Тулегенова Бибигуль АхметовнаБұлбұл үнді күміс көмей әнші Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында туды. Әйгілі әнші өнер жолын қаламыздағы ет-консерві комбинатында қатардағы жұмысшы бола жүріп көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысудан бастады. Әншінің өнер жолына бағыт сілтеп жол салған, Семейге жер аударылған жазушы Галина Серебрякова мен жетекші ұстазы, Халық әртісі Надежда Самышина болды.
Әнші репертуарындағы Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», М.Төлебаевтың «Еске алу» және Батыс Еуропа композиторларының шығармаларынан вальс, романс, арияларын жоғары деңгейде орындады. Республикалық радиодан ән шырқау кезеңінде өткерген 1951-1953 жылдар аралығында Бибігүл әншілігін насихаттай жүріп, 1954 жылы Қазақтың Мемлекеттік консерваториясын бітірген соң, Қазақтың Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына солист болып қызметке тұрады. 1958 жылы Москва қаласында қазақ өнерінің онкүндігінде әншілік биігінен көрініп, сол жолы Қазақ ССР халық артисі атанады. Әнші Ленин ордені мен Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1966), СССР халық артисі (1967).
Халық бағасына әлдеқашан ие болған Социалистік Еңбек Ері (1991). 1968 жылы Семей қаласының 250 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткізілгені тарихтан белгілі. Осы шараға КСРО Халық артисі Бибігүл Төлегенова да белсене қатысып, үлкен концерттік бағдарламасымен шығып халық алғысына бөленді.
1968 жылы шілде айында «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Әдебиеттер:

1.Байсымбек Ж. Еліңе жасаған жақсылығыңды көрсете біл: әншімен сұхбат // Дала мен қала. – 2008. – 1 ақпан. – Б. 12
2.Жақсыбаев Д. Өнерімен өрілген өмір // Ертіс өңірі. – 2005. – 17 ақпан.- Б. 18
3.Төлегенова Б. «Мен бақытымды сәтсіздіктерімнен таптым»: Әңгімелескен А.Мантаева // Қазақ әдебиеті. – 2007. – 9 наурыз. – Б. 4
4.Төлегенова Б. Халық махаббаты әрқашан сақталады /Әңгімелескен Г.Рақымжанова // Ертіс өңірі. – 2004. – 15 сәуір. – Б. 18
5. Ыдырысов Қ. Бибігүл әні: Өлең // Семей таңы. – 1968. – 2 март. – Б. 4