z11Молдағалиев Жанғазы 1917 жылы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданындағы Бестамақ ауылында туған.  Жанғазы жастай жетім қалса да, орта мектептің 8 – сыныбын тәмамдап, аудандық кеңес атқару комитетінде хатшылық қызметін атқарады.

Әскери қызметке 1938 жылы шақырылды. Ол алғашқы күннен бастап жауынгерлік жаттығулар мен әскери өнерді игеруге барынша ниет қояды. Кіші командирліктен кіші лейтенанттық  дәрежесіне көтеріледі.

Ұлы Отан соғысы басталған күннен-ақ Жанғазы Молдағалиев гитлершіл басқыншылармен батыл айқасқа түсті. Ол соғыс басталысымен Калинин майданына аттанды. Одан әрі Сталинград, Дон, Воронеж 3 –Украина майдандарында әуелі взвод, кейін рота командирі болды.

1942 жылдың 30 қазаны «Красный Октябрь» заводының солтүстік-батыс бөлігіне орналасқан Жанғазы басқарған взвод жауынгерлері дұшпанның 4 шабуылына тойтарыс берді. Заводтың әрбір бұрышы үшін шайқас қыза түсті. Дәл осы кезде Жанғазы жауынгерлеріне полковник В.Соколов басқарған Щорс атындағы 45 –атқыштар дивизиясы көмекке келді. Сөйтіп Сталинградтың «Красный Октябрь» ауданындағы шайқас жеңіспен аяқталды. Жанғазы басқарған взвод осы учаскеде 32 жендетті жер жастандырды, көптеген қару-жарақты қолға түсірді. Неміс жендеттерінің 330 мың адамдық армиясы тізе бүкті.1943 жылдың 4 ақпанында қаланың орталық алаңында Сталинградтың неміс-фашист басқыншыларынан толық тазартылуына байланысты салтанатты митинг болды. Сонда Ж. Молдағалиев сөз сөйледі. Волга шайқасындағы жауынгерлік ерліктері үшін Ж. Молдағалиев екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерен ерлігі» медалімен марапатталды.

Гвардияшы лейтенант Молдағалиев ротасының жауынгерлері Елизарово селосын азат етіп, жаудың жүзден аса солдаты мен офицерін жойып, 25 гитлершіні тұтқынға алды.

Фашистер оқты үсті-үстіне жаудыртып жатыр. Гвардияшыларға қатер төнді. Молдағалиевтің ротасы тағы да жауынгерлік тапсырма алды. Бұл жолы жау қорғанысының деревняға таяу орналасқан тірек-пункті – 167,2  – биіктікті басып алу қажет.

1943 жылдың қазан айында рота командирі, гвардия лейтенанты Молдағалиевқа Днепрден өтіп, арғы жағалауды басып алу және басқа әскери бөлімшелері келгенше ұстап тұруға бұйрық берілді. Молдағалиевтің басшылығындағы рота түн ішінде қиындықтарға қарамастан өзеннен өтіп, қатты қақтығыстан соң Днепрдің оң жақ жағалауында бекініп алды. Соның нәтижесінде біздің әскерлер Днепрден өтіп фашистерге тұтқиылдан шабуыл жасады. Жау қатты қарсылық көрсетті. Черноправка деревнясы маңында немістер күшті қорғаныс бекіністерін жасаған еді.

Біздің әскери бөлімшелердің шабуылдары тоқтап қалды. Жау оқтың астына алды. Осы бір қиын қыстау сәтте гвардияшыл лейтенант Молдағалиев Александар Мотросовтың өшпес ерлігін қайталап, жау дзотының аузын өз денесімен жапты.  Сол-ақ екен, жауынгерлер жауға лап қойып, тас-талқанын шығарды. Сөйтіп Жанғазы 1943 жылдың 1 қарашасы күні жауынгерлік тапсырманы орындаудың асқан үлгісін көрсетіп, ерлікпен қаза тапты.

Жаужүрек командирдің ерлігі жауынгерлерге жігер берді. Гвардияшылар қаза болған батырдың кегін қайтарып, жауды талқандады да, тірек пунктін басып алды.

Жанғазы Днепропетровск облысындағы Черноправка деревнясының жанына жерленді. Оның қабірінің басына ескерткіш орнатылған. Батырдың есімі жазылған гранит тақтада мынадай жазу бар:

«Өлмейді ісі мәңігілік,

Өшпейді  абзал есімдер

Ұрпаққа жетіп жаңғырып,

Кетпейді  естен есіл ер.

Елизарово станциясындағы №1 орта мектепке және Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Бестамақ орта мектебіне, Жаңа Семейдегі бір көшеге Молдағалиевтің есімі берілген. Ленин орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.  Тоқтамыс ауылында батырға арналған бюст орнатылған.

 

Әдебиеттер:

1.Бармақов С. Еңіреген ер еді // Семей таңы. – 1980. – 8 мамыр

2.Өміржанов Ә. Отан үшін Жан пида  // Семей таңы. – 1975. – 6 ақпан

  1. Өміржанов Ә. Қазақтың Матросовы // Семей таңы. – 1975. – 6 ақпан

4.Өміржанов Ә. «Сарғалдақ – Молдағалиевқа» // Совхоз туы. – 1987. – 9 мамыр

5.Көркембаев Р. Жанғазының биігі   // Ертіс өңірі. – 2010. – 17 наурыз. –  Б.17

6.Молдағалиева, Жанат. Тәрбиемнің негізі отбасымда қаланды  // Семей таңы. – 2012. – 13 қараша. – Б.5

7.Тусунбаева Т. Жанын қиған Жанғазы  // Ертіс өңірі. – 2011. – 4 мамыр. –  С.7