«Қазақ арасында ағарту жұмысын жүргізуге бір елдің тұрмыс шартын, одан алынған тәжрибелерді көз алдымызда ұстауымыз керек. Біз, қазақ, ағарту жұмысында әлі жаспыз. Тілегіміздің, ісіміздің күші әлі алдымызда жатыр. Бұл жұмысқа үлгі алу үшін арт жағымызға айналып қарасақ та ешбір тәжірибе, үлгі аларлық тарихи іс көре алмаймыз», – дей келе, тәжірибені орыс педагогтарынан үйренуге шақырады.
Сөйтіп Мәннан Тұрғанбаев педагогикалық пікірлері тәжірибеге негізделген, өмірге орай пайдалы пікірлер болды. Ғылыми мәні бар бұл мақалалар қазақ совет мектебінің құлашты кең жая өркендеп, өсуіне жол сілтеді. (Тәбәрікұлы С. Қайран, Мәннан.- Алматы. Қанағат, 2002.- 159б.).
Мәннан Тұрғанбаев 1917 жылғы сәуір айында өткен Семей облыстық қазақ съезінде комитет мүшесі болып сайланады. Мәннаның «Айқап», «Абай» тағы басқа басылымдарда өзекті ой қозғаған мақалалары жарық көрді. «Абай» журналының 1918 жылғы 2 санында «Ұлтшылдық» мақаласы жарияланады. Ал 1918 жылы Алашорданың атты әскер полкіне қабылданады.
Осы 1918 жылы Семей мұғалімдер семинариясында оқып жүрген жас семинарист Мұхтар Әуезов сол тұста өзі Семейде шығарып тұрған «Абай» журналының №11 санындағы мақаласында: «Ұлт мектебін ашуға қазірде біздің алдымызда қиын асудай үш кедергі тұр. Бірі: бастауыш мектептің бәріне мұғалім жоқтығы; екіншісі: оқу құралдарының жоқтығы; үшіншісі: ілгері оқитын мектептің жоқтығы һәм тез уақытта бола алмайтындығы» деп жазды.
Ұлттық білім саласындағы осындай мәселелерді шешу мақсатында, алғашқыда Семейде Оқытушылар ұйымы (кейбір құжаттарда Қырғыз мұғалімдер одағы немесе бюросы деп те жазылып жүр) құрылып, оған төрағалыққа Мәннан Тұрғанбаев, ал хатшылыққа Мұхтар Әуезов бекиді. Бұл ұйым өз кезегінде ұлт мектептері үшін «Бастауыш мектептегі оқу бағдарламасын» әзірлеп, таратады. Жалпы Семей Оқытушылар ұйымы ұлттық педагог кадрларды даярлау, қазақ мектептерін ашу және олардың жұмысына басшылық жасау, тағы сол сияқты маңызды мәселелерді шешу мақсатында Семей уездік Земство басқармасына жолдаған №221 қатынас қағазында: «Согласно заявления г. председателя Семипалатинской уездной Земской управы, киргизской учительской союз в заседании от 25 ноября сего года постановил делегировать в совет уездного отдела по народному образованию следующих трех своих представителей. Маннана Турганбаева, Каныш Сатпаева, Сейтбаттал Мустафина» дейді.
Семейдің сол жақ бөлігіндегі қазіргі Жаңасемей қаласы 1917 – 1927 жылдар аралығында, он жылға жуық уақыт Алаш қаласы аталып келгені белгілі. Алғашқы қазақ мектептерінің негізі осы Алаш қаласында қаланғандықтан олар ресми тілде Алаш мектептері деген атауға ие болды. Осы мектептерді ашуға Мәннанның сіңірген еңбегі өте зор.
Семей шаһарына оқу іздеп қырдан келген ынталы, талабы зор жас балаларға қол ұшын созып, тікелей көмек беріп, оқуын үзбеуін назарда ұстаған екен. Мысалы, педагогика ғылымының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ Ғылым Академиясының мүшесі, белгілі ғұлама-ғалым, марқұм Ахмади Ысқақовтың айтуынша Мәннан оны өз атына міңгестіріп әкеліп, мектепке орналастырған. Ғабдырәсіл Смағұлов (Семей қалалық аткомын, 20 жыл облыстық кәсіпкерлер одағын басқарған, фабрика жетекшісі болған) сияқты елден оқу іздеп келген баланы құжаттары толық болмаса да оқуға түсіріп, болашағына жол ашқан. Тәнкентке оқуға апарып түсірген жиені Жүнісбек Нұрмағанбетұлы Мәскеуде қызмет істеген тау-кен инженері, ғалым дәрежесіне көтерілген. Жаңа Семейде 35 жылдан артық банк мекемесі меңгерушісі болғанЖолдасбек Жылқыбай да өзін Мәннан ұстаз оқуға түсіріп, шарапаты тигенін ризашылықпен еске алады. Көптеп кездесетін осындай мысалдардан Мәннанның үлкен жүректі, жан-жағына шуақ-нұрын шаша жүретін парасат иесі екені айқын көрінеді.
Мәннан 1919 жылдың маусым айында қайта Орынборға шақырылып, ондағы «Ұшқын» газетінде редакторлық қызмет атқарған, сонымен қатар ол осы жылдары мектеп оқулықтарын да жазады. Сол жылдың күзінде Семейге оралып «Қазақ тілі» атты Кеңес үкіметінің тұңғыш газетін шығарысуға атсалысады.
М.Тұрғанбаев 1920 жылға дейін Ж.Ақпаевпен бірге халық соты кеңесінің мүшелігіне қабылданады. Мәннан да қазақ қоғамының дамуының ең бір күрделі кезінде әлеуметтік революциялар дәуірінде өмір сүрді. Сол дәуірдің қайшылықты сипаттарын да бойына сіңірді. Мұны оның өз қолымен «Қазақ тілі» газетінің №87, 31 октябрь 1922 жылғы санында жарық көрген «Ұмытпадым» деген мақаласы айғақтайды.
Қазақ автономиясы жариялануына байланысты, 1920 жылы Жалпы қазақ кеңестерінің бірінші съезіне Семейден делегат болып Тұрғанбаев сайланады. Ал 1922 жылдан бастап ол халық соты төрағасының орынбасары, әрі қазақ ісі жөніндегі азаматтық бөлімнің меңгерушілік міндеттерін атқарған. 1924 жылы Семей ГубОНОсы (Семей губерниялық халыққа білім беру бөлімі) Мәннан Тұрғанбаевты Оренбург қаласында өтетін ғылыми қызметкерлердің съезіне қатысуға іссапарға аттандырады. Іссапардан келісімен Тұрғанбаевты Семей қаласындағы коммуна мектебінің меңгерушілігіне тағайындап, коммуна мектебін ұйымдастыруға кірісуін талап еткен бұйрық осыған дәлел.
1926 жылдан бастап Мәннан Ә.Ермеков жетекшілік ететін Қарқаралы педучилищесінің оқу бөлімінде ұстаздық қызмет атқарды. 1928 жылы М.Тұрғанбаев Семейге қайта оралды. Келісімен Облыстық соттың орынбасары, кейін қалалық оқу бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарды.
1930 жылдың 4 сәуірінде Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының сот коллегиясының үкімімен М.Тұрғанбаев Семейде қамауға алынып, Қапал түрмесіне айдалады. 1932 жылы оның айыптары дәлелденбегендіктен түрмеден босатылып шығарылады. Бірақ туған жерде тұруына мүмкіндік бермеген соң, 1932-1936 жылдар аралығында Тұрғанбаев Алтай өлкесіндегі Ойрат автономиялық облысының Усть-Кант аймағындағы «Қызыл ұлтшыл» деген қазақтар жинақталған ауылдағы орталау мектепке мамандығы бойынша мұғалімдікке қызметке тұрады. Осы мектепте үш жылдан астам уақыт ұстаздық етеді, әрі колхозға мүшелікке өтеді.
Бірнеше жылдан кейін, сонау қиырдағы Ойраттан Мәннан ел шетіне елеусіз ат арбамен ұзақ жол кешіп, Семейдің шеті Қызылауылға ат басын тіреп, туған топырағына сағына қадам басып, мұндағы мектепке мұғалім болып орналасады. Өкінішке орай, «Аңдыған жау алмай қоймас» демекші, не бәрі 4-5 ай ішінде тұзаққа ілінеді. 24 қаңтар 1937 жылы Мәннан Тұрғанбаевты Семей түрмесіне қамауға алады. Ол 1937 жылғы 20 тамызда ату жазасына кесіледі. М.Тұрғанбаевтың өлімі туралы анықтама қағаз қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха ауданыңдағы азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркелген.