Құрманбаев Асылхан Сүлейменұлы – тарих ғылым доктор, профессор. Ол 1929 жылы 15 маусымда қазіргі Ақмола облысы Қорғалжын аудан Қорғалжын ауылында туған. (1974). ҚазМУ-ды (1951, қазіргі ҚазҰУ) бітірген. Қазақстан ЛКЖО ОК-нің лекторы, Қазақ КСР-і Мәдениет мин-лігі жанындағы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы лекция бюросының директоры (1951–55), Қазақстан Компартиясы Семей қала және облысы комитеттерінің нұсқаушысы (1955–60) болды.
Асылхан Сүлейменұлының елімізге танымал ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері және азамат ретінде қалыптасуы қасиетті Семей өңірінен бастау алатынын біз әрдайым мақтанышпен еске аламыз. Бірақ, бүл жерде әңгімені рет-ретімен айтқан дұрыс болар. Асылхан ағаның өмір жолына үңілгенде, оның жасөспірім шағының нағыз бір қызық кездері Ұлы Отан соғысының отты жылдарына дөп келгенін көреміз. Оның ерте есеюіне бұның да зор әсері болған десем, соғыстан кейін С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін үздік бітіріп шығады. Әлеуметтік белсенділігі жоғары жас жігітті сөйтіп сол кездегі Қазақстан комсомолы Орталық комитетіне жұмысқа шақырады. Мұнда ол халқымыздың батыр қызы, сол кездегі бірінші хатшы Хиуаз Доспанованың қарамағында абыроймен қызмет атқарады.
Ал 1952 жылы Асылхан Сүлейменұлы өзінің өтінішімен Семейге келіп, облыстық комсомол комитетінің лекторлар бөлімінің директорлығына тағайындалады. Әйтсе де ол жүрек қалауымен Семей мемлекеттік педагогикалық институтына оқытушылыққа ауысады. Осылай, Асылхан ағаның жоғары мектептегі нәтижелі ғалымдық және ұстаздық жолы басталады.
Асылхан Сүлейменұлы осы институтта қызмет істей жүре Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсіп, оны ойдағыдай бітіріп, тарих ғылымдарының кандидаты болып шықты. Бұдан кейін ол Жамбыл технологиялық институтының Семей филиалында ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. Осында партия тарихы пәні бойынша дәріс бере жүріп, білікті ұстаз ретіндегі табиғи дарыны жарқырай ашылды. Кейіннен Асылхан аға Ломоносов атындағы Мәскеу университетінде докторлық диссертациясын да ойдағыдай қорғап шықты.
1978 жылы Асылхан Сүлейменұлы министрліктен шақырту алып, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының кафедра меңгерушілігіне сайланды. Сөйтіп, бір кездері өзі оқыған, жастық шағының қызық күндері өткен Алматысына қайта оралып еді. Алайда, оның ендігі қызмет орны әсем Алматыда болғанымен, жүрегі әрдайым Семейім деп соғатын. Алматы зоотехнология-малдәрігерлік институтында (1978–83, қазіргі Қазақ ұлттық агр. университеті), Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында (қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті) кафедра меңгерушісі (1983) қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстандағы социалистік жарыс тарихының мәселелеріне арналған.
Ғалым, педагог Асылхан Сүлейменұлы Құрманбаевтың қоғамдық қызметі үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Жеңістің 20 жылдығы», «Қажырлы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Семей қаласының Құрметті азаматы.

Әдебиеттер:

1.Құрманбаев Асылхан Сүлейменұлы / Сәдуақаұлы Ә. Семей өңірінің құрметті азаматтар. – Алматы: Арқас, 2005. – 244 б.
2.Ерсалимов Б. Асыл ағам Асылхан // Семей таңы. – 2009. – 18 маусым. – Б. 10.
3.Тоқабаев Қ. Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, белгілі ұстаз // Семей таңы. – 2009. – 18 маусым. – Б. 10
4. Түменов С. Аға сенімін ақтай білдік // Семей таңы . – 2013. – 28 мамыр. – Б. 7