Нұртаза ақсақал 1909 жылы Қарағанды облысының бұрынғы Қу, қазіргі Қаз дауысты Қазыбек би атындағы ауданға қарасты бесінші ауылда дүниеге келіпті. Әкесі Мәшпи Сәтбаев ескіше оқыған, сауатты адам екен. Кезінде Дастар болысында әскери комиссар қызметін атқарыпты. Оның отбасындағы он үш баланың кенжесі Нұртазаға берген әкелік мейірімі мен тәлім-тәрбиесі мол болды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ол да білімге құштар, қажырлы, қайратты, табанды болып өсті. 1930 жылы жиырмаға толар-толмас шағында Семейге оқу іздеп келіп, байланыс училищесіне түседі. Бұл оқу орнын бітіріп, еңбекке араласқаннан кейін көп ұзамай Алматыдағы байланыс торабы бастықтарын даярлайтын бір жылдық курсқа жіберіледі. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейінгі аралықта оның бүкіл өмірі мен еңбектегі мәртебесінің артып, атақ-дәрежесінің өсуі осы саламен тығыз байланысты болды. Атап айтқанда, 1936 жылы Ақсуат аудандық комсомол комитеті оны комвузға оқуға жібереді. Оны үздік тәмамдағаннан кейінгі жылдары Семей облыстық Белағаш аудандық байланыс торабының пошта бөлімінің бастығы секілді жауапты қызметтерді атқарды.
Ал енді сұрапыл соғыс жылдарында отыз екі жасар Нұртаза ақсақал үлкен ағасы Қырықбай екеуі әскери комиссариатқа өз еріктерімен өтініш беріп, қан майданға аттанады. Оның алғашқы әскери жорық жолы Семейде жасақталған 288-ші атқыштар дивизиясының құрамында (кейін 30-шы гвардиялық дивизия деп аталды) басталып, Балтық жағалауындағы елді мекендерді жаудан азат етуге қатысты. Кенигсберг қаласының түбіндегі қанды қырғын кезінде батальонның әскери комиссары, аға лейтенант Нұртаза Мәшпиевтің соғысқа бірге аттанған ағасы Қырықбай ерлікпен қаза тапты. Әрине, Нұратаның әскери жорық жолына байланысты айта берсек әңгіме көп. Алайда мына бір жайға тоқтала кетпесек болмайды. Соғыс өртіне тұншыққан, жан алып, жан беріскен 1942 жыл. Қауіп-қатері мол, қысталаң күндердің бірінде Нұртаза Мәшпиев жау оғынан ауыр жарақат алып, әскери госпитальға түседі. Мәскеудегі дәрігерлер қанша көмек көрсетсе де, ақыры денсаулығы түзелмей, туған елге қайтып оралуға тура келді.Алайда оның ерлік істері ескерусіз қалмады. Бүгінде Нұртаза ақсақалдың кеудесінде кешегі әскери жорық жолдарының куәсіндей болып, Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендері мен басқа да медальдары жарқырайды.
Бейбіт өмірдегі ақсақалдың еңбек жолы партия және кеңес органдарында басшы қызметтерде өтті. Мысалы, Семей облыстық атқару комитеті төрағасының әскери қызметшілер отбасына тұрмыстық жағдай жасау жөніндегі орынбасары болып елге шапағаты тисе, одан кейін Семей қалалық Кеңесі төрағасының орынбасары ретінде және осы кезде жол құрылысы штабының бастығы міндеті жүктелгендіктен, облысымыздың Бородулиха, Новошульба аудандары мен Новопокровка елді мекендерінде тас жол салу жұмыстарын жемісті жүргізді. Сол сияқты облысымыздың солтүстік аудандарымен арадағы жол қатынасының жақсаруына да үлкен септігі тиді. Міне, соғыстан соңғы осындай ауыр кезеңдегі қат-қабат жұмыстардың барысында Нұртаза ақсақал елімізге қадірлі, аяулы азаматтарымыздың бірі, марқұм Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Семейге келген сапарларында талай рет бірге жүріп, бірге болды.
Жалпы, Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдары бүліншілікке ұшыраған облысымыздың халық шаруашылығын қалпына келтіруде сіңірген еңбегі үшін Нұртаза ақсақал кезінде жоғары үкімет органдарының Құрмет грамоталарын айтпағанның өзінде, 15-тен астам ордендер мен медальдарға ие болыпты. 1994 жылы Семей қаласының әкімі В. С. Бутиннің қаулысымен Нұртаза Мәшпиевке «Семей қаласының құрметті азаматы» деген атақ берілді.
Әдебиеттер:
Мүфтиев М. Құрметті Нұрата. Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері Нұртаза Мәшпиевке «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді // Семей таңы. – 1994. – 6 тамыз. – 1 б.
Указы Президиума Верховного Совета СССР // Ведомости Верховного Совета Союза Советских Социалистических Республик. – 1945. – 22 декабрь. – С.3
