Токабаев Кожагул ТолыкбаевичТоқабаев Қожағұл Толықбайұлы 1934 жылы 10 ақпанда бұрыңғы Семей облысы, Шар ауданында туған. 1952 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатты бітіріп шыққан ол тау-кен институтына рқуға түсуді ойға алып, Алматыға барады. Қожағұл аға сынақтан сүрінбей өтіп, емтиханды ойдағыдай тапсырып болғанда орталықтан ұлттық кадрлар даярлау туралы жарлық келіп,арнайы комиссия 350-ден аса талапкерді Кеңес Одағының Мәскеу, Ленинград, Киев, Одесса, Харьков сынды ірі қалаларына іріктеп, арнайы жолдама береді. Алысқа білм қуып аттанған бозбала 1957 жылы Одессадағы И. Сталин атындағы технологиялық институтты тәмамдап, тамақ өнеркәсібінің инженер-экономисі мамандығын алып шығады.
Бірден Семейге жолдама алып, еңбек жолын Семей облыстық астық өнімдері басқармасында инженер-экономист болып бастайды. Одан кейін осы басқарманың жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы болып қызмет етеді.
1959 жылы облыстық комсомол конференциясында оны обком комсомолының насихат жүргізу бөлімінің меңгерушісі және бюро мүшесі етіп тағайындады. Облыстық партия комитеті, партияның ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің нұсқаушысы, одан кейін қалалық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, облыстық кәсіподақ советінің хатшысы болды.
Кәсіби мамандығы бойынша қызмет істеген алғашқы 3 жылында-ақ өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екенін көрсеткен Қожағұл Толықбайұлы содан бастап еңбек жолы партия, кеңес, кәсіподақ саласымен тығыз байланыста болып, Семейде табан аудармастан 45 жыл еңбек етеді.
1967-1970 ж.ж қалалық бақылау комитетінің төрағасы, 1970-1977 ж.ж. құрамында 13-15 кәсіподақ комитеттері бар облыстық кәсіподақ кеңесінің хатшысы, 1977-1978 ж.ж. Калинин ауданының екінші хатшысы, 1978-1979 ж.ж. облыстық партия комитетінің жеңіл және тамақ өнеркәсібі бөлімінің меңгерушісі, 1979-1983 ж.ж. Калинин ауданының бірінші хатшысы, 1983-1989 ж.ж. облыстық бақылау комитетінің төрағасы, 1989-1992 ж.ж. облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған Қожағұл Тоқабаев 1992 жылы зейнет демалысына шығады.
Қожағұл аға зейнетке шыққаннан соң да біраз жыл еңбектен қол үзбейді. Екі жылға жуық облыстық жоспарлау комитетінің төрағасы, біраз жыл еңбектен қол үзбейді. Екі жылға жуық облыстық жоспарлау комитетінің төрағасы, бір жыл облыс әкімінің кеңесшісі, 5-6 жыл бойы қаладағы ірі өндіріс орны басшысының кеңесшісі қызметтерін атқарады.
Үлгі боларлық еңбек еткені, қаламызды көркейтуге жұмсаған күші үшін «Құрмет белгісі» орденімен екі рет және « Ерен еңбегі үшін» медальімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталды. 1999 жылы 15 ақпанда «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Әдебиеттер:

Сәдуақасұлы Ә. Семей қаласының Құрметті азаматтары. – Алматы: Арқас, 2005. – 270-271 б.
Жақсыбаев Д. Әулеттің алтын діңгегі // Ертіс өңірі. – 2014. – 12 ақпан.- Б. 13
Кәкішев Н. Еңбегімен елеулі жан // Семей таңы. – 2014. – 11 ақпан.- Б. 7