Масалимов Маулюмгазы ОмархановичМәсәлімов Мәулімғазы Омарханұлы 1939 жылы Семей облысының Жарма ауданы Георгиевка селосында туған. 1960 жылы М. Төлебаев атындағы Семей музыка училищесін «Оркестр дирижері» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген.
1966 жылы Томскінің Куйбышев атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.
Еңбек жолын Семейдегі ет-комбинатының мәдениет үйінің қазақ халық аспаптары оркестрінің жетекшілігінен бастаған. Бұдан кейін жүн өңдеу фабрикасы мәдениет үйінің халық аспаптары үйірмесінің жетекшісі, бұдан соң обьлыстық халық шаруашылық үйінде әдіскер болып қызмет істеген. 1965 жылы облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Семей қалалық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.
Оның өмір жолы осы мәдениет саласының дамуымен тығыз байланысты болды.
1970-73 жылдары Семей облыстық филармониясының директоры, 1973-1997 жылдары жылы Семей облыстық мәдениет басқармасының бастығы, 1997 жылдан өмірінің соңына дейін Семей қалалық мәдениет басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды. Осы уақыт ішінде Семей еліміздегі ірі мәдени орталықтардың біріне айналды. Қазіргі заманға лайық Абай атындағы музыкалы-драма театры, Абайдың мемлекеттік мұражай кешені, Достоевский мемориалдық мұражайы, Невзоровтар жанұясы атындағы бейнелеу өнері мұражайы дәл осы жылдары салынды.
Сондай-ақ, М.Масалимовтың қамқорлығы аясында көптеген халық артистері, республика өнеріне еңбегі сіңген қайраткерлер, еңбек сіңірген артистер танылып шықты.
Семей өңірінде мәдениет пен өнерді дамытудағы зор еңбегі, тұрғындарды рухани ізгілікке тәрбиелеудегі жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасының үкімет наградаларымен марапатталды. Бірнеше мәрте халық депутаттары облыстық Советінің депутаты, мәдениет қызметкерлері облыстық комитетінің мүшесі болып сайланды. Мемлекет алдындағы еңбегі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.
1998 жылы Семей қаласы әкімінің шешімімен «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Әдебиеттер:

Мәсәлімов М. // Сәдуақасұлы Ә. Семей өңірінің құрметті азаматтары. – Алматы: Арқас, 2005. – 180 б.
Мәулімғазы Омарханұлы Мәсәлімов // Семей таңы. – 2002 . – 15 қараша. – Б. 8
Мәулімғазы Омарханұлы Мәсәлімов // Дидар. – 2002. – 16 қараша. – Б. 2