Жазушы, ғалым Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда қаланың Заречная Слабодка деп аталған қазіргі Жаңасемей ауданында дүниеге келді.
Жазушы, драматург, әдебиет зерттеуші. Филология ғылымының кандидаты (1950). 1941 жылы Семей педагогикалық институтын бітірген. 1942-1947 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Семей бөлімшесінің өкілі. 1947-51 жылдары Семейдегі Абай мұражайының директоры.
1951 жылдан бастап Семей педагогикалық институтында оқытушы, доцент қызметтерін атқарды. 1937 жылдан бастап өлеңдері, әдеби-сын мақалалары баспасөзде жариялана бастады. Негізінен драматург ретінде танылды. Жазушының «Толқын» (1944), «Майданнан майданға» (1947), «Комиссар Ғаббасов» (1960), «Ер Білісай» (1974) пьесалары театр сахналарында қойылды. Әзәрбайжан драматургі У. Гаджибековтің «Аршин малалан» (1941), татар жазушысы Ш.Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» (1967 ) пьесаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ ССР Мемлекеттік Гимнінің авторы.
Ғалым, дарынды драматург, шебер аудармашы, ұстаз Қайым аға М.Әуезовтің жетекшілігімен Абайдың ақындық мектебін зерттеді. Жазушы ғалым абайтану, әуезовтану саласында жемісті еңбек етіп, «Абай шығармаларының текстологиясы» (1959), «Мағауия Абайұлы» (1959) атты кітаптар, әдеби-зерттеу мақалаларын жазды.
Жемісті еңбегінің арқасында «Абай» энциклопедиясын шығаруға ат салысты. «Дәуір» баспасынан «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт томдық монографиясы мен «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай мұрагерлерінде» Әлихан, Ахмет, Міржақып сияқты алыптар сөз қозғалды. Семей қаласының, Абай, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы.
«Семей қаласының құрметті азаматы» 1987 жылы 17 наурызда қаланың шығармашылық интеллигенциясын қалыптастыруда, қоғамдық өмірінде және ғылыми-педагогика саласында жеткен жетістіктері үшін берілді.
Әдебиеттер:
1. Мұхамедханұлы Қ. // Сәдуақасұлы Ә. Семей өңірінің құрметті азаматтары. –
Алматы: Арқас, 2005. – 251 б.
2. Исаұлы А. Ғылым жұлдызы // Семей таңы. – 2001. – 26 қаңтар. – Б. 3
3. Жұртбай Т. Абайдың інісі, Алаштың ірісі // Ертіс өңірі. – 2005. – 12 мамыр. – Б. 28
4. Қайым Мұхамедханов // Дидар. – 2004. – 3 шілде; Семей таңы. – 9 шілде. – Б. 3
5. Мұхамедханов Қ. Абай кітабын алғаш шығарған Ілияс Бораганский. – Алматы, 2009. – 64 б.
6. Сейсенұлы Д. Алаш арыстарының соңғы тұяғы // Егемен Қазақстан. – 2009. – 7 қараша. – Б. 6
7. Смағұлова Е. «Адам боп жер астына кірдің де, тас мүсін боп шыға келдің»: (Ескерткішке арналады) // Семей таңы. – 2010. – 14 қазан. – Б. 1
8. Тоқпатаев У. Абайтанудың абызы еді // Ертіс өңірі. – 2004. – 23 қыркүйек. – Б. 26