Кітапхана оқырмандарының сұраныстарын талдау
2014 жылдың ақпан-наурыз айларында Абай атындағы кітапхана оқырмандар арасында “Оқырмандар сұраныстары” тақырыбында әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеудің басты мақсаты оқырмандардың кітапхана қоры мен кітапханалық қызмет көрсетуіне қанағаттанушылық деңгейін анықтау болды.
Сауалнамаға 186 адам қатысты, олардың ішінде әр саладағы қызметкерлер, үй шаруасындағы әйелдер, колледждер мен ЖОО студенттері болды. Сауалнама кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі, оқу залы, шетел әдебиеттері бөлімі және өнер бөлімінде жүргізілді. Зерттеудің нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың едәуір бөлігі, 32,8%-ы кітап оқығанды ұнататындығы анықталды.
Сауалнама сұрақтары ішінде «Біздің кітапхана қорының қай бөлімдері жаңартуды қажет етеді?» деген сұрақ та болды. Бұл сұраққа 43 адам (23,1%) «тарих, экономика, құқық, педагогика» деп белгілесе, 33 адам (17,7%) – «философия, психология туралы басылымдар» деп жауап беріп, ал 29 адам (15,6%) – «техникалық ғылымдар туралы кітаптар» деген жауапты таңдаған. «Сіздің ойыңызша, біздің кітапханада қандай басылымдар жеткіліксіз?» деген сұрақ сауалнамадағы тағы бір өзекті сұрақ болды. Бұл сұраққа 31 адам (16,7%) – «ғылыми-көпшілік басылымдар» десе, 38 адам (20,4%) – «тәжірибелік анықтамалар мен оқу құралдары» деген жауапты көрсетіп, 45 адам (24,2%) – «компакт-дискілер» деген жауапты таңдаған екен.
Сауалнама нәтижесінде оқырмандардың кітапханада Интернет арқылы ақпарат іздеу қызметі, оқу залында ашық қолжетімділік, WI-FI, электронды басылымдарды үйге беру сияқты жаңа қызметтерді көргілері келетіндігі анықталды. Сонымен қатар оқырмандар кітапхана ғимаратында асхана мен Интернет-кафе ашу сияқты ұсыныстар жасады.
Кітапхана оқырмандарының ойынша, біздің кітапханадан ақпарат іздеуге бірнеше мәселелер кедергі келтіреді екен. «Электронды каталогқа еркін қолжетімділіктің болмауы» деген жауапты сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі, яғни 88 адам (47,3%) таңдаса, 54 адам (29,0%) – «ашық қолжетімділікке бейімделу қиын» деп белгілеген. Сауалнамаға қатысқандардың 23,1%-ы (43 адам) – «каталогтар және картотекамен қолдана алмау» деп жазса, 8,1%-ы (15 адам) – «кітапхана қызметтері туралы ақпараттың жетіспеуі» деген жауапты таңдады.