1905-1907 жылдардағы бiрiншi орыс революциясының қазақ даласында ұлт-азаттық қозғалыстың бел алып өрiстеуiне айтарлықтай ықпалын тигiзген аласапыран жылдар болды. Нәтижесiнде, 1905 жылы Семей губерниясына қарасты Қарқаралы қаласына таяу Қоянды жәрмеңкесiнде Алаш көсемi Ә.Бөкейхановтың басшылығымен тұңғыш қазақ съезi болып өттi. Онда патшалық Ресейдiң отарлық езгiсiне қарсы күштi наразылық бiлдiрген қазақ қоғамының бiрнеше баптардан тұратын басты саяси талап-тiлектерi айтылды. Ал, «Қарқаралы петициясы» деп аталатын бұл саяси құжаттың авторлары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақпаев сынды ұлт зиялылары болды. Осы орайда, «Қарқаралы петициясына» қатысы бар» деген күдiкпен Ә.Бөкейханов алғашқыда Кереку, одан кейiн Омбы түрмелерiне қамалған едi. Алайда, ол 1906 жылы патшалық Ресейдегi I Мемлекеттiк Думаға сайлау науқаны кезiнде Семей облысы қазақтары атынан депутат болып ұсынылады. Сөйтiп, депутаттық мандатқа ие болған Ә.Бөкейханов түрмеден босатылып, Семейде өз сайлаушыларымен кездесу жиынын өткiзедi.
1905-1907 жылдардағы Әлихан Бөкейхановтың Семей өңiрiндегi қоғамдық-саяси қызметi оның халық депутаты, қазақ кадет партиясы басшыларының бiрi ретiнде Петерборға I Мемлекеттiк Думаның жиынына аттануымен аяқталып, одан ары қарай жаңағы Мемлекеттiк Думаның тарауы және Финляндияның Выборг қаласындағы «Выборгское воззвание» деген үлкен саяси оқиғаларға қатысуымен жалғасады. Алайда, ел өмiрiндегi осындай күштi саяси толқуларды басып-жаныштауға байланысты жергiлiктi патша өкiметi органдары тарапынан Алаш ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерiн қайта қуғындау басталады. 1908 жылы Әлихан Бөкейханов екiншi рет тұтқындалып, Семей түрмесiне қамалады.
Әлихан Бөкейхановтың Семейдегi саяси қызметiнiң ең бiр маңызды кезеңi 1917 жылғы патшалық Ресейдегi ақпан төңкерiсiмен тiкелей байланысты болып келедi. Ә.Бөкейханов ақпан төңкерісінен үлкен үміт күткен еді. Бірақ үміті ақталмады: Уақытша үкімет, оның ішінде кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия бергілері келмей, жалтарды. Оның үстіне, кадет басшыларымен ол жер мәселесі, шіркеуді үкіметтен бөлу және басқа көкейкесті мәселелер бойынша ымыраға келе алмай, партия қатарынан шығып кетеді.
1917 жылы желтоқсан айының 5-13-ы күндерi Орынборда өткен екiншi жалпықазақ съезiнде Алашорда үкiметi құрылғаны жарияланып, ал Алашорданың уақытша тұратын орны Семей қаласы болып белгiлендi. Семей ол кезде ұлы гуманист-ағартушы Абай және озық ойлы, прогресшiл көзқарастағы орыс демократтары Достоевский, Михаэлис, Долгополов, Коншин, т.б. мұрасы мен тағлымынан ғибрат алып, рухтанған қазақ зиялыларының үлкен бiр тобы бас қосып жиналған елiмiздiң үлкен мәдени-рухани орталығы болды.
Осы жылдары Семейде Алашорда үкiметiнiң ақ туын көтерген Әлихан, Ахмет, Мiржақып бастаған Мұхаметжан Тынышпаев, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков, Жүсiпбек Аймауытов, Тұрағұл Абайұлы, Ахметжан Қозыбағаров, Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Мұхтар Әуезов, Әбiкей және Қаныш Сәтпаевтар, Ыдырыс Мұстамбаев тәрiздi тағы басқа ұлт зиялылары жан аямай қызмет еттi.
1917 жылдан 1927 жылға дейiнгi он жылға жуық уақыт аралығында Семейдiң бұрынғы «Заречная Слободка» деп аталатын бөлiгi Алаш қаласы болып аталып келдi. Тек, 1927 жылдың 15 қыркүйегiнде барып Семей қалалық кеңесiнiң шешiмiмен Алаш қаласы Жаңасемей болып өзгертiлдi.
Әлихан Бөкейханов 1918 жылдан бастап өзiнiң Алашорда үкiметiнiң төрағасы қызметiне байланысты Семейде тұрды. Ол Алашорда үкiметiнiң Ұлт Кеңесi, Семей облыстық кеңесi, облыстық және уездiк Земство басқармалары, Алаш қалалық Думасы мен Алаш қалалық қоғамдық басқармасы тәрiздi болашақ мемлекеттiк басқару жүйелерiн құруға қатысты қыруар iстер атқарды. Сондай-ақ Алаш милициясы мен атты әскер полкiн құруда да елеулi еңбек сiңiрдi.
1920 жылы қазақ автонмиясын құру және оның территориясын белгiлеу жұмысы қаралған комиссияның отырыстары 12, 14, 18, 19-тамызда, яғни, бiрнеше мәрте өтедi. Осыған қарап-ақ, мұнда Сiбiр ревкомы мен Астрахань губерниясының қарауына өтiп кету қаупi туындаған жерлердiң құдай қарасып, Әлiмхан Ермеков мен Ахмет Байтұрсыновтың арқасында қазақтың бас меншiгiнде қалғанын аңғару қиын емес. Соңғы, 24-тамызда өткен қортынды жиында Ленин қаулының дайын екенiн, Әлiмхан Ермековтiң қайта жасалған баяндамасы бойынша заңдастыру қажет екенiн айтып, шешiм шығарады. Әлiмхан өз естелiгiнде Әлихан Бөкейхановтың осы жиыннан кейiн Лениннiң кеңсесiнде қалып қойып, бекiтiлген шекараға тездетiп қол қоюын өтiнген екен. Себебi, сол тұстарда таласқа түсiп жатқан облыстардың жетекшiлерi тағы да ұсыныстар жасап, Сталинге кiрмек ниетте болған көрiнедi. Ұлт көсемi Әлихан осыдан секем алса керек, тезірек заңдастыруға асыққан.
Сонымен, ұлы күрескерлер пәтуаға келген қазақтың жерi 1920 жылдың 26-тамызында «Қырғыз АКСР-iн құру және оның территориясын белгiлеу туралы декрет» деген атпен баспасөзде жарық көрдi.
1919-1920 жылдары жаңа үкіметтің белгілі жарлығы шығып, Алаш партиясының к
өсемдері мен саяси белсенділеріне «кешірім» жасалып, большевикттік қызметтерге жіберіле бастайды. Әлихан «Жалпы Сібір сиезі» атты мақаласында «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкімет» деп сипаттаған большевиктерге қызмет етуден бас тартады. Осы «оппозициялық қылығы» үшін 1920-1922 жылдары оған «буржуазиялық ұлтшыл» деген айдар тағылып, тергеулер жүргізіліп, айлап абақтыда да отырды.
Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың Семей түрмесiнен босап шыққаннан кейін, большевик көсемдері енді оны елінен кетуге мәжбүр етеді. Сөйтіп, 1922 жылдың күзінде Ә.Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады. 1922 жылы Мәскеу қаласындағы Ұлттар істері жөніңдегі Халық комиссарияты жанындағы Орталық баспаның ғылыми қызметкері, 1926-1927 жылдары Ресей Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері қызметін атқарды. 1926-1927 жылдары Ерекше Комитеттің тапсыруымен С.П.Швецов басшылық еткен экономикалық, антропологиялық, этнографиялық экспедициясымен Қазақстанның зерттелмей кенже қалған өлкесі Адай үйезіне, қазіргі Атырау және Маңғыстау облыстарына аттанды. Ол үйездің табиғатын, экономикалық жағдайын, кіші жүз руларының тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын зерттейді. Соңында жиналған материалдарды өңдеп, қорыңдылап, тиянақты ғылыми еңбек жазып, ол еңбегі экспедицияның басқа материалдарымен бірге жарияланады.