Нақты тұрағы жоқ жандар үшін кітапхана: акция
24 мамыр күні Абай атындағы кітапхана қызметкерлері «Тәуелсіздік мерейтойына – 25 игі іс» акциясы шеңберінде Семей қаласындағы тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғаларға арналған бейімдеу орталығында «Нақты тұрағы жоқ жандар үшін кітапхана» акциясын өткізді.
Бұл акцияны ұйымдастыру тұрғындар арасында «Жақсылық жаса!» акциясын өткізгеннен кейін мүмкін болып отыр. Шараның мақсаты: қоғамда орын алған өзекті мәселелердің шешілуіне ат салысу, орталық тұрғындарының әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру және ақпаратқа қолжетімділігін арттыру. Орталықтың директоры Садуақасова Салиха Өмірзаққызы біздің акция жөніндегі ұсынымызға ерекше түсіністікпен қарап, қолдау көрсетті.
Мекеме басшысы орталықтың тұрғындары негізінен көп оқитындықтарын, өзара оқыған кітаптарын талқылайтындықтарын жеткізді. Орталықтың тұрғындары біздің апарған кітаптарымыздың мазмұнын, шықан жылдарын қарап ерекше көңіл-күймен қабылдады. Орталықтың тұрғындары Ляляк О.Н., Скворцов В.И. кітап-ең асыл қазына екенін айтып, кітапхана қызметкерлеріне өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді. Ал, кітапханашы Сынников А. орталықтың кітапханасына әртүрлі ғылым саласындағы қазақ және орыс тілдеріндегі 48 дана кітап пен оқырман формулярын, карточкалар, бөлгіштер қабылдап алды. Акция шеңберінде негізгі тұрағы жоқ азаматтарға тек кітап сыйлап қана қоймай, сондай-ақ, әдеби сағаттар өткізіп, тегін фильмдер көрсету жоспарланған болатын. Шара соңында тұрғындардың нақты өтініштері тыңдалып, аталмыш акция әлі де өз жалғасын табатындығы айтылды.