Койшибаев Жумабек КойшибаевичҚойшыбаев Жұмабек Қойшыбайұлы 1916 жылы бұрыңғы Семей облысы, Абыралы ауданы, Ұзынбұлақ ауылсоветіне қарасты №11 ауылда дүниеге келді. Еңбек жолын 14 жасынан пошта қызметкері болып бастады. Техникумды аяқтаған соң Семей мен Аякөзде байланыс жүйесінде жұмыс істеді, байланыс қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы болды. Ол 1942 жылы партиялық жұмысқа жіберіледі. Әр жылдары жауапты және басшылық қызметтер атқарады. Семей облыстық жергілікті өнеркәсіп және тұрмыстық қамту басқармасының бастығы, кейіннен облыстық тұрмыстық қамту басқармасының бастығы болды.
1969 жылдан бастап құрметті демалысқа шыққан 1980 жылға дейін еңбекшілер депутаттары Семей қалалық Советінің төрағасы болды. Жұмабек Қойшыбаев бүкіл саналы өмірін туған қаламыздың жан-жақты даму жолына арнаған елінің нағыз патриоты болды. Республикамыздың Жоғарғы Советінің депутаты, облыстық және қалалық Советтердің депутаты болып сайланды. Ж. Қойшыбаевтың Отан алдындағы еңбегі екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдарымен марапатталған.
Семей қаласы әкімінің 1998 жылы 10 қыркүйектегі шешімімен Қойшыбаев Жұмабек Қойшыбайұлына «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. 2002 жылы 87 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Әдебиеттер

Жұмабек Қойшыбаев // Семей таңы. – 2002. – 13 қыркүйек. – Б. 8