Нурсултанов КажиНұрсұлтанов Қажи 1928 жылы 17 қазанда бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданының Қарғыба ауылдық кеңесіне қарасты Қаратал ауылында туған. Білімі жоғары, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі физика-математика факультетін «математика» мамандығы бойынша бітірген.
Семей мемлекеттік педагогикалық институтындағы физика–математика факультетінің жоғары математика кафедрасына оқытушы – ассистент, оқытушы, аға оқытушы, СМПИ-дағы физика – математика факультеті деканының орынбасары болып қызмет атқарды.
1967 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі физика-математика факультетінде сырттай оқитын аспирантураға түсті.
Қажи Нұрсұлтанұлына жоғары математика кафедрасының доценті, «Семей» Мемлекеттік университетінің профессоры, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры академиялық атағы берілді.
Қажи Нұрсұлтанов Қазақстандағы математикалық білімнің даму тарихы және оның жағдайлары бүгінгі мектептерде қолдану проблемалары тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы, математиканы оқыту теориясы мен әдістемелік саласы бойынша өте құнды әрі тың еңбек болып саналады. Оның нақты дәлелі ретінде Қажи Нұрсұлтановтың еңбектеріне берілген физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ф.Д. Крамер, академиктер О.Жәутіков, Т. Аманов, Қазақ ССР ҒА –ның корреспондент мүшесі А. Машанов, профессорлар А. Закарин, А. Көбесов және тағы басқа атақты ғалымдардың пікір, бағамаларын айтуға болады.
Қажи Нұрсұлтанұлы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен және ССРО жоғары білім беру саласына сіңірген еңбегіне орай «Жұмыстағы үздік табыстары үшін» дейтін Ресейлік белгісімен және Семей мемлекеттік педагогикалық институтына сіңірген еңбегіне орай «Зор еңбегі үшін» медалімен, жеңістің 55 жылдық құрметіне «1941-1945 жж. соғыс ардагері», «Ұлы Отан соғысының жеңісіне 60 жыл» медальдарымен марапатталған.
Профессор Қажи Нұрсұлтанов Ресейдйің Мәскеу, Санкт-Петербург, Тамбов қалаларында, сондай-ақ Өзбекстанның Самарқан, Ташкент шаһарларында өткен халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, еліміздің мәдени мұрасы мен ғылыми жетістіктерін кеңінен насихаттаған ғалым. Ол кісінің 300- ден астам ғылыми –көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектері республикалық, аймақтық және халықаралық әртүрлі басылымдарда жарық көрді. Олардың ішінде 1994-1995 жылдары «Мектеп» баспасынан шыққан екі томдық «Математикалық логика бастамалары»» және 2002 жылы жарық көрген «Дикретті математикалық логика» оқу құралдарының алатын орны ерекше.
Семей қаласы әкімінің 1999 жылғы шешімімен көп жылғы жемісті еңбегі, білікті кадрларды даярлағандығы үшін Қажи Нұрсұлтанұлына «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Әдебиеттер:

Қажи Нұрсұлтанов // Семей таңы. – 2011. – 14 маусым. – Б. 7
Жолымбетов О.М. Өз биігіне ар тазалығымен шыққан абзал аға! // Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Хабаршысы. – 2014. – № 3.- Б. 55-28