Соғыс жылдарының қиын-қыстау кезіне қарамастан кітапхананың қоры жаңа кітаптармен, мерзімді басылымдармен үнемі толықтырылып отырған. 1941-1945 жылдары кітапхана бүкілодақтық, республикалық және жергілікті ”Война и рабочий класс”, ”Здравоохранение Казахстана”, ”Большевик”, ”Большевик Казахстана”, ”Казахстанская правда”, ”Прииртышская правда”, ”Правда”, ”Учительская газета”, ”Екпiндi”, ”Социалистік Казахстан” сияқты мерзімді басылымдарды жаздырып алған.
Кітапханада кітап қорын сақтау және насихаттау шаралары тоқтатылмаған. Кітапханашылар Кеңес информбюросының сводкасын басшылыққа ала отырып, майдан даласындағы одақ әскерилерінің ерлігін жұртшылыққа насихаттау мақсатында түрлі шаралар өткізген. 1941-1945 жылдары кітапхана қызметкерлері жауына қарсы ортақ күресте жеңіске тез жетуде өз міндеттерін дұрыс жолға қоя білді. Олар үкіметтің шешімдерін жұртшылыққа түсіндіріп, тұрғындарға өнеркәсіп орындарындағы жаңа мамандықтарды игеруге көмектесті. Осы бағытта түрлі көпшілік шаралар ұйымдастырып, әскери госпитальдарда, егіс алқаптарында болып халыққа күш-жігер берді. Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығынан 1941 жылғы 25 қарашада «Из политдонесения комиссара эвакогоспиталя №3593 председателю комитета по обслуживанию раненых и больных бойцов, командиров РККА» атты табылған құжатта төмендегідей деректер берілген:
«1941 жылы 15 қазаннан 23 қараша аралығында оқырмандарға 2481 дана кітап берілген, оның ішінде Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин шығармалары – 208 дана, медициналық әдебиеттер -191 және 2082 дана әдеби кітаптар. 23.ХІ күні 560 адам тіркеліп, 1.ХІ-23.ХІ аралығында көшпелі кітапханаға 2141 адам келді.
Госпиталь бөлмесінде Ұлы Отан соғысына арналған 3 кітап көрмесі және әдеби кітаптармен, газет-журналдар беттеріндегі мақалалардан «Что читать?» атты көрме ұйымдастырылды. Барлық бөлімдерге Сталин жолдастың 6.ХІ-41 жылы жасаған баяндамасы үлкен беттерге жазылып ілінді. Кітапханашылар Зощенконың 2 оқуын өткізді. Островскийдің «Как закалялась сталь» атты кітабы бойынша оқырмандар конференциясы белгіленді. Көшпелі кітапхана қызметі ұйымдастырылып, аурухана бөлмелерінде, әсіресе ауыр науқастар жатқан бірінші бөлімге қызмет көрсетті. Госпитальға журналдардан тек «Большевик Казахстана», газеттерден 7 газет: «Казахстанская правда», «Cоциалистік Қазақстан», «Прииртышская правда», «Екпінді», «Фрунзевец», «Красная звезда», «Центральная правда» түсті. Барлығы – 117».
Кітапхана қызметкерлері үкімет шешімдерін насихаттап, жұртшылыққа фабрика мен зауыттарда, колхоздар мен совхоздарда жаңа мамандықтарды игеру бағытында көмек көрсетті, жазушылармен, ақындармен кездесулер лекциялар, өткізді, көшпелі кітапхана жұмысын ауылдар мен өндіріс орындарында ұйымдастырды. Көктемгі егіс уақытында 1942 жылдың наурыз-сәуір айларында кітапхана қызметкерлері қаладағы мәдениет мекемелерінің қызметкерлерімен бірлесіп, облыс өңірінде саяси-ағарту және көпшілік шараларды атқару мақсатында ауылдарға барып, жылжымалы кітапхана жұмысын үйлестіріп, тың ақпараттармен қамтамасыз етіп отырған. ”Прииртышская правданың 1942 жылғы 8 сәуіріндегі санында: ”…Гоголь атындағы кітапхана қызметкерлері көктемгі егіс науқанына қызмет көрсетуге қызу дайындалып жатыр.”
Қазірден бастап кітапхананың екі қызметкері Жаңасемей және Белағаш аудандарына жолға шықты. Кітапхана ауылшаруашылық әдебиеттерін кең көлемде насихаттауда. Кітапханада ауылшаруашылығы тақырыбындағы әдебиеттердің көрмесі ұйымдастырылған,-” деген деректері бүкіл қоғам болып семейліктердің жеңісті жақындатуға жұмыла кіріскенін көрсетеді. 1943 жылдың жазында кітапханада М.Горькийдің шығармашылығына байланысты көрме ұйымдастырылып, оған автордың үздік шығармалары, мақалалары және жазушы туралы жарық көрген басылымдар қойылған.