Шаймардан Ахмарұлы Қалиақпаров – 1939 жылдың 20 желтоқсанында бұрынғы Семей облысындағы Жаңасемей ауданына қарасты Қызыл Құйған ауылында дүниеге келген. 1956 жылы 8 сыныпты үздік бітірген Шаймардан Ахмарұлы 1960 жылы Семейдегі геологиялық барлау техникумын аяқтап, жас маман геологиялық барлау партияларында жұмысшы, аға жұмысшы, шебер болып жұмыс атқарған.
1960-1990 жылдары әскери қызметте болды. Онда қатардағы солдаттан полковник шеніне дейін өскен. Білімге жаны құмар Ш.Ахмарұлы 1961-1964 жылдары Кемерово қаласындағы әскери баланыс училищесінде, 1967-1972 жылдары Ленинградтағы әскери байланыс академиясында білім алған. Жоғары әскери білімді жас офицердің бойынан табылған адамгершілік, ізденгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері қызмет баспалдағымен өсуіне ықпал етіп, қатардағы жауынгерден полковник шеніне жеткізді.
Ш.А.Қалиақпаров демалысқа шыққан 1990 жылдан қалалық «Қазақ тілі» қоғамын, 1991 жылы – «Естелік кітап» облыстық редакцияны басқарды. 1992 жылы «Қазақстанның халық конгрессі» партиясының облыстық ұйымын құрды.
Шаймардан Ахмарұлы ҚР Журналистер одағының мүшесі. Ш.А.Қалиақпаровтың жазған материалдары көптеген республикалық, облыстық және қалалық басылымдарда басылып шықты. Қаламгердің шығармашылық тақырыбы ауқымдылығымен ерекшеленеді. Туған жер тұлғаларын танытуда көптеген зерттеулерін жазды. Ш.Ахмарұлының кейіпкерлері – Қажымұқан, өлкемізде өмір сүрген, ҰОС-ның соңына дейін Қажымұқанның жеке қаржысына жасалған самолетпен жеңісті жақындатқан Қажытай Шалабаев, өнер тарланы Дауыл Хайруллин сынды ерекше тұлғалар. Ал, туған ауылы Қызыл Құйғанның түлегі, Кеңестер Одағының Батыры Әйткеш Ыбыраев есімін ардақтау, халық жадында қалдыру жөнінде атқарған жұмыстары мен батыр туралы жасаған зерттеулері мен жариялаған еңбектері ерекше бір төбе.
Ш.Ахмарұлы 15 кітаптың авторы, атап айтқанда «Курск шайқасының қаһарманы» (1988), «Крематорий Бухенвальда не принимает» (1998), «Герой из Прииртышья» (1999), «Чтоб вступили в строй солдатский» (1999), «Зауал шақ» (2001), «Ұрпақтар тағдыры» (2001), «Өрге жетелеген өнер» (2002), «Қарапайым қаһарман» (2002), «Полк главного направления» (2005), «Мобилизованные войной» (2006), «Адольф Янушкевичтің ізімен» (2008), «Әже мен немере» (2008), «Ауылым әрқашан есімде» (2013), «Мубарак Рахметуллин» (2016), «Побеждали с патриотизмшм в сердце» (2017) атты кітаптар оқырмандарға жол тартты.
Әдебиеттер:
- Қалиақпаров Ш. Адольф Янушкевичтің ізімен: Тарихи очерк. – Семей:
Интеллект, 2008. – 106 б.
- Қалиақпаров Ш Курск шайқасының қаhарманы. – Алматы: Қазақстан, 1988. –
56 б.
- Қалиақпаров Ш Өрге жетелеген өнер: (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дауыл Хайруллин туралы). – Семей: Ғылыми-техникалық орталығы, 2001. – 158 б.
- Қалиақпаров Ш. Толстоймен хат алысқан Рахметолла Елкебаев туралы не білеміз? // Егемен Қазақстан. – 2002. – 29 мамыр.- Б. 8
- Қалиақпаров Ш. “Бесеудің хаты” қалай жазылды: немесе Әзімбай Лекеровті білеміз бе? // Семей таңы. – 2011. – 21 маусым. – Б. 3; Семей таңы . – 2011.; 28 маусым. – Б. 4; Семей таңы. – 2011. – 14 маусым. – Б. 4
- Қалиақпаров Ш. Елкебаев және қазақ футболы // Ертіс өңірі. – 2013. – 20 наурыз.- Б. 9; Түркістан. – 2013. – 6 маусым.- Б. 11
- Қалиақпаров Ш. Шығармалары – халқының рухани қазынасы: немесе Әз-аға Нұршайықов туралы бір үзік сыр // Семей таңы . – 2014. – 7 қаңтар.- Б. 4
- Қалиақпаров Ш. Ағайын, Айткеш жетім болған емес!: (Кеңес Одағының батыры А.Ыбыраев туралы) // Ертіс өңірі. – 2015. – 11 ақпан.- Б. 10
- Қалиақпаров Ш. Қазақ батырларын дәріптеу – патриоттық тәрбиеге жол // Ертіс өңірі. – 2016. – 13 қаңтар.- Б. 14