2qАхметжан Қозыбағаров алғашқы білімді дәрігер.

Ахметжан Қозыбағаров 1879 жылдың 1-ші мамырында бұрынғы Семей облысының Шыңғыстау ауданына қарасты Әтей ауылында, (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында) ауқатты шаруаның отбасында дүниеге келген. Ахметжан Семейдегі ауылшаруашылық мектеп-интернатын бітіргеннен кейін 1901-1906 жылдары Омбыдағы фельдшерлік мектепте оқыған. Сауатты жас Ахметжан студенттік кезінде-ақ қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласады. Осы Омбыда оқыған жылдары Ахметжан қазақ жастарының «Бірлік» атты ұйымына қатысып, Әбілқайыр Досов, Жанайдар Сәдуақасов, Хамза Жүсіпбеков тәрізді саяси қайраткерлермен танысады. Өйткені, Ахметжанның сол студенттік шағында Алаштық тұрғыда қалыптасқан саяси көзқарасы одан кейінгі төңкерістер кезеңінде де еш өзгермеді. Ол шын мәнінде, ұлт мүддесіне қызмет еткен Алаштың нағыз ардагер азаматы болды. Ахметжан оқуын бітіріп келген соң 1906-1918 жылдар аралығында Семейдің Затон жақ бөлігіндегі госпитальда фельдшер болып жұмыс істеді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен алғаш «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрылғанда, Ахметжан Қозыбағаров оның басшылық құрамына еніп, қоғамдағы саяси жұмыстарға білек сыбана араласады. Ол облыста қазақ съездерін ұйымдастырып өткізуге қатысып, облыстық қазақ комитетіне мүшелікке сайланады. Сол тұстағы қазақ комитеттерінің тарихи ролін, қазіргі таңда алаштанушылар «ұлттық мемлекеттің негізі, бастау көздері еді»,-деп бағалайды. Шынында да, аталмыш облыстық комитеттің ұсынысы бойынша ұлттық автономия құру мәселесі, ең бірінші болып Семейдегі қазақ съезінде көтерілді. Ол туралы академик Кеңес Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» атты зерттеу еңбегінде: «Семей съезінің өзіне тән және басты ерекшелігі, онда мемлекеттік басқару мен қазақ халқының автономиясы туралы мәселелер бойынша қабылданған шешімдер болды» дейді.

Міне, осы қазақ қоғамындағы мемлекеттік билік түрі, ұлттық автономия, жер, халық милициясы, земство, оқу, сот, дін және тағы басқадай саяси-әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуге байланысты 1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында Орынборда өткен Жалпықазақ съезіне Семей облысынан Ә.Бөкейханов, Г.Потанин, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, М.Боштаев, Ж.Ақбаев, Б.Сәрсеновтермен қатар Ахметжан Қозыбағаров та қатысады. Сондай-ақ, ол «Алаш» партиясы атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиынына депутат болып сайланады. Сол уақыттың өзінде-ақ «Қазақ» газетінде «Ахметжан Қозыбағаров-фельдшер. Пікірлі, ұлтшыл жастарымыздың бірі» – деп атап жазып, үлкен үміт артқан.

1917 жылдың күзінде Семей облысында Земстволық басқару органдарының сайлауы жаппай өткізіле бастаған кезде Алаш қайраткерлері де халықтық биліктен шет қалмау мақсатында оған бір кісідей жұмыла атсалысады. Осындай саяси науқан барысында А.Қозыбағаров бұрынғы Алаш қаласы тұрғындары атынан, алғашқыда Семей уездік Земствосына депутат ретінде сайланып, одан кейін оның басқарма төрағасы болып тағайындалады.

Ахметжан Қозыбағаровтың тағы бір баса назар аударарлық қоғамдық қызметі Алаш қаласында ұлттық педагог кадрларды даярлау мен қазақ мектептерін ашу мәселелерімен тығыз байланысты болды. Бұл істерде ол Мәннан Тұрғанбаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Әбікей және Қаныш Сәтбаевтармен бірлесіп жұмыс жасады. Сол уақытта Алаш қаласында екі қазақ, бір мұсылман, арнаулы білім беретін қыздар мектептері ашылып, қызмет көрсетті.

Ал 1920 жылдары Семей уезіндегі бастауыш мектептер саны жетпіске жетті. Әрине, бұл бастауыш оқу орындарында білім беретін ұстаздар жағы үнемі жетіспеді, сондай-ақ оқу-құралдарының тапшылығы да қатты сезіліп отырды. Міне, осындай өзекті мәселелер жайында Ахметжан Қозыбағаров 1918 жылдың 16 қыркүйегіндегі «Қазақ» газетінің №265 санында жарияланған «Оқу құралдары» атты мақаласында айтады. Дегенмен, Семей Земстволық басқару органдары бұл кедергілерді асқан қажырлылықпен шеше білді.

Ахметжан Қозыбағаровтың ұйымдастыруымен 1921 жылы губерниялық ұйымдар бөлген және бұрыңғы Шынғыстау болысы тұрғындарынан жиналған қаржыға қазіргі Абай ауданының орталығы Қаруылдан 70 шақырымдай жырақта Архат тауының қойнауынан аурухана салдырады. Құйылған кірпіштен тұрғызылған аурухананың екі ғимаратында 16 бөлме болыпты. Өзі осы 1921-1922 жылдар аралығында Шыңғыстауда Архат дәрігерлік бөлімшесін басқарады.

Семейде Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде де А.Қозыбағаров біраз уақыт жергілікті әкімшілік орындарда басшылық қызметтер атқарады. Алғашқыда Алашорда қайраткерлеріне кешірім жасалғанымен, Мемлекеттік Саяси Басқарма органдары қысым жасауын тоқтатпады. 1929-1932 жылдары екі рет ішкі істер органдарының құрығына ілініп, түрмеге жабылады да, оған таққан айыптары дәлелденбегендіктен екі ретінде де заңсыз деп босатылады. Осыдан кейін Ахметжан басқа жаққа кетуге мәжбүр болады.

Ахметжан Қозыбағаровқа қатысты 1937 жылдың 26 тамызында Халықтық ішкі істер комиссариаты органдарының тергеу құжаттарында оның 1921 жылдан бастап Алматы қаласында тұрып, №3 кірпіш зауытынын емханасында меңгеруші болып істегені, содай-ақ отбасы мүшелері жайлы айтылады. Ахметжанның жанұясында: әйелі – Тұрар, үлкен ұлы Алаш пен Сәтен, Жошы, Сара, Рәш есімді ұл-қыздары болған.

Қозыбағаровтың сүйікті жары Тұрар Қозыбағарованың есімі де Семей жұртшылығына жақсы таныс. 1914 жылдың күзінде ұлы Абайдың өмірден өткеніне 10 жыл толуына арналған Семейдегі әдеби кешті ұйымдастырып, өткізуші тамаша педагог-ағартушы Нәзипа Құлжанованың жақын дос, құрбысы ғана емес, сондағы «Біржан-Сара» спектакіліндегі ақын Сараның ролін ойнаған өнерлі жан еді.

А.Қозыбағаров 1937 жылдың 9 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облыстық Халықтық ішкі істер комиссариаты Басқармасынын жанындағы «үштіктің» Қаулысымен Ахметжан Қозыбағаров кеңес үкіметіне қарсы күрескен астыртын контрреволюциялық ұйымның басшысы ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді. Алайда, арада жиырма жыл өткен соң, яғни 1957 жылы А.Қозыбағаровтың ісінде ешқандай қылмыстық әрекет жоқ деп тауып, оның есімі ақталды.

 

Әдебиеттер:

  1. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс, 2009. – 228 б.
  2. Кенемолдин М. Алаштың ардагер азаматы // Абай. – 2011. – №1. – Б.71
  3. Кенемолдин М. Семей земство және ұлт зиялылары // Абай. – 2007. – №2. – Б.94
  4. «Қазақ» газеті: Алаш азаматтарының рухына бағышталады / құраст.: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сақов. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 555 б.
  5. Сейсенұлы Д. Алаштың Ахметжаны еді… // Дидар. – 2000. – 3 маусым. – Б.4