлең майталмандарын елге таныту мақсатында Семей облысына келген Ілияс Сапарғали ақынның жырына тәнті болып, Алматыға жазба нұсқаларын алып барып, газет беттерінде жариялаған екен.
Осы кеш барысында Мұрат Тілегенұлынан Сапарғали Әлімбетов жайлы көптеген мәліметтерге қанық болдық.
Кештің көркі «Әміре Қашаубаев» атындағы филормонияның күміс көмей әншісі Айдан Бауыржанұлының ән шашуымен әрлене түсті.
Шара соңында Мұрат Тілегенұлы ақынды зерттеу барысында аталмыш кітапхананың көп көмегі болғанын, сирек қор бөлімінен алған дерегінің пайдасы тигенін атап өтіп, Абай атындағы кітапхана ұжымына шексіз ризашылығын білдіріп, өзінің кітап қорынан «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жас зерттеушілердің жинағын, өзінің «Әдеби өлкетану: Жарма өңірінің ақын-жазушылары» кітабын және Балтабай Әбділғазиұлының «Шәкәрім: дәстүр және көркемдік» кітабын сыйға тартты.