Кітапханаға саяхат: бейне – экскурсия
Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Семей қаласының ішкі саясат бөлімімен бірге «Тәуелсіздік мерейтойына – 25 игі іс» акциясы шеңберінде 26 мамыр күні Семей қаласындағы ОВ 156/15 мекемесінде Абай атындағы кітапханаға бейне -экскурсия өткізіп қайтты.
Мекеме басшылығының айтуынша, мұндай кездесулер бәрінен бұрын сотты болғандар үшін аса қажет. Осындай мәдени іс-шаралардың көмегімен олар өмірдің тоқтап қалмағанын, әлі де ештеңе жоғалтпағанын түсінеді. Кітапхана қызметкерлері жазасын өтеп жатқан жандармен кездесіп, мекеменің акт залында қазіргі қайнап жатқан мәдени өмір, кітапхананың заманауи қызмет бағыттары жайында ақпараттар берді. Іс-шара барысында бір кездері аяқтарын шалыс басып, енді түзелуді алдына мақсат етіп қойған адамдарға шынайы рухани қолдау ретінде, темір тордың арғы жағындағы тыныс-тіршіліктен, мәдени өмірден ақпараттар беретін слайдтық көрсетілім ұсынылып, шолу жасалды. Сонымен қатар кітапхананың әр кездері оқырмандары болған қоғам және мәдениет қайраткерлері Қ.Сәтпаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сәрсеке, Т.Рахимов т.б. шығармашылығынан кең түрде ақпараттар ұсынылды. Сонымен қатар кітапхананың сирек басылымдар қоры және заманында Абай оқыған кітаптар мен мерзімді басылымдар туралы «Абай және кітапхана» атты бейнефильм көрсетіліп, кітапханаға бейне- саяхат жасалды.