8Қайноллан  Ролланұлы Мусин – Медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, тұрғындар денсаулығын сақтауда қалтқысыз еңбек еткен білікті басшы, білімді дәрігер.

Қайноллан  Ролланұлы 1950 жылы 2 желтоқсанда Семей облысы, Абыралы ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Дәрігерлік еңбек жолын 1975 жылы бастады. Сол кездегі Семей қалалық орталық ауруханасында лор дәрігері болып қызметке кіріскен жас маман араға уақыт салып Семей облыстық ауруханасының лор бөлімінде аға ординатор болып еңбек етті.

1983 жылы қаладағы студенттік-жасөспірімдер емханасында бас дәрігер болып тағайындалады. Алдымен қалалық орталық аурухана, соңынан жедел медициналық жәрдем ауруханасы болып өзгертілген мекемені 1994 жылдан бері басқарып келді. Осы аралықта денсаулық сақтау саласындағы соны өзгерістерді Семей өңіріне енгізуде бір кісідей атсалысқан ақ халатты абзал жанның еңбегін облыс басшылығы да жақсы білді.

Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, мамандығын жанындай сүйетін дәрігерлер арасында Қайноллан Ролланұлы дәрігерлік міндетінен бөлек, қаланың қоғамдық жұмыстарына да белсене араласады. 2003-2016 жылдар аралығында үш мәрте қалалық мәслихатқа депутаттыққа сайлануы осының дәлелі.

2017 жылдың 7 желтоқсандағы Семей қалалық мәслихатының шешімімен, денсаулық сақтау саласының үздік қызметкері, «Шапағат» медалінің иегері, Семейдің қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайноллан Мусинге «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Әдебиеттер:

Исабаев Е. Жаңа ауруханада – жаңа басшы // Семей таңы. – 2017. – 11 тамыз.- 2 б.

Омаш А. “Құрметті азамат” атанды: Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қала әкімі Е. Салимов Қ.Мусинге “Семей Қаласының Құрметті” азаматы атағын беріп, төсбелгісін табыстады // Ертіс өңірі. – 2017. – 20 желтоқсан. – Б. 3

Семейдің Құрметті азаматтары // Ертіс өңірі. – 2017. – 13 желтоқсан.- 1 б.

Төлегенқызы Ж. Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық: Тәуелсіздіктің 26 жылдығына орай «Семей қаласының Құрметті азаматы атағына» ие болған азаматтар марапатталды  // Семей таңы. – 2017. – 22 желтоқсан. – Б. 1