Мұхамеджанов Исламбек Қажиакбарұлы – медицина ғылымдарының докторы
Исламбек Қажиакбарұлы 1947 жылдын 29 мамырында Синцзян өлкесінің Шағантоғай қаласында туған. 1966 жылы онжылдық мектепті Аягөз қаласынан бітіріп, Алматы қаласындағы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. 1972 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын педиатрия мамандығы бойынша үздік бітірді, сәулелік диагностика саласының маманы. Институтты бітіргеннен кейін Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен Қазақ онкология және радиобиология институтына қызметке тұрды. 1974 жылы А.Н.Сызғанов атындағы Қазақ клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институтында рентгентологиялық бөліміне жұмысқа ауысты.
1979 жылы Калуга облысының Обнинск қаласында орналасқан КСРО МҒА медициналық радиология ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа қабылданды. 1984 жылы медицина ғылымдарының докторы А.Ф. Цыбтын жетекшілігімен «Қалыпты жағдайда және аяқ-қолдың ісінуі кезіндегі мультиколлекторлы лимфография» кандидаттық диссертациясын қорғады. 1986 жылдан 1992 жылға дейін Чернобыль АЭС апатының салдарынан радиоактивті ағынмен ластанған Калуга және Брянск облыстарының тұрғындарын тексерген медициналық бригадалардың құрамында ультрадыбыстық диагностика дәрігері болып жұмыс істеді. 1993 жылы «Ультрозвуковая, термографическая и радионуклидная диагностика поздних лучевых повреждений и их осложнений» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Сол жылы Алматыға оралып, Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында сәулелік зерттеу әдістері бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Исламбек Қажиакбарұлының жетекшілігімен 7 кандидаттық, 2 докторлық диссертация қорғалды. 120 ғылыми жұмысы жарияланған, 6 монография мен 20 өнертабыстың авторы. Қазақстан Республикасы Жоғары аттестаттау комиссиясының сарапшылық кеңесінде жұмыс істеді, Қазақ ұлттық медицина университетінің радиациялық диагностика кафедрасын басқарды, сондай-ақ Сызғанов атындағы ҰҒХО Ғылыми кеңесінің мүшесі болды. 18 ультрадыбыстық диагностикалық дәрігер даярлап шығарды.
Исламбек Қажиакбарұлы жоғары сантты дәрігер. Алматы және Астана қалаларындағы Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті берген ультрадыбыстық және функционалдық диагностика дәрігерінің сертификаттары бар. 1998 және 2003 жылдары Австрия мемлекетінде Грац университеттік клиникасында біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
2011-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Медициналық орталығының ауруханасының функционалдық диагностика бөлімінде қызмет істеді. 2017 жылы зейнеткерлікке шықты.
2015 жылы А.Н.Сызғанов атындағы хирургия орталығының медалімен, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекелік медалімен, сондай-ақ денсаулық сақтау ісінің үздігі және рационализатор-өнертапқыш төсбелгілерімен марапатталған.
Әдебиеттер:
Қазақстан ғалымдары: энциклопедиялық анықтамалық. Т.2. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2013. – Б.172
Кто есть кто в Казахстанской науке: справочник / гл.ред. А.Нысанбаев; сост. А.А.Женсыкбаев, М.Ш.Хасанов, В.А.Лата, А.Т.Тусупов. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1999. – С.227