Белгілі жазушы-сыншы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, абайтанушы Төкен Смайылұлы Ибрагимов 1939 жылы 15 ақпанда бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы «Жаңа несіп» колхозының Кезеншілік деген жерінде туған. 1957 жылы орта мектепті бітірген соң, 1958 жылы Алматыдағы КазПИ – дің тарих-филология факультетіне түсіп, оны 1964 жылы ойдағыдай аяқтап шығады.
1971-1975 жылдары аспирантурада оқиды. Болашақ қаламгер өзінің еңбек жолын қарапайым ауыл жұмыстарынан бастаған.
1969-1976 жылдары Семей облыстық телевидениесінде әдебиет-драма, музыкалық хабарлар редакциясының редакторы, аға редакторы қызметін атқарады. Алғашқы еңбектері студенттік жылдары «Лениншіл жас», «Екпінді» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында жарық көрді. 1976 жылдың 12 сәуірінен Абай қорық мұражайының директоры. 1976 жылы Абай мұражайының тізгінін қолына алған Төкен Смайылұлы 33 жылдың ішінде мұражайдың әр өңірде орналасқан, қорғауға арналған бөліктерін қосқандағы жалпы аумағын кішігірім қалашық деңгейіне жеткізді. Мұражайда ғылыми-зерттеу жұмыстардың да аумағы біршама өсті. Мұражай қоры да жақсы толықты.1976 жылы мұнда бар болғаны 3,5 мыңдай жәдігер болса, 33 жыл ішінде оның саны 19 мыңнан асты. Мұражайды басқара лтырып, өзі де зерттеу еңбегімен, сыншылықпен айналасқан Т. Ибрагимовтың өлең, ән, күй өнерін талдап, саралап жазған еңбектері жарық көрді.
Төкен Ибрагимовтың шалқар шабытынан туған толқынды жырлары хат, өлең түрінде өріліп, «Толқын толғау», «Оймен оңаша» сияқты жинақтарға негіз болды. «Ақын неге ауырды?», «Қасымға», «Фаризаға» және экспромтты жырлары сіз бен бізге жан сырын ақтарып, өз өмір жолында кездескен аяулы адамдарды, олардың ғұмыр бойы ұмытылмас асыл бейнелерін, барша ізгілік, ірілік, адамгершілік, мейірім-қайырым, имандылық сияқты қадір-қасиеттерін айшықтай түседі.
«Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкері» (1996), «Құрмет» орденінің (1998) иегері Т.Ибрагимов Жұртшылыққа ұлы Абай мұрасы, жалпы қазақ поэзиясы, мәдениеті жайында зерттеу еңбектері арқылы кеңінен танымал. Қаламгер «Өлең өрісі» (1979 ж.), «Индираға хат», «Толқын толғау» (2001 ж.) монографиясының, «Сағыныш», «Қара бұзау», «Сары құс» әңгімелерінің, «Жаза» операсыынң либереттосы т.б. екі жүзден астам әдеби-сын, әдеби зерттеу, абайтану еңбектерінің авторы. Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының ширек ғасырдан астам директоры, Қазақстан Жазушылар Одағы Семей бөлімінің төрағасы қызметтерін атқарған Төкен Ибрагимовке 2002 жылы «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Әдебиеттер:
1. Ибрагимов Т. «Жер әңгімеші…». – Семей, 2009. – 111 б.
2. Ибрагимов Т. Шығармалары. Т. Толқын толғау. Зерттеулер. – Астана: Фолиант, 2011. – 400 б
3. Ибрагимов, Т. Оймен оңаша: өлеңді сөздер,- Семей, 1999. – 212 б.
***
4. Демежан М. Мерейтой құрметіне алма ағаштары егілді // Ертіс өңірі. – 2014. – 23 сәуір. – Б. 3
5. Ибрагимов Т. Абайдың екі суреті бар, ал Құнанбайдың суреті болған емес // Қазақ әдебиеті. – 2014. – 17 қаңтар. – Б. 8
6. Ибрагимов Т “Заманды түзетпейді кісі билеп”: Көкбай Жанатайұлы -150 // Семей таңы. – 2011. – 13 қыркүйек. – Б. 4
7. Ибрагимов Т. Абайдай Темірқазығы бар жұрттың ғұмыры – мәңгілік // Дидар. – 2009. – 14 қазан. – Б. 5
8. Көпшікбаева Ш. Жерлестері Төкенді төрге шығарды // Семей таңы. – 2009. – 18 маусым. – Б. 2
9. Сапышев А.Жалғыз қара [Төкен Ибрагимовке арналған эссе] // Семей таңы. – 2009. – 1 қазан. – Б. 4