Тоқтаров Тәңірберген ТоқтарұлыТоқтаров Тәңірберген Тоқтарұлы 1952 жылы қаңтар айының 31-ші жұлдызында қасиетті Қарғыба өзенінің бойында, ақшуақты Ақсуат ауылында туған. Ақсуат орта мектебін тәмамдап, арман қанатында Семей медицина институтына оқуға түсіп, оны “дәрігер – хирург” мамандығымен аяқтайды.
Еселі еңбек жолын Семей облысы Мақаншы ауданында учаскелік аурухананың бас дәрігері болып бастайды. Білімді де білікті, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары ол көп ұзамай-ақ Мақаншы аудандық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалады. Кәсіби шеберлік, қандай да болмасын шаруада іскерлік, ізденімпаздық танытқан Тәңірберген Тоқтарұлы 1985 жылы Семей қаласындағы сүйек туберкулезі клиникалық ауруханасына бас дәрігер болып қызметке келеді. Ауданда өткен қиындығы мен қызығы, жемісі мен жеңісі, маңдай тер төккен ұйқысыз түндері мен өрлеу жолдары ұштасқан он жыл оны соқтықпалы, соқпақты жолға баптап әкелгендей еді.
Семей қаласында атқарған еңбегі үкімет пен партия басшыларының назарына ілініп, сенімге ие болады. Талапты тегеуірінді қоятын, орындалуын жіті қадағалайтын, өзі принципті, оны өзгелерден мейлі, ол басшысы болсын қатаң талап ететін Тәңірберген Тоқтарұлы 1987 – 1990 жылдар аралығында Семей облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі және облыстық атқару комитетінің мүшесі болады. Осы жылдарда ол халыққа отансүйгіштігімен, ел мен жерге деген зор махаббатымен, перзенттік парызын өмірінің басты мақсаты деп танитын азамат ретінде танылды. Тәңірберген Тоқтарұлы жеке басын бәйгеге тігіп, кейбір басшылар жоғарғы жақ талқысынан қорқып, жұмған аузын ашпай отырғанда, полигон зардаптары жайлы ащы шындықты Мәскеуден арнайы келген сегіз генералдың алдында тайсалмай тұрып жайып салады. Бұл білгенге нағыз көзсіз батырлық еді. Ел үшін, қасірет шеккен, жер үшін жаным құрбан дейтін ашынған ердің дауысы еді.
Облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарған жылдары оның басшылығымен облыста жалпы сомасы 250 млн. сом болатын он бес ірі денсаулық сақтау мен емдеу мекемелері салынды. Құны 9 млн. доллар болатын диагностикалық орталық, Республикада алғаш рет құны 5 млн. доллар офталмологиялық және балаларды сауықтыру орталықтары салынып, пайдалануға берілді.
Т.Тоқтарұлы 1990-1993 жылдары Қазақстан Республикасының 12-ші шақырылған Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, ҚР Жоғарғы Кеңес Президиумының мүшесі, Жоғарғы Кеңестің халық денсаулығын сақтау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы болып қызмет етеді. Осы уақыт ішінде “Арал тұрғындарын қорғау жөнінде”, “Семей аумағында ядролық жарылыстардан зардап шеккен тұрғындарды қорғау жөнінде”, «ҚР халықтарының денсаулығы туралы», ҚР-ның туризм және спортын дамыту туралы” және т.б. заңдар Тәңірберген Тоқтарұлының жетекшілігімен және тікелей басшылығымен жобаланып, қабылданды.
1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасының 13-ші шақырылған Жоғарғы Кеңесіне ел сенімін тағы да арқалап, депутат болып сайланады да ҚР Жоғарғы Кеңесі Бақылау палатасы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін қоса атқарады. Бұл кезеңде ол жүктелген міндетке сәйкес Республиканың бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына, ҚР – ның Қаржы министрлігі, Ұлттық Банкі мен Қорғаныс министрлігінің, Республика ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Республика Бас прокуратурасының, Юстиция министрлігінің қаржы қызметіне Жоғарғы Кеңестің Бақылау палатасының бағыты бойынша бақылау жасайды.
1995-1999 жылдары “Жиһангер” ЖШС-інің және “Интеркаспий” ЖШС-інің Президенті, 1999-2004 жылдары “Валерия” ЛТД (Ресей, Мәскеу қаласы) халықаралық компаниясының инвестиция жөніндегі вице-президенті қызметтерін атқарады.
2005 жылдың басынан 2005 жылдың қазан айына дейін “ЦАТЭК” АҚ-ның (Алматы қаласы) жобалау жөніндегі атқарушы директоры, 2005 жылдың қараша айынан 2006 жылдың қыркүйегіне дейін “Базаль – ПВ” ЖШС-інің (Алматы қаласы) директоры, 2006 жылдың қазанынан 2008 жылдың ақпанына дейін “Базальтовые технологии” ЖШС-інің (Павлодар қаласы) Бас директоры, 2008 жылдың наурызынан 2009 жылдың қаңтарына дейін “Альянс компаниясының” (Ресей, Москва қаласы) Қазақстандағы өкілі,
2009 жылдың басынан бастап 2009 қараша айына дейін “Дархан” ЖШС-інің атқарушы директоры қызметтерін абыроймен атқарған Тәңірберген Тоқтарұлы бұл уақытта Қарағандыда “ГРК SAT-komir” ЖШС-інің бас директоры болып еңбек етіп келеді.
Республикаға танымал меценат ретінде атқарған істері абырой биігіне, ел құрметіне бөледі. 2011 жылы ШҚО Тарбағатай ауданы, Қарасу ауылында «Жұмық баба» мешітін салып, ел тілегі, халық қалауы бойынша, Тәнен Мырза атанды. Сол жылдың аяғында оған Тарбағатай ауданының құрметті азаматы атағы беріледі.
Тәңірберген Тоқтарұлы дәрігер-ғалым, медицина ғылымдарының кандидаты. Ол сондай-ақ Аль-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған юрист-құқықтанушы. 2016 жылы 29 қарашада Семей қаласы әкімінің шешімімен Тәңірберген Тоқтарұлына «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді

Әдебиеттер:

Ел ырысын еселегендер қандай құрметке де лайық // Ертіс өңірі. – 2016. – 14 желтоқсан. – Б. 1,7