Матаев Хафиз МатаевичХафиз Матаев – 1931 жылы 8 қаңтарда Абай ауданының Саржал ауылында дүниеге келген.
1969-1973 және 1978-1991 жылдар аралығында осы ауданды басқарып, тағдыр тауқыметінен тұралап қалған елдің еңсесін көтерген оның жанкешті еңбегі туралы абайлықтар аңыз қылып айтады. Алғаш Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгенінде аудан орталығы Қарауылда және Қайнар, Саржал ауылдарында жаңа типті мектептер, Қарауылдағы 500 орындық Мәдениет үйі, 280 орындық балабақша, аурухана т.б. әлеуметтік маңызы бар құрылыстар сол жылдары салынып, Семей- Қарауыл асфальт жолы төселді. Атағы талай елге жеткен «Қаламқас» ән-би ансамблі де сол жылдары құрылады.
Х. Матаев әлі де тыным таппастан, ұлы Абай мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіруге үлкен үлес қосып жүрген азамат. 2000 жылы алғаш рет ұлы ойшылдың 155 жылдығына орайлас басталып, мектеп оқушылары арасында жыл сайын өткізіліп келе жатқан республикалық Абай оқуларын ұйымдастырушыларының бірі, қазылар алқасының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.
Хафиз Матаев басқарған жылдары Абай ауданы тоғыз рет Бүкілодақтық социалистік жарыс жеңімпазы атанып, Қызыл Тумен, дипломдармен марапатталды.
Тәуелсіз Қазақстанның, қазақ халқының тарихын жасайтын, өзіндік табиғи келбетін танытатын адамдар – ұлы Абайдың рухани мұрагері, көрнекті қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, еңбек ардагері Хафиз Матаев Семей өңірінің адал перзенті.
«Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы 1999 жылы 20 қазанда берілді.

Әдебиеттер:

1. Жанғалиев Т. Матаев: Эссе. – Семей: Халықаралық Абай клубы, 2008. – 376 б.
2. Баттал Р.М. Шыңғыстаудың шынары // Қазақ әдебиеті.- 2006 .- 13 қаңтар. – Б. 11
3. Екібаев Ж. Кемел тұлға // Дидар.- 2006.- 7 қаңтар. – Б. 2
4. Зекенұлы, Қ. Ел басқару ережесі // Ертіс өңірі. – 2011. – 5 қаңтар. – Б. 10
5. Матаев Х. “Адал еңбектің жемісін көру – нағыз бақыт” // Семей таңы. – 2011. – 5 қаңтар. – Б. 4
6. Мәмет С. Абыройлы ақсақал // Егемен Қазақстан. – 2011. – 8 қаңтар. – Б. 9; Дидар. – 2011. – 27 қаңтар. – Б. 7