Шұбартау тарихы: кітаптың тұсаукесері
8 маусым күні Абай атындағы әмбебап кітапханасында Шұбартау ауданының тарихына арналған, өлкетанушы Клим Төлемісұлының «Шұбартау тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтіп, кітапхананың өлкетану қоры тағы бір құнды кітаппен толықты.
Клим Төлемісұлы Шұбартау аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Айғыз ауылы, Калинин атындағы совхозда партия комитетінің хатшысы, Шұбартау ауданы Горный совхозының директоры қызметтерін абыроймен атқарған. Демалысқа шыққаннан кейін мағыналы өмір тәжірибесін кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында жер және ата-бабалар тарихы туралы шежіре жазып, нәтижесінде бүгінгі таңда автордың 7 кітабы жарық көріп, оқырмандарына жол тартты.
Шара барысында алаштанушы, қаламгер С.Тәбәріков, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының директоры Б. Жүнісбеков, Халық ағарту ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент М. Мұхамадиұлы, Семейдің облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Ш.Садықова, білім саласында талай жыл қызмет еткен О.Төртенов, «Қазақстан-Семей» телеарнасының шеф-редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Э.Жүрсінбекқызы кітап туралы өздерінің пікірлерін білдірді. Аталмыш шарада Абай театрының актері, әнші А. Нұрқамысов, «Самұрық» триосы және М. Дулатбаев әнмен шашу шашты.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнайы жазылған «Шұбартау тарихы» кітабы – жергілікті халықтың өткен тарихын барынша қамтып, ел үшін қызмет еткен ерлерінің қилы-қилы тағдырын шынайы көрсете білген, бірден-бір құнды қазына. Кітап тұсаукесерінде «Жондағы Жобалай елінде» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, Шұбартау өңірінен шыққан ақын-жазушылардың шығармалары қойылып, шолу жасалды.