Кітапхана бастаулары

Кітапхана тарихы әлем жұртшылығы бүгінгі күні қазақ ұлтының біртуар өкілі ретінде біліп,  жауһар жырларымен, көркем аудармаларымен, ғибратты ғақлияларымен өз ана тілдерінде танысуға ықылас білдіріп отырған  ұлтымыздың айнымас  темірқазығы Абай Құнанбайұлының есімімен егіз өріледі. Ғасыр жүгін арқалап заманынан озып туған қазақ сахарасының төл перзенті хакім Абайдың  есімін иеленіп отырған Семейдің қоғамдық кітапханасының тарихында кемеңгер ойшылдың алатын орны ерекше.

Ғасыр белесінен асып, көпшілікті ғылым-білім нәрімен сусындатқан  Қазақстанның көне және ірі мәдениет ошағы – бүгінгі Семейдің облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының тарихы XIX ғасырдың соңғы ширегінен бастау алады. Шындығында  XIX ғасырдың ортасында-ақ алғашқы мәдениет ошақтарының негізі қаланды. 1854 жылы Семей облысымен қатар облыс Басқармасының кітапханасы, одан кейін 1869 жылы Семей облысының әскери губернаторы В.А.Полторацкийдің әйелі Л.К.Полторацкаяның талпыныстарымен  ірге көтерді.  1877 жылы облыстық штаб кітапханасы құрылды. Бұл кітапханалар шектеулі оқырмандар тобына ғана арналды. Жоғары санаттылар ғана  пайдаланып, көпшілікке қолжетімді болмады. Кітап қоры да шектеулі болды, сондықтан да олар ұзақ өмір сүре алмады.

Осы тарихи кезеңде Ресей империясы үшін Семейдің маңызды шекаралық аймақта орналасуы көршілес азиялық елдер туралы тың мәліметтер жинауға, шығыс елдерімен сауда-экономикалық байланыстар орнатуға қолайлы болды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан көне шаһар Семейден саяхатшылар, ғылыми экспедициялар мен сол кездегі басты көлік түйелерге жүк артқан сауда керуендері шартарапқа өтіп жатты. Сонымен қатар Сібірдің бір түпкіріндегі Семей қаласы патшалық Ресей үшін саяси айыптыларды жазалау орындарының біріне айналған.

XIX ғасырдың 80 жылдары Ертіс өңірінің дамуында Семей қаласының рөлі артты. Ол білімнің, мәдениеттің, саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірдің орталығына айналды. Қоныстанушылар, саяси жер аударылғандар есебінен Семей өлкесінде өзге ұлт өкілдерінің саны біршама өсті. Жер аударылғандар арасында әртүрлі тап өкілдері, Польшаның ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан поляктар, патша сотының үкімімен мұнда сотталған декабристер, революционер-демократтар мен халықшылдар болды. Саяси жер аударылғандардың көпшілігі саяси әрекеттері үшін жоғары оқу орындарындағы оқуларын аяқтай алмаса да, өте мәдениетті және білімді жандар болды. Қалада қоныстана отырып олар ағартушылық жұмыстарға белсене араласты, балаларды оқытты, өлкенің тарихын, археологиясын, этнографиясын және экономикасын зерттеп, Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының жұмысына араласып, ғылыми маңызы бар саяхаттарға қатысты.[21. 63]

Әсіресе XIX ғасырдың екінші жартысында  Семейде жазасын өтеп жатқандардың үлкен бір тобының болуы,  қаланың мәдени-рухани  өміріне тың өзгерістер әкелді. Олар жазаларын өтеумен қатар, айдауда өтіп жатқан  өздерінің сүреңсіз күндерін өлкеде атқарған зерттеу істерімен  мәнді-мағыналы қыла білді.

Семей тарихының жарқын беттері  қаланың мәдени – рухани өміріне тың өзгерістер әкелген орыс демократтарының есімдерімен тығыз байланысты.  1878 жылы  Семей қаласында  Е.П.Михаэлистің   басшылығымен далалық өлкені жан-жақта зерттеудің ғылыми негізін қалаған  ең алғашқы қоғамдық мекеме  – Облыстық санақ комитеті ірге көтерген.

Әлемдік мәдениеттен  шалғайда жатқан далалы аймақтың қазақ сахарасындағы құм басқан  көне шаһары Семейге саяси  жер аударылғандар  жаңа заман лебін әкеліп, прогрессивті  идеялар таратты.

Біздің қаламыздың мәдени өмірінің дамуында Е.П. Михаэлис, А. Блэк, С. Гросс, А.А. Леонтьев, П.Д. Лобановский және т.б. саяси жер аударылғандар ерекше рөль атқарды. Олар Қазақстандағы алғашқы кітапхананың ашылуы, қаламызға ерекше мәдени статус беретінін және жергілікті халықтың білімі мен мәдениетін  көтеруге ықпал ететінін түсінді. Е.П. Михаэлис және  оның достары Семей облысының губернаторы А.П. Проценкоға кітапхана ашу туралы ұсыныстарын жеткізді. Ұсыныс губернаторға ұнап, оны жүзеге асыруға ол белсене кіріскен.

Семейдің қоғамдық кітапханасының іргетасы  1883 жылдың 3 қазанында саяси жер аударылғандар Е.П.Михаэлис, В.Н.Филиппов, М.И.Суворцев, С.С.Гросс, А.Л.Блэк, қала тұрғындары-өлкетанушы Г.Колмагоров, И.Земляницын және басқа да зиялы қауым өкілдерінің ұйымдастыруымен  қаланған. Жаңа мекеменің ірге көтеретіні туралы газетке ресми хабарландыру беріліп, оған қала әкімшілігі – шенеуніктер және  шіркеу қызметкерлері, қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, салтанатты жағдайда  ашылу рәсімі жасалған.

Облыстық Санақ комитетінің  қамқорлығымен қызметін бастаған көпшілік кітапхананың жеке ғимараты болмағандықтан, ол комитет жалға алып отырған Большевладимир көшесіндегі (қазіргі Абай көшесі) И.Земляницын үйінің бір бөлмесіне орналасты. Қоғамдық ортада үлкен  беделге ие Е.П.Михаэлисті құрмет тұтатын  И.Земляницын де оның өтінішін жерде қалдырмай, ата-анасынан өзіне  мұраға қалған үйін кітапханаға жалға берген. Кітапхана 1883 жылы ашылған сәтінен 1890 жылға дейін  Земляницын үйінің екі бөлмесінде орналасты. [7. 21; 22. 111; 34. 4]

Абай заманындағы жаңадан ашылған қоғамдық кітапхананың келбетін: «Қазақ даласынан, Петербордан келген жаңалықтардың бәрі Ертістің жағалау баурайындағы осы үйге ағылып жатты. Семейде өзен шағын доға жасап, осы жерден қала еңіске Ертіске қарай түседі. Мына баурайда, адамдар көп жүретін көшеде, бөренелері қарайып кеткен ескі үйде кітапхана орналасқан. Терезелері ойылған жақтаумен көмкерілген, тас тұғырға бекітілген ағаш қақпасы бар.

Жазда Семейдің мекемелері жабылған кезде күн әлі де көкжиектен жоғары тұрады. Облыстық басқармадан, пошта бөлімшесінен, әділет палатасынан және басқа да келу орындарынан адамдар өз істерімен тез тарап жатады. Ат мінгендер төңіректегі қазақ ауылдарына кетеді. Көбі сауда базарына барады. Онда сіз таныстарыңызды кездестіре аласыз, жаңалықтарды біле аласыз немесе шайханаға бара аласыз – бір-екі сағат әңгімелесе аласыз. Сауда сөрелерінен өтіп, кемежайға қарай немесе,  кітапханаға кіргендер де көп болады. Өткен ғасырдың 80-жылдарында жоғарғы және төменгі тапттың адамдарын, әскерилерді, мұғалімдерді, заңгерлерді, көбінесе саяси жер аударылғандарды  да мұнда кездестіруге болатын»- деген суреттеу танытады. [7. 21]

Кітапхана мен мұражайды басқаруға құрамында Комитет мүшелері В.Н.Филиппов, М.И.Суворцев және қалалық училище  мұғалімдері мен Санақ комитетінің секретарі Е.П.Михаэлис енген арнайы комиссия құрылды.

Е.П.Михаэлис, С.С.Гросс, Н.И.Долгополов және басқа да тұлғалар Семей  тарихының жарқын беттерін құрады. Өлкеде болып жатқан жаңа, көңіл қуантар істер қашанда халқының мұң – мұқтажы жанына жақын Абайды бей – жай қалдырмаған. Орыс достары атқарып жатқан өлке үшін де, жалпы Қазақстан үшін де аса маңызды мұндай игілікті іс – шараларға Абай да туған халқының тарихын, мәдениетін, әдет – ғұрпын терең білетіндігімен ақыл – кеңес  беріп,  баға жетпес көмек көрсетіп отырған.[4. 27; 35. 49]

Абайдың қоғам қайраткері ретінде тұлғасының сомдалуына өзін терең толғандырған сол кездегі  туған қазақ халқының  саяси – әлеуметтік жағдайының әсері аз болмаса керек.

Өлкені бірқалыпты, мамыражай тіршілігінен селт еткізіп, ерекше бір серпіліс әкелген, қоңырқай өмірге жарық сәуле түсіріп,  ерекше  әр берген маңызды оқиға – 1883 жылдың қырқүйегінде Семейде қоғамдық кітапхананың ашылуына Е.П.Михаэлис, С.С.Гросс сынды пікірлестерімен бірге өзі де ұйытқы болған  Абай, алғашқы кезеңнен бастап-ақ тұрақты оқырмандар  санатында болған. Ғалым Қ.Мұхамедхановтың сөзімен айтсақ: «Абай Михаэлиспен бірге Статистика комитетінің жұмысына белсене араласады. Әсіресе Семей облыстық өлкетану музейін ашу және қоғамдық кітапхана ашу жұмысын ұйымдастыру мәселесіне ат салысып, іс жүзінде көмек көрсетеді…» [22. 106]

Абай ғылым-білімге  құмарлығы,  кітапқа деген ерекше ықыласы арқылы өзіне Е.П.Михаэлистей өмірлік досын тапқаны аян. Михаэлис Абайдың  ең алғашқы іздену, шығармашылық қалыптасу кезеңінде, оған  жол нұсқаушы, Ресей мәдениетінің хабаршысы есепті болды. Сондықтан ұлағатты ұстазы болған  оны Абай өмірінің кейінгі шағында: «Дүниеге көзімді ашқан кісі – Михаэлис» деп ризашылықпен еске алып, жол нұсқап, басшылық жасағаны үшін алғысын білдіріп  отырған. Ол жайлы Кәкітай да: «Абай әлде бойына біткен өнерін жарыққа шығарып, білдіре алмай кетуге де болатұғын еді. Әгәрда 80-ші жылында жер аударылып келген Михаэлис деген білімді кісімен таныс болмаса… Бұл Гросс һәм  Михаэлис  Абайдыкіне қонақ болып келіп-кетіп жүрген. Абайдың ғылымға бетін түзеп жібермекке осы кісілер үлкен себеп болған… Абай өле-өлгенше  «Менің … дүниеге көзімді ашқан – Михаэлис» деп айтып отырушы еді» – деген  ақынның тұңғыш шығармалар жинағына жазған естелігінде. [18. 108] Бұл ойды ғұлама ақынның замандасы, аты алтын әріппен жазылуға лайық өлкетанушы, священник Б.Герасимов 1920 жылы жазған «Поездка в южный Алтай» жолжазбасында құптайды.[11. 2]

Михаэлис арқылы Абай С.С.Гросс, А.Л.Леонтьев, Н.И.Долгополовтармен танысады. Олар Абайдың 40-тан асып, кемеліне келген, Шығыс, Батыс әдебиеті мен ойшылдарын жақсы білген, қоғамдық қызметке қызу араласып, толысқан шағында таныс болып, оның біліміне, парасатына тәнті болған.  Олар Семейде жазасын өтеп қана қоймай, далалы өлкені зерттеу ісімен кең көлемде айналысып, қазақ тарихын, этнографиясын, құқығын, салт-дәстүрін зерттеу жұмыстарына Абайдың ақыл-кеңесін басшылыққа алған. Білімге құмар Михаэлис өзі де көшпелілер әлемінен зор ынтамен  көп нәрсе үйреніп, білді. Абай арқылы Шығыс мәдениетімен сусындап, далалықтар дипломатиясы сырына қаныққан.

Михаэлис ұшан-теңіз ағартушылық, ұйымдастырушылық, қайраткерлік қырымен қатар, есімі Ертіс пен Алтай өңірін зерттеуші ретінде ғылыми әлемде кеңінен танымал, өте беделді тұлға болды. Семей өлкесінде қызмет еткен жылдары  ол ел арасына жиі шығып, далалы өлке аборигендері – қазақтарға үлкен сүйіспеншілікпен қарап, көшпенділер өркениетімен жете танысуға ден қойды. Кітапханаға келушілер арасында Абай Құнанбайұлы ғана ғалыммен терезесін тең сезінетін.[7. 24]

Әкесі Құнанбайдың қалауымен ел басқару ісіне ерте араласып,  қазақы ортаның қым-қуыт тірлігімен қалаға келген сайын Абайдың ат басын тірейтін көңіліне жақын қадірлі  орны қоғамдық кітапхана еді.

Абай кітапханада жаңа түскен кітаптарды қарап, газет-журналдардың  жаңа сандарымен танысып, Михаэлис, Гросс, Долгополов сынды достарымен кездесіп,  әңгімелесетін.

Ұлттық ауыз әдебиетімізді ана сүтімен бойына сіңіріп, мейірі қана сусындаған, одан соң Шығыстың інжу-маржандарын игерген Абай үшін ендігі таңсық әлем орыс әдебиеті болды.  Әдетте  Абай кітапханада ұзақ,  түнге дейін отыратын. Оқитын, толғанатын, қайта оқитын… Спенсер, Бокль, Дарвин, энциклопедиялық сөздіктер, анықтамалықтар, атластар. Бірақ, бәрінен бұрын оны орыс әдебиеті қызықтыратын: Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой, Салтыков-Щедрин…[35. 48] Орыс әдебиетін мейлінше меңгерген Абай орыс әдебиеті арқылы батыс әдебиетінің Андерсен, Гете, Байрон, Шекспир, Шиллер сияқты  көркем сөз зергерлерімен таныс болды.

Далалы өлкенің мәдени өміріндегі кітапхананың рөлі мен дана ақынның Семейдің қоғамдық кітапханасының тұрақты оқырманы екенін де жазып тарихта қалдырған Дж. Кеннан болатын. Ол 1885 ж. суретші Фрост екеуі саяси айыптылар көп шоғырланған Сібір өлкесіне жасаған арнайы  сапарында Семейде болып, қала орталығындағы  шағын ағаш үйде орналасқан  кітапхана қорынан батыс ойшылдарының шығармалары мен  әлемдік көркем әдебиеттің  тамаша үлгілерін көріп, А.А.Леонтьевпен әңгімелесіп, кітапхананы жергілікті қазақтар да пайдаланатынын естиді.[15. 26]

А.Леонтьев Абайды үлкен ой иесі, дана адам, орыс әдебиетін жақсы меңгерген, ол ағылшын ойшылдарын мұқият зерделеп жүр. «…Мен онымен екі мәрте әңгімелескенімде Дрепердің «Умственное развитие Европы» еңбегін жақсы игергенін білдім,  сізді сендіре аламын»- деп Дж. Кеннанды қайран қалдырады. Дарвинды, Бокльді терең зерттеп жүрген, өзін таңдандырған Ибрагим Кононбай (Ибрагим Құнанбаев)  жайлы ол «Сибирь и ссылка» (1906) кітабында жазады. Дж. Кеннан Абаймен кездескісі келген, бірақ оның сәті түспеген. [35. 53]

Бұл еуропалық дереккөздердегі кітапхана туралы алғашқы жазба болды. Дж. Кеннан: «…шағын антропологиялық мұражайы мен барлық ресейлік журналдар мен газеттерді және өте жақсы кітаптарды таба алатын, жайлы оқу залы бар, қаланың ортасындағы қарапайым ағаш ғимарат. Мен Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Дарвин шығармаларын, … Скотт, Диккенстің … романдары мен повестерін көргенде таң қалдым. Кітаптардың мұндай іріктеліп, кітапханадан көрініс табуы зиялы қауымға және оны ұйымдастырғандар мен осы кітаптарды пайдаланғандардың талғамына құрмет көрсетеді. Кітаптың арқасында Семей туралы осы уақытқа дейін көрген-білгенімнен гөрі ең жақсы пікірім қалыптасты» деген.[15. 26]

Кеннаннан  кейін өзінің кезекті саяхаты сапарында 1885 жылдың желтоқсан айында Семейде болып, кітапхана мен өлкетану музейімен  асықпай танысқан орыстың әйгілі жиһанкезі Николай  Михайлович Пржевальский кешкісін офицерлер залындағы мәжілісте: «Бұлар көңіл аударуға тұрарлық мекемелер, осы мекемелер үшін мен қалаға алғыс айтамын және бұл мекемелердің алдағы уақытта онан сайын өркендей беруіне тілектестік ниетімді білдіргім келеді!»- деп өз пікірін білдірген. [7. 23]

Абай сирек басылымдарда…

Кітапхананың сирек басылымдар қорындағы асыл қазыналар кемеңгер ақын Абайдың кітапхана ашылған кезеңнен бастап тұрақты оқырманы болған өмірінің маңызды бір кезеңін ашып көрсетеді. Алтын қорымызды құрайтын сирек өлкетану дереккөздері, кемеңгер ойшылдың ел игілігі үшін ғасырдан ұзақ уақыт бұрын атқарған қоғамдық қызметтерімен таныстырады. Абайдың қайраткерлік тұлғасын сомдайтын бұл сирек түпнұсқалар Абайтану ғылымының құнды дереккөздері болып табылады.

Санақ комитетінің өлкеде ұйымдастырып отырған ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстарына тығыз араласқан Абай қайраткерлік қызметімен және Михаэлистің ұсынуымен 1886 жылы Санақ комитетінің толық мүшелігіне ресми түрде қабылданған. Ол туралы кітапханамыздың сирек басылымдар  қорындағы Семей облыстық Санақ комитетінің 1897 және 1900 жылдардағы «Памятная книжка» басылымдарындағы деректі мәліметтері сөйлейді. Кітаптың «Адрес-календарь Семипалатинской области»-атты 3-ші бөлімінде Облыстық Санақ комитетінің толық мүшелері жайлы деректер  тізімінде: Е.П.Михаэлистің өзінен кейін кітапхананы ұйымдастыруға қаржылай көмек көрсеткен павлодарлық көпес А.И.Деров пен  Ибрагим Кунанбаев, яғни Абай үшеуінің бір күні – 1886 жылдың 4 мамырынан қабылданғаны туралы мәлімет берілген.[28. 26; 29. 18]

Михаэлистің кеңесімен әдебиеттерді таңдап, талғап оқитын Абай қалаға келген сайын кітапханаға ат басын тіреп, қажетті кітап, газет – журналдарымен танысып, өзі аңсаған әдебиеттер әлеміне еркін саяхаттаған.

Қыста өзіне арнап бір бөлмесін даярлап қоятын Әнияр Молдабаевтың үйіне тоқтап, күндіз кітапхананың тыныш, қоңырсалқын бөлмесінде іздеген әдебиеттерін асықпай оқып, достарымен кездесіп, пікірлескен.

Ә.Молдабаев Шыңғыс болысынан, Абайдың қамқорлығымен көп көріп, білім алған азамат. Семейдегі Мемлекттік Банк бөлімінде тілмаштық қызметін  атқарған.[28.  32; 29. 22]

Ал жазда  Пушкин, Крылов, Лермонтов және басқа қаламгерлер шығармаларын, ғылым салаларынан әдебиеттерімен қоржыны  толы кітаптарын  алып Шыңғысты жайлаған ауылына қайтып, үзбей оқыған. Абай  өзі қалаға келе алмаған жағдайда ғажап ертегіші, елгезек, сырға берік атқосшысы Баймағамбет арқылы  Е.П.Михаэлис пен Н.Я.Коншиннің жіберген хаттарын, кітаптарын, қоғамдық кітапханадан өзіне керекті шығармаларды ауылға алдырып отырған. Ол өзі оқығанын місе тұтпай, ауылдастарына әңгімелеп беруді  әдетке айналдырған. Сонау  Шыңғыстағы ауылынан салт атпен келіп, қоржын толы кітаптарды теңдеп алып қайтатын Баймағамбеттен басқа Абайдың іні-балалары Абдрахман, Мағауия, Ақылбай, Кәкітайлар да Семейдің қоғамдық кітапханасымен байланыстарын үзбегенін Кәмен Оразалин еске алады.[24. 29]

Кітапхана қорынан Абай тек көркем әдебиеттің озық үлгілерін ғана емес, философия, жаратылыстану, тарих ғылымдарынан кітаптар және әртүрлі ғылым салаларынан  энциклопедия,  сөздіктер, анықтамалықтар алатын. Абай назарынан өз балалары мен ауылдастарының сауатын ашуға қажет «Азбука» және басқа  да оқулықтар  тыс қалмаған.

Кітапхананың сирек басылымдар  қорындағы кітаптарда кездесетін экслибристері олардың жеке кітапханадан сыйға берілгенін білдіреді. Мұның ішінде Санкпетерборда 1875 жылы жария көрген, әйгілі орыс жиһанкезі, географы, XIX ғасырдың екінші жартысында Орта Азияны зерттеудің бастамасын қалап, ғылымды соны жаңалықтармен байытқан Н.Пржевальскийдің «Монголія и Страна Тангутовъ»  үш жылдық саяхаты жайлы зерттеуіндегі: «Тимофею Савичу Морозову от автора»-деген авторының өз қолтаңбасы кітаптың құндылығын арттырып тұрғаны сөзсіз.

Кітапхананың осындай қазына қорымен танысқан сайын Абай білім мухитына армансыз сүңгіп, кітап оқу арқылы жаңа әлемге енгендей күй кешті. Михаэлис, Долгополов тағы басқа достары Семей полицмейстерінен рұқсат алып, Абай ауылына қонақ болып, қымызбен емделіп, өздерінің қазақ тарихына, әдет-ғұрып заңдарына қатысты зерттеу еңбектеріне одан құнды мәліметтер, ақыл-кеңестерін алып отырған. Турағұлдың, Кәкітайдың естеліктерінен біз Абайдың Долгополовты Шаған өзені бойындағы табиғат аясындағы тарихи – мәдени ескерткіш – «Қоңыр әулие» үңгірімен таныстырғанын білеміз.

1884 жылы әскери губернатордың рұқсатымен жаз айында Абай ауылында болып,  А.Л.Блэкпен бірлесіп дайындап жатқан «Материалы для изучения юридических обычаев киргиз» зерттеуіне мәлімет жинаған С.С.Гроссты ақын өзі ертіп жүріп, тобықты елінің салтын көрсетіп, түсіндірген, ерекшелігі бар көршілес рулардың салт – дәстүрімен таныстырған.[36. 222]

П.Д.Лобановский Абайдың көзі тірісінде қарындашпен суретін салып, тарихта қалдырған. Портретке ол: «Семей уезі Шыңғыс болысының қазағы. Қазақ даласына ерекше белгілі Құнанбай Өскенбаевтың (ол 1886 жылы өлген) баласы. Өзі де жергілікті мөлшерде әйгілі адам, өз халқының әдет-ғұрпының білгірі, қазақтар ортасында үлкен ықпал иесі, 45 жаста» – деп түсініктеме жазған. 1887 жылы бұл портрет  Сібір – Орал ғылыми – өндірістік көрмесіне қойылады.

Абайдың орыс достары, пікірлестері жайлы айта келе М. О. Әуезовтің мына бір сөзімен ойымызды түйіндейік: «Абайға әсер еткен дүниелер көп… бірақ Абай деген сол әсерлердің жиынтығы емес, бәрінен қорытылған асылы,  жаңа бітім,  тың тұлға». [2. 52]

Абай заманына дейінгі «…қазақ дәстүрлі құқығының, оның ішінде қылмыстық құқығының тамыры тереңде. «Ол ежелгі дәуірлерді айтпағанның өзінде Шыңғыс хан «Жасағы», қыпшақтың  «Кодекс куманикусы»,  армян әліпбиімен жазылған «Төре бітігі», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты құқықтық тарихи-мәдени ескерткіштермен айғақталады. Яғни Абайдан бұрын да қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениеті жоғары дәрежеде болған. Абай сол мәдени мұраны терең сезінген, білген, әрі қарай өрге жетелеген».[12. 58]

1885 жылдың жазында Шар өзені бойындағы Қарамола деген жерде Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы уездерінен жиналған,  әдеттік заңды жақсы білетін, жүзден аса билер қатынасқан облыстық төтенше съезде «Төбе би» болып сайланған Абай, қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары негізінде үш күн, үш түнде жаңа заң жобасын жасап ұсынған. Көпшілік талқысына салынған бұл заң жобасы еш өзгеріссіз бір ауыздан қабылданған. Дана ақынның  қазақтың құқық заңдарына қатысы жайлы қысқа мәліметті  Н.Я.Коншиннің 1927 жылғы «Записки…» жариялаған: «Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведения» мақаласынан танысуға болады.[16. 116] Қазақтың әдет-ғұрып құқықтық нормаларын зерттеуші ғалымдар Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың дайындауымен өмірге келген, тарихқа   «Қарамола  ережесі» деген атпен енген жаңа әдет-ғұрып заңының 73 баптан тұрып, бүгінгі күнге түпнұсқасының қазақ, орыс тіліндегі мәтіні жеткен құнды мұра деп бағалайды. Бұл тарихи құқықтық құжатты орыс тіліне Әміре Дүрменұлы Айтбакин аударған.

Аталған басылымдағы келесі мақала Семей, Шығыс Қазақстан өлкесін зерттеуші ретінде тарихта аты қалған Семей Географиялық бөлімшесінің ұйымдастырушысы, ғалым-педагог,  священник Б.Герасимовтың «Поездка в Южный Алтай» жолжазбасы. Мақала 1920 жылы өлке жайлы мәліметтер мен мұражайға коллекция жинау мақсатында оңтүстік Алтайға жасаған саяхатының нәтижесі.

Жолжазбаны оқи отырып, Өскеменді алтын өндіру орталығына айналдырған кенді Қалба жоталарынан бастап, Айыртау, Бұхтарма, Зайсан, Сауыр-Мұзтау, Ұранхай, Боран, Теректі мен  Алтайдың тамаша табиғатының орталығы Марқакөлде автормен сапарлас болғандай әсер аласың. Б.Герасимов өлке тарихындағы саяси жер аударылғандар жайлы айта келе, Өскемен қаласының гүлденуіне мәдени ықпалы зор болған О.Ф.Костюрин, А.Н.Фёдоров сияқты есімі өлке шежіресінен лайықты орын алатын тұлғаларға тоқталып, қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың тұлға ретінде қалыптасуына  игі ықпалын тигізген деп Е.П.Михаэлисті атайды.[11. 2]

Қаламызда 1887 жылдың 21 қарашасында «Бастауыш білім беру қоғамы» ашылып, ол Санкт-Петербург, Омбы, Том сияқты Ресейдің ірі қалалары мен Семейдегі оқу орындарында білім іздеген жастарға демеушілік қолдау жасаған. Қоғам сонымен қатар Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне демеушілік жасап, қоғамдық кітапхананың қалыптасуына зор еңбек сіңірген. Қоғамдық кітапханада Гоголь атындағы ақысыз оқу залын ашып, мерзімді басылымдарға жазылуды ұйымдастырған. Қоғамның аймақта атқарған қайырымдылық игі істерінен Абай да тыс қалмай, өзінің азаматтық үлесін қосқан. Сирек қорымыздағы «Бастауыш білім беру қоғамының 1893/94 жылдарғы жұмыс есебінде» Абай мен оның ұлдары Ақылбай және Мағауия Құнанбаевтардың аталған қоғамға мүше болып, жарна төлеп, азаматтық парыздарын өтей отырып,  өз туған халқының сауатты ұрпақ тәрбиелеп, басқа жұртпен терезесі тең, болашағы жарқын ел  болуын көксеген.[25. 43]

Сирек басылымдарымыздың алтын  қорындағы облыстық мерзімді басылым  1894 жылғы «Семипалатинские Областные ведомости» газетінің 8 қаңтардағы №2 санында «1893 жылдың 29 желтоқсанында  Семейдің Қоғамдық Мәжіліс үйінде  болған Бастауыш білім беру қоғамының маскарад шарасының есебі» жарияланған. Маскарад шарасынан түскен қаржыларға жүргізген санағының «Кірістер» бөлімінде жарна төлеген Абай Құнанбаев пен ұлы Мағауияның аттары тізімде келтірілген.[33. 2]

Санақ  Комитетінің өлкеде атқарған жақсы бастамаларын жалғастырушы, 1902 жылы ірге көтерген Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Батыс – Сібір Бөлімінің  Семей бөлімшесіне академиктер С.Ф.Шокальский, А.П.Карпинский, В.А.Обручев құрметті мүшелері болып, жұмысына орыстың атақты жиһанкез ғалымдары П.П. Семёнов  Тянь-Шанский, Г.Н.Потанин, В.В.Сапожников, ірі қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов белсене ат салысқан. Абай Құнанбаев корреспондент – мүшесі болған Семей бөлімшесіне Шәкәрім Құдайбердиев және Жақып Ақпаев, Райымжан Мәрсеков, Әлімхан Ермеков, Мұхтар Әуезов, Нұрғали мен Нәзипа Құлжановалар лайықты қоғамдық қызметтеріне қарай толық мүшелікке қабылданған.[5. 7]

Семей бөлімшесі Қазақстанды, оның ішінде Жетісу, Шығыс Қазақстан, Алтай өңірі, Семей өлкесін зерттеу ісінде атқарған жұмысы қазақ тарихынан, этнографиясынан, далалы аймақ флорасы мен фаунасынан, қазба – кен байлықтарынан ғылымға тың мәліметтер беріп, кітапхана мен мұражай жұмысының жандануына, жалпы аймақтың дамуына үлкен ықпал етіп, Семей тарихының жаңа парақтарын ашқан.

Ғылымның әр саласына көңіл қойып, өзінің ақыл-ой зердесін кемелдендіруде, шығармашылық ізденісте болған Абай қазақтың шығу тегі, тарихына терең үңіліп, 1890 жылы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» ғылыми мақаласын жазады. Н.Я.Коншиннің өтінуімен жазылған «Заметка о происхождении родов Средней Киргизской Орды» мақаласының авторлығы Абайға тиісті екенін архив құжаттарына сүйеніп ғалым-абайтанушы Қ. Мұхамедханов дәлелдеген.

Сирек қорымызда электронды нұсқасы бар Семёнов  Тянь-Шанскийдің редакторлығымен Санкт-Петербургте жария көрген «Россія. Полное географическое описаніе нашего Отечества» кітабының 18 томының А.Н.Седельников авторлығымен дайындалған «Население» бөлімінде қазақ әдебиетіне шолу жасалып, Абайдың ақындығына қазақ әдебиетінің жаңа ағымы, тың дүние деп, Пушкиннен «Евгений Онегинін» Лермонтовтың көптеген өлеңдерін тамаша аудармасын жасағанын, Семей «өлеңшілерінің» Татьянаның әнін өз мәнерлерінде орындайтыны айтылып, баспа бетінде жоғары баға берілген.[30. 204]

Семей бөлімшесі ғылыми зерттеу еңбектерін өздерінің  «Запискилерінде…» жариялап отырған. Сирек қорымыздағы  құнды қазынаның бірі – 1907 жылғы «Запискидің…» 3-ші басылымында Ә. Бөкейхановтың Абай Құнанбаевқа арнаған, бұрын қазақ үрдісінде болмаған қазанамасы жарияланып, орыс тілді оқырманды қазақтың ұлы ақынының өнегелі өмірімен және шығармашылығымен кең түрде таныстырған.[6. 1-8.]

Келесі бір сирек басылымдар қорындағы құнды дереккөз – көпес Ф.П. Плещеев баспасынан 1915 ж. шыққан “Сельско-хозяйственный Обзоръ Семипалатинской области За 1914 годъ”- Статистикалық ғылыми зерттеуі  XIX ғасырдағы қазақ ауылы тұрмысының  әлеуметтік хал-ахуалы нақты деректерінің ақпарат көзі. Кітапта Шыңғыс болысының №1 әкімшілік ауылының тұрғыны  Абай Құнанбаевтың,  жеке отау иелері балалары- Ақылбай, Мағауияның, Тұрағұлдың, №2 әкімшілік ауыл тұрғыны Шәкәрім Құдайбердиевтің, №8 әкімшілік ауыл тұрғыны, Бөріліні мекендеген Мұхтар Омарханұлының атасы Бердіқожаұлы Әуездің шаруашылығы жайлы деректер кестеде бар. Бұл мағлұматтар Абай өмір сүрген замандағы  қазақ ауылының әлеуметтік-экономикалық  жағдайынан, тыныс-тіршілігінен нақты  деректер береді. [32. 162, 164]

Хакім Абайға деген елдің ыстық ықыласын ол дүниеден өткеннен кейін де толастамаған  іс-шараларынан көреміз. Кітапхананың сирек өлкетану басылымдарында Семей Географиялық Қоғамының кемеңгер ақынның дүниеден өткеніне 10 жыл және 20 жыл толу құрметіне өткізген салтанатты шаралары жайлы құнды деректер сақталған.

Б.Герасимов «Двадцатипятилетие Семипалатинского Отдела Государственного Русского Географического Общества. 1902-1927 год» басылымында: «С 1914 г. Отдел начал  практиковать устроиство этнографических вечеров, как одно из средств привлечения интереса к этнографии. Состоялись следующие… 1) 26 января 1914 г.- казакский, по случаю десятилетия со дня смерти Абая Кунанбаева…»- дейді. [10. 20]

Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына  арналған, ақын өзі мүшесі болған Орыс Географиялық Қоғамының Семей Бөлімшесінің «Общественное собрание» ұйінде өткізген әдеби кеш туралы: «Айқап» журналы «Бүркіт, қаршығаларды  көрсету кезінде  қазақтың аңқұмарлығын да сөз етті. Қазақ әйелдерінің қымыз сапырып, қонақты қалай күтетіндігі айтылды.  Абайдың өлеңдері орындалады деген хабарды  естіп ағылған қаладағы, қырдағы қазақтың көбіне билет жетпей қалды»- деп  жазған. [19.  67]

Этнографиялық кеште Семей семинариясының мұғалімі Нәзипа Құлжанова «Қазақ ақыны Ибраһим (Абай) Құнанбаев және қазақ поэзиясы» тақырыбында орыс тілінде баяндама жасап, ұлы ақынның  әнші серігі Әлмағамбет Қапсәләмұлының орындауында  «Татьянаның сөзі» мен «Көзімнің қарасы» және «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әндерін жұрт ыстық ықыласпен қарсы алған.

1914 жылғы «Қазақ» газетінің 23 маусымдағы 67-ші санында Міржақып Дулатов Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына арнап мақала жазып: «Өткен 26 январда Семей қаласында Географическое общество, ондағы оқыған қазақ жастарының жәрдемімен, Абай құрметіне әдебиет кешін жасағандығы Семей халқынан күткен үмітімізді күшейтуге зор дәлел болса керек. Ол кеш бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кеші болып, һәм бірінші қазақ әйелі (Назифа ханым Құлжанов жамағатының) майданға түсіп берген өрнегі еді» деп жазды.

Семей Бөлімшесінің «Отчет Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества с 1-го октября с 1924 г., по 1 октябрь 1925 г.» басылымы 1924 жылдың  27 желтоқсанында қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 20 жыл толуына орай Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі атқарған шаралары жайлы мәлімет береді.   Семей географиялық бөлімшесі Абайдың құрметіне салтанатты мәжіліс өткізіп, онда  ақынға арналған баяндамалардан соң  төл шығармалары орындалған.

Шара Луначарский театрында жалғасын тауып, Абайдың құрметіне қазақ тілінде сонда әдебиет кеші өткен. Сол кеште Географиялық бөлімше мүшелері Халел Ғаббасов: «Биография Абая Кунанбаева» атты, ал М. Әуезов: «Место Абая в киргизской литературе» тақырыбында баяндамаларын жасаған. Абайдың досы Көкбай Жанатаев естеліктерін әңгімелеп, ақынның терең сырлы әндері шырқалып, жауһар жырлары оқылған. Абай бастап кеткен қоғамдық игілікті  іс-шаралар осылай баянды жалғасын тауып жатты. [26. 3-4]

Сирек басылымдарымыздың «Алтын қорындағы» «Әдебиет майданы» журналының 1937 жылғы №4 санына Абай Құнанбайұлына қатысты үш мақала жарияланған.

XX ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарына жататын «Таң», «Шолпан» журналдарының жалғасы «Әдебиет майданының» 1937 жылғы №4 санындағы Абай Құнанбайұлына қатысты деректер туралы айтар болсақ, аталған санда М. Әуезовтің «Татьянаның қырдағы әні». «Абай» романынан бір үзінді – деген атаумен болашақ эпопеясының үзіндісі оқырманға  жол тартқан.[20. 57]

Абайтану ғылымында бірден даңғыл жол болған жоқ, сан  қилы тарихи кезеңді бастан кешірді. Сол тарихи кезеңде Абайдың әдеби мұрасын тану мәселесінің көптеген қаламгерлер еңбектерінде, сыни ойларында әр қилы пікірлер болды. Соның бір айғағы Сәбит Мұқановтың 1937 жылғы Семейге сапары. Бұл сапар оның  Абайды жаңаша ұғынуына бетбұрыс жасап, ақынды «қазақ феодализмінің либерал беті» – деген теріс пікірінен қайтып, «Әдебиет майданының» 1937 жылғы №4 санындағы әдебиет сүйер қауымға үлкен жаңалық әкелген «Абай халық ақыны» мақаласында Абайды  үлгі тұтар өнер иесі, «халықтың ақыны» деп тануына әкелді.[31. 95]

Келесі мақала авторы Рақымжан  Жаманқұлов 1937 жылғы «Әдебиет майданы» журналының №4 санына «Пушкин өлеңдерінің аудармасы жөнінде бір-екі сөз»- деген атпен Абайдың аудармалары жөнінде ғылыми зерттеуін жариялаған.[13. 106]

Кітапхананы құру үшін облыстың бұрынғы вице-губернаторы Н.Н. Петухов, сот мекемесінің қайраткері П.Е. Маковецкий, ерлер прогимназиясының мұғалімі  П.В. Шмейссер, ерлер гимназиясының нұсқаушысы М.Е. Берёзников пен Ф.К. Зобнин, саяси жер аударылғандар А.А.Леонтьев, П.Д.Лобановский,  А.А.Блэк сияқты тұлғалар  еңбек сіңірді. [34. 4]

Семейдің қоғамдық кітапханасы қалыптасып кетуі үшін семейлік- Ф.П.Плещеев, С.И.Хабаров, А.В.Москвин, павлодарлық – А.И.Деров, Красноярда бай кітапхананы қаржыландырып тұрған – Г.В.Юдин сынды ауқатты көпестер қаражат беріп, қайырымдылық көмек жасаған.[7. 22] Жалпы комитет құрастырған кітапхананы пайдалану ережесі бойынша  оқырмандардан абоненттік ақы алынды.

Облыс орталығы Семей қаласында кітапхана мен мұражай сынды мәдени мекемелердің құрылуы көпшілік қауымнан қызу қолдау тапты. Семей облысының әскери губернаторы В.С.Цеклинский өз тарапынан қалабасы В.В.Поляковқа жыл сайын смета тәртібімен 300 сом кітапхананың және 100 сом мұражайдың қажеті үшін, жиыны 400 сом қаржы босатуын өтініп сұрады. Қала басшылығы өтінішті қанағаттандырып, 1884-1885 жылдары 200 сом, ал 1887-1889 жылдары 100 сомнан қаржы бөліп, одан кейінгі жылдары қаржы бөлуден бас тартқан.[34. 5]      Құрылған жылдың күзінде кітапхана, ішінде Л.Н.Толстой, С.М.Соловьев, В.Ф.Одоевский, Н.П.Огарев, А.Н.Плещеев шығармалары бар Санкт-Петербургтен арнайы жаздырып алдырған әдебиеттерінің бірінші партиясын қабылдап алды.

Алғашқы жылы  қоғамдық кітапхананың қорында 274 дана кітап болып, 130 оқырман жазылса, екі жылда  пайдаланушылар саны 270 – ке жеткен. Әр жылдары кітапханаға қала тұрғындары мен жер аударылғандар Н.Я.Коншин, А.А.Блэк, Облыстық Басқармада қызмет ететін Әміре Айтбакин сияқты және т.б. зиялы қауым өкілдері қайырымдылық көмек көрсетіп, оның іргелі мәдениет ошағына айналуына ықпал етті. Ресми түрде кітапхана кешкі 9.00-ге дейін жұмыс жасағанымен, оған келушілердің бірі жаңа түскен әдебиеттермен танысып, келесі бірі шет тілінен аударма жасап, үшінші бірі қазақ  құқығына қатысты мәліметтерді зерттеп,  түн жарымына дейін отырған. Кітапхана мен мұражай далалы аймақтағы ең ірі мәдениет ошағы ретінде алдыңғы қатарлы ақыл-ой иелері бас қосатын орынға айналды.

Әміре Дүрменұлы Айтбакин 1882 жылы Омбыдан оқытушылар семинариясын бітірген соң Семейде қызметте жүріп, қоғамдық кітапхананың ұйымдасуына, қалыптасуына тер төккен азаматтардың бірі. Ол Н.И.Долгополовпен бірге келіп, кітапхананың шаруашылық қажеттіліктерін де тиянақты орындап, әрқашан көмек қолын созудан бас тартпағанын бізге жеткен сирек деректер баяндайды. Ол 1889 жылы Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түсіп, оны күміс медальмен аяқтап, өзі армандаған мамандығына қол жеткізіп, қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді дәрігерлер қатарында туған халқына адал қызмет еткен тұлға.

Кітапхана жанашырлары, ұйымдастырушылардың ғылыми кітапхана қорын толықтыруға көмек  сұрап халыққа тастаған үндеуі кітапхана қорының толығуына игі ықпал етті. Семей Облыстық Санақ  комитетінің мүшесі, Юрьев университетінің профессоры Е.Ф.Шмурлодан 18 атаулы шығармалардың 33 данасы келіп түскен.

Қазіргі кезде Абай атындағы әмбебап кітапхананың сирек қорындағы өлкетану әдебиеттеріндегі мәліметтер қоғамдық кітапхана қорының жылдан-жылға көпестер мен шенеуніктердің, жеке адамдардың сыйға тартуымен біршама толығып отырғанын көрсетеді. Осындай игілікті іс жасаған азаматтар  қатарында деректерде Г.Ф.Кудрявцев, Г.А.Сопетов, Ф.В.Ступин, А.И.Соловьевтың, С.Ф.Плещеев, В.Н.Федотов және статс-секретарь А.Н.Куломзиннің есімі құрметпен аталады. Қорда сақталған сирек басылымдарда кездесетін «Библіотека Фёдора Фёдоровича Трейерова», «В.Н.Коншина», «Товарищ. Курбатова и Игнатова. Пристань Семипалатинская» экслибристері бұл кітаптардың жеке кітапханадан сыйға тартылғанын дәлелдейді.

Мұражай мен кітапхананың ірге көтеруіне қытай үкіметінің  1867 жылы Зайсан уезінің  ресей қоластына қараған тұрғындарына келтірілген залал үшін қытай күмісімен төлеген өтемақысы, лажа қаржысының болуы да игі ықпал еткен (лаж, лажа италия тілінен laggio –  «үстеме», яғни, металл және қағаз ақша айырмасының бағасы – Ред. Ескерт.). Бұл қаржылар 1880 жылы Семей облысының жергілікті қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында Ішкі істер Министрлігінің арнайы қаржысына құйылған. Ішкі істер Министрлігі Семей қаласында Мұражай мен Қоғамдық кітапхана құру үшін ол қаржыдан 1883 жылғы сметаға 1500 сом қаражат құйды.[34. 4]

Кітапхана қажеттілігі үшін лажа қаржысынан 1200 сом қаражат жұмсалды. Сирек басылымдағы мәліметтер  қаржы  тапшылығы үнемі  болғанын,  іргесі қаланған мерзімнен бастап лажа өтемақысынан 1893 жылдың 13 мамырына дейін кітапханаға 10.075 сом 34 тиын жұмсалғанын көрсетеді. Мұражайға жылына 250-300 сом, ал кітапханаға шамамен 1000 сом қаржы жұмсалып отырған. Бірақ бұл қаражат жеткіліксіз болды да алғашқы құрылған кезеңнен-ақ кітапхана қаржыдан таршылық көрді.[34. 4]

Кітапхана қорының негізі статистика комитетінің кітапханасынан бастау алып, география, этнография, археология, статистика, жаратылыстану ғылымы  салаларынан ғылыми шығармалармен, қаулылар мен есептер түрлеріндегі құжаттардан тұрып, сондай-ақ оған Қоғамдық мәжілістің мерзімді басылымдарының қоры да құйылды. Бірталай кітаптар мен журналдарды сыйға тартқан А.П. Проценко қызмет бабымен басқа жаққа ауысып бара жатып, өзіне жаздырған мерзімді басылымдарын алу адресіне жаңадан ашылған қоғамдық кітапхананың  мекен жайын көрсеткен.[11. 56]

Бұл жайында А.Л.  Блэк: «Облыстық статистикалық комитетте ол құрылған кезден бастап кітапхана жасақталған, бір бөлігі көпшілік, бір бөлігі арнайы ғылыми басылымдар география, этнография, археология, статистика, жаратылыстану ғылымы  салаларынан ғылыми шығармалар  (175 атаудан тұратын 260 томдардан), сондай-ақ біршама болып табылатын ай сайын шығатын журналдардың екі жүз болатын сандары мен әр түрлі ғылыми қоғамдардың, комиссиялар және басқаларының  есептері мен қаулылары сияқты түрлі материалдардан тұрады. Қыркүйек айында статистикалық комитет бұл кітап сақтау орнын көпшілікке қолжетімді қылуға шешім жасады. Осылай қоғамдық кітапхана құрылды» [7. 37]

Кітапхананың алғашқы каталогы 45 газет-журналдардан және 174 атаудан тұратын әртүрлі басылымдардан тұрды.  1884 жылы кітапханашы И.Зверев екінші жүйелі каталогты баспаға өткізді. Оған 944 томнан тұратын 602 атаулы  кітаптар мен 54 газет пен журналдар атаулары енді.  Каталог “Семипалатинские областные ведомости” облыстық газетінің беттерінде жария көрді.

Бірінші жалақысыз жұмыс істеген кітапханашылар: бес кластық қалалық училищенің мұғалімі Л.П.Степанов және облыстық басқарманың шенеунігі А.Я. Зверев еді.[25. 56]   Кітапхана мұражаймен бірге жайғасқан Статкомитет орналасқан Большевладимир көшесіндегі  (Советская –  Абай көшелері) И.Земляницынның үйінде берілген бөлмелері жеткіліксіз болғандықтан мұнда кітапхана азғана уақыт тұрды. Бұдан кейін де кітапхана жалға алған ғимараттарда орналасты.

1880 жылдардың ортасынан Семейдің қоғамдық кітапханасын  жергілікті сот және статистика комитетінің хатшысы П.Е. Маковецкий басқарды.  П.Е. Маковецкий  Л.К.Полторацкаяның ісін жалғап, өнер сүйгіштер үйірмесін де басқарды. Кітапхананы қаржылай қамтамасыз ету мақсатында ол Семейдің бұрынғы тектілер мәжілісінің жазғы ғимаратында және облыстық штабта (кейіннен қоғамдық мәжіліске айналған, мақсаты мүшелер мен олардың отбасыларының бос уақыттарын көңілді және пайдалы демалыспен өткізуді ұйымдастыру) әуесқойлық спектакльдер ұйымдастырған. Мұндай кештер жеке пәтерлерде де өткізіліп тұрған.

Өлкетануға байланысты сирек басылымдардағы деректер: – 1896 жылы 278 абонент, ақылы келушілер саны- 235;

– 1897 жылы 461 абонент, ақылы келушілер саны – 487;

–  1898 жылы 460 абонент, ақылы келушілер саны – 573;

– 1899 жылы 567 абонент,  ақыылы келушілер саны – 712;

– 1900 жылы 519 абонент, ақылы келушілер  саны – 790- екенін айғақтайды. 1897 жылы өмірден озғанға дейін  Кривошеин А.А. кітапханашы болған.  1897 жылы Бастауыш білім беру қоғамының қамқорлығындағы қоғамдық кітапхананың кітапханашысы қызметін Федотов В.Н. атқарған. В.Н.Федотов 1900 жылы да өзінің кітапханашылық қызметін жалғастырғанын сирек өлкетану деректері растайды. [26. 37; 27. 27]. 1901 жылы Семейдің қоғамдық кітапханасының кітапхана меңгерушісі М.В.Колмаков, кітапханашы В.Н.Федотов екенін атап, пайдаланушылар жайлы 2550 абонент, ақылы келушілер саны – 730, жалпы оқырман саны – 3280  деген  нақты мәліметтер береді. Кітапхана оқырмандарының құрамы мұғалімдерден, түрлі мекемелердің шенеуніктерінен,  дін қызметкерлерінен, жергілікті зиялы қауым өкілдерінен тұрды.[9. 36-41; 56]

Кітапхана Брокгауз және Ефронның «Энциклопедический словарь» редакциясынан, Том қаласындағы Макушин Пётр Ивановичтің кітап дүкенінен кітаптар алып тұрды, Семейде Облыстық Басқарма баспаханасымен және Плещеев пен Деров дүкендерімен әріптестік қатынаста болды. Макушин, Плещеев, Деров – барлығы Семей қаласындағы Бастауыш білім беру Қоғамының мүшелері болып, тиісті мүшелік жарналарын төлеп тұрды. [25. 18]

Сондай-ақ «Областные ведомости», «Степной край» және  «Сибирская Торговая газета»,  «Сибирская жизнь», «Сибирский листок» газеттері мен телеграммаларды  кітапхана тегін алды.[25. 24]

Жыл сайынғы есеп жасау барысында кітаптарды тексеру жұмысы да атқарылды. 1897 жылы көптомды кітаптардың томдары толық еместігі анықталды. Букинист арқылы кем томдарды толықтыруға шешім қабылданды. Бұл тапсырма Санкт-Петербургқа сапар шегетініне орай статистикалық комитеттің хатшысы В.П. Никитинге жүктелді. Петерборлық кітап саудагері А.Д. Наумов осы іске белсене кірісті. Оған кітап сатып алу үшін  300 сом аударылды.

Балалар оқуы үшін 156 томнан тұратын 81 атаулы         кітаптар мен жас оқырмандардың зор сұранысына иеленген «Всходы», «Малютка», «Родник», «Детское чтение» сияқты журналдарды екі данадан жаздырып алып, балалар әдебиетінің де шағын қоры жинақтала бастады.

Кітапханаға арнап өзінің ғимаратын салу мәселесі жыл өткен сайын өзектілігі арта берді, жалға алынған кітапхана орналасқан үйлерге қаржы төлеу үлкен шығын болды. Ал Қоғамның Кеңесі үнемі қаражат жинау жолында әрекет жасауға мәжбүр болды. 1902 жылдың басында кітапхана мен мұражай ғимаратын салуға жиналған капитал 3121 сом 89 т., кітапхана ғимаратының капиталынан % -дық табыс 118 с. 97 т., ал 1900 жылдың 1 қаңтарында жиыны бар болғаны тек 2673 сом  68 т. құрады. Қоғамның пайыздық бағалы қағаздардан тұратын капиталы Семей Мемлекеттік Банкінің филиалының жинақ кассасында сақталды.

Кітапхананы ұстауға қажетті қаржы табу мақсатында Қоғам Хабарландыру Бюросы мен мерзімді басылымдарға сырт адамдардың, мекемелердің  жазылуын ұйымдастырды. Осы қызмет түрлерінен жыл сайын тұрақты түрде кассаға табыс түсіп тұратын. Кітапхана арқылы абонемент ақшасын аударған мекемелер мен жеке тұлғалар оған баға жетпес көмек көрсетті. Олардың ішінде: Ерлер гимназиясы, Қыздар  гимназиясы, Аймақтық сот, Облыстық Басқарма, Қоғамдық Мәжіліс, Іскерлер  клубы, «П. Плещеев и К» Сауда Үйі Басқармасы, А.В. Москвин, Е.С. Плещеев, С.Ф. Плещеев және басқалары болды.[25. 17]

1903 жылдың қыркүйегінде кітапхананың ұйымдастырылғанына 20 жыл және Н.В. Гоголдің қайтыс болғанына 50 жыл толады. Бастауыш Білім беру Қоғамы бұл атаулы күндерді кең көлемде атап өтуді ұйғарып, 1902 жылы мерейтойлар қарсаңында Гогольдің әдеби-музыкалық-вокалдық кешін өткізді,  онда сиқырлы шамның көмегімен экранда Гогольдің кейіпкерлерінің бейнелері шығарылды және сыйға тартылған қаражатқа тегін көпшілік кітапхана – қаламгер атындағы оқу залын ашу арқылы Гогольді еске алды. [25. 34]

Оқу залын ашу бастамасы священник Б. Г. Герасимовқа тиесілі. Ол (өзі қаражаттан қысылып жүрсе де) 100 с., әр түрлі тұлғалар – 72 сом 98 т.,  қол қою парақтарынан 139 сом 99 тиын, жиыны оқу залын ашуға – 312 сом 97 т.  жиналған. Қалалық Қоғамдық Басқарма  Қалалық Думаның қаулысымен 1903 жылдан бастап ғимарат жалға алу үшін қала қорынан жыл сайын 120 сом босатуға шешім шығарды. [25. 34]

Тегін халық кітапханасы – Н.В. Гоголь атындағы оқу залы 1902 жылы 8 желтоқсанда ашылды. Оның жарғысын Семей облысының әскери губернаторымен 23 қазанда бекітті.

1902 жылы кітапхана-оқу залы Семейдің Қоғамдық кітапханасымен бір ғимаратта, бірақ бөлек бөлмелерде орналасты. Қаланың кітапхана-оқу залын қадағалауды әскери губернатор Епархия әкімшілігінің келісімімен Бастауыш білім беру қоғамының мүшесі – священник Иоанн Никольский әкейге жүктелді. Қоғамның мүшесі Б.Е. Стеблин-Каменский қоғамдық басқарушы болып, ал кітапханашы міндеттерін Н.Г. Гиршфельд ханым атқарды.[25. 12]

1903 жылдың қаңтарының басынан 1 шілдеге дейін В.Н.Федотов, одан кейін 1 қарашаға дейін А.В.Романова, содан кейінгі кезеңде Н.Г.Гиршфельд ханым қайтадан кітапханашылық қызметін жалғастырған.[25. 25]

1903 жылы сол кезеңге дейін кітапханамен тығыз қарым-қатынасын сақтап отырған Статистика комитеті, кітапхана ғимараты құрылысы жобасын дайындауға, кітапхананы толығымен Бастауыш білім беру қоғамының меншігіне беру мәселесін өткір көтерді.

Семей кітапханасы осы уақытқа дейін тек мекемелерден ғана емес, бұрын осы қажетті ағарту мекемесіне жомарттықпен қолдау көрсеткен жеке фирмалардан да, жәрдемақылар мен көмектердің де барлық түрінен айырылған шын мәніндегі  ерекше мағынада қоғамдық мекемеге айналды.[25. 27]

Егер 1910 жылға дейін кітапханада азды-көпті қарқынды жұмыс жүргізілсе, 1911 жылдан 1919 жылға дейін жұмыс айтарлықтай нашарлады.

1919 жылы өлкеге Кеңес өкіметінің орнауымен декреттердің негізінде кітапхана Губерниялық орталық кітапхана деген атпен Семей халық ағарту бөлімінің қарамағына берілді.

Абай оқырманы болған кітапхананың XX ғасырдағы келбетін: «Абайдың шын мәнісінде дүниеге көзін ашқан Семейдегі ең қадірлі білім ордасы – Гоголь атындағы кітапхана. Біз, міне, осы кітапханаға қаланың ең көрікті жері – Ленин атындағы көшемен келе жатырмыз. Алдымызда екі қабат сұрғылт тас үй тұр…  Сол жақ қабырғадағы ескерткіш тақтадағы жазуды оқылық: «Абай кітап алып тұрған қалалық кітапхана». Бұл ескерткіш тақта 1954 жылы Абайдың дүние салғанына елу жыл толған қарсаңда қойылған болатын»-деп сол дәуірдің қаламгері сипаттаған. Бұл ғимарат ақын өмір сүрген тарихи кезеңнің сәулет өнерінің ескерткіші болып біздің заманымызға, яғни XXI ғасырға да қадам басты. [24. 28]

Абай заманындағы сол кітапхананы Қ.Мұхамедхановтың сөзімен берсек: «Музей жанынан ұйымдастырылған кітапхана, ол замандағы Сібір қалаларындағы кітапханалардың ішіндегі ең байы деп танылған. Семей кітапханасында: Пушкиннің, Лермонтовтың, Л.Толстойдың, Салтыков-Щедриннің, Достоевскийдің, Жуковскийдің, Тургеневтің, Гогольдің, Михайловтың, Гюгоның, Гетенің, Диккенстің, Золяның  тағы басқа орыс және дүние жүзі әдебиеті классиктерінің шығармалары мол болған. Тарих, философия, табиғаттану, тағы басқа ғылым салаларына арналып жазылған кітаптарды және сол кезде Ресейде шығып тұратын: «Вестник Европы»,  «Наблюдатель», «Русский Вестник», «Русская мысль», «Русская речь», «Исторический Вестник», «Новости», «Новое время» т.б. журналдарды Семей кітапханасы жаздырып алып тұрған».[22. 106]

Мәдениет орталықтарынан алшақ жатқан Семей үшін қоғамдық кітапхананың маңызы зор болып, ол енді тек қаланың ғана емес, бүкіл Семей өңірінің озық ойлы азаматтары бас қосатын мәдениет ошағына айналып, ақыл-ой дамуына үлес қосты. Кітапхана іргетасы қаланған кезден бастап сақталған, Абай алақанының табы қалған бұл кітаптар Абай, Шәкәрімнен  кейінгі өмірінің сәулелі сәттері өлкемізбен байланысты зиялы қауым өкілдері, алаш арыстары үшін де таным баспалдақтары болып табылады.

Семейдегі қоғамдық кітапханада жинақталған рухани қазына-қор XIX ғасырдың екінші жартысы  мен XX ғасырдың басында өмір сүрген,  әлемдік мәдениеттен шалғайдағы  қазақы ауылдың төл перзенті  Абай Құнанбаевтың  бойындағы ұлы дарынын оятып, дүние дидарында ғылым-білімге құмарлық шөлін басқан рухани бұлақ бола алды. Абайдың қиялына қанат байлап, шығармашылық шабыт берген, ұлылықтың алтын ұясы болған қадірлі де қасиетті орын осы кітапхана.

Әдебиеттер:

  1. Абай энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 1993. – б. 457;
  2. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – Алматы: Санат, 1995. – б.52;
  3. Бейсембаев М. Абай және оның заманы. – Алматы: Жазушы, 1988.;
  4. Белгібаев М.Е., Әділбекқызы Ж. Абай білімінің бастауы // География және табиғат, 2007. – №2. Б.27.
  5. Белгібаев М.Е., Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық бөлімінің XX ғасырда атқарған жұмысы.- // География және табиғат, 2004, № 3; 4; 5.
  6. Букейханов А. Абай (Ибрагим) Кунанбаев (Некролог). – //Записки Семипалатинского Подъотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского Географического Общества. Выпуск III. – Семипалатинск: П. Плещеев и К.,1907. – с. 1-8.;
  7. Галиев В.З. Библиотека ссыльных революционеров в городах Прииртышья / В кн. Памятники истории и культуры Казахстана. – Алма-ата:Казахстан, 1989. – С.21-27.
  8. Галиев В.З. Ссыльные революционеры в Казахстане. – Алматы. – Казахстан, 1978.;
  9. Галиев В.З. Книжное дело в Северо-Восточном Казахстане // Абай. – 2005. – №1. – С.36-41 (37-38);
  10. Герасимов Б.Г. Двадцатипятилетие Семипалатинского Отдела Государственного  Русского Географического Общества. 1902-1927 год: Общество Изучения  Казакстана. – Кзыл-Орда: Издание  Общество Изучение Казакстана, 1927. –  с.20.;
  11. Герасимов Б.Г. Поездка в южный Алтай: Путевые заметки // Записки Семипалатинского Отдела  Русского Географического Общества. Выпуск XVI. – Семипалатинск, 1927. –  с. 1-28.;
  12. Дулатбеков Н.О., Сыздық Б.К. Абай мұрасының қазіргі қылмыстық-құқықтық және  қылмыстанымдық   оймен байланысы. – /Гений культуры: Пушкин и Абай.Мәдениет  данышпандары: Пушкин және Абай. – Ростов- на- Дону:Астана, 2007. – б.53-66.;
  13. Жаманқұлов Р. Пушкин өлеңдерінің аудармасы жөнінде бір-екі сөз // Әдебиет майданы, 1937. – №4. – Б. 106-108.
  14. Кашляк В.Н. Семипалатинские арабески Т.2 Сер. «История моего города». – Семей, 2010. – 496 с., фотогр. (С. 322-325).
  15. Кеннан Дж. Сибирь и ссылка. В двух частях / Пер. с англ. И.Н.Кашинцева. – С-Петербург, 1906 г. – С.26.
  16. Коншин Н.Я. Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведения // Записки Семипалатинского
  17. Коншин Н.Я. Материалы для истории политической административной ссылки в Степной край // Записки Семипалатинского Подъотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского Географического  Общества. Выпуск XIV. – Семипалатинск, 1923. – с. 1-100.;
  18. Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі. (Репринттік басылым, 1909 жыл). – Нұр –Сұлтан: Фолиант, 2020. – б.108.
  19. М.М. Семейпалаттан //Айқап, 1914, №4. – б. 67- 68.;
  20. Мұхтар. (М.Әуезов) Татьянаның қырдағы әні: Абай деген романнан бір үзінді // Әдебиет майданы, 1937. – № Б.57-69.
  21. Мусабалина Г.Т. Политическая ссылка в Семипалатинский край в  XIX веке // Вестник Омского университета. – 2009. – №1. – С. 63.
  22. Мұхамедханұлы Қ. Ұлы ақынның қайраткерлік қызметі. – / Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.5. – Алматы: Ел шежіре,  б. 105-113.;
  23. Омаров А. Абай: ашылмай келген қырлары. – Астана: Фолиант, 2015. – 343 б.;
  24. Оразалин К. Абай ауылына саяхат. – Алматы: Мектеп, 1976. – б.26,;
  25. Отчет Совета Общества попечения о начальном образований и в г. Семипалатинск за 1893/4 г.- с.43., с. 56.
  26. Отчет Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества с 1-го октября с 1924 г., по 1   октябрь 1925 г. – Семипалатинск: Тип. Изд-ва Губиздат. – с.3-4.;
  27. Семипалатинский областной Статистический комитет за 1894 год. – Семипалатинск: Тип. Семип.Обл. Правл., 1895. – 62 с.
  28. Памятная книжка Семипалатинской области на 1897 г. – Семипалатинск, 1897. – с. 26. 37.;
  29. Памятная книжка Семипалатинской области на 1900 г. – Семипалатинск, 1900. – с. 18, 27;
  30. Россія. Полное географическое описаніе нашего Отечества: Настольная и дорожная книга для русскихъ людей / Подъ редакціей В.П. Семенова. – Томъ 18. Киргизский край (Уральская, Тургайская, Семипалатинская и Семиречинская обл.). – С.-Петербургъ: Изданіе А.Ф. Девріена, 1903. – 456 с., С. 204. (С 123 политипажами, 35 диаграммами, картограммами, схематическими профилями, 1 большой справочной и 9 малыми картами).
  31. Сәбит (Мұқанов С.) Абай халық ақыны // Әдебиет майданы, 1937. – № Б.95-106.
  32. Сельско-хозяйственный Обзоръ Семипалатинской области За 1914 годъ. – Семипалатинск: Тип.Плещеев и К, 1915.;
  33. Семипалатинские Областные ведомости 1894 год. №2. – с.19.;
  34. Труды Семипалатинского Окружного Музея. Вып. 2. – Семипалатинск, 1929. – с. 61 (С. 5)
  35. Университет Абая / В кн. Семипалатинску -250 лет. – Алма-ата: Казахстан, 1968. – 46-55.
  36. Ысқақов Ә. Абайдың өмір жолы / Ұлы Абайға адалдық. – Семей, 2002. – б. 76.

 

Кітапхана кеңестік өзгерістер тұсында

Қазан төңкөрісі жеңісінен кейін Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар басталды. Осы кезеңде кітапхана жұмысы да белгілі бір сипат алды: оның міндеті «пролетариат» мүддесіне қызмет ету, қиын мәселелерді шешуде кітаппен көмектесу, әдебиетті іс жүзінде пайдалануды үйрету болды.[1. 3]

Кітапхана ісі саласындағы мемлекеттік саясаттың заңнамалық негізін КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің декреттері мен КСРО Орталық Атқару Комитетінің қаулылары құрады. Сол сияқты Қазақ АКСР-дегі кітапханалар Халық ағарту комиссариатының (оның құрамындағы Главполитпросвет, мемлекеттік ведомстволық кітапхана комиссиясының), басқа да кейбір халық комиссариаттарының және Бүкілодақтық кәсіподақ орталық кеңесінің бұйрықтары, циркулярлары, нұсқаулары сияқты директивалық құжаттар да негізге алынды.

1921 жылы мұражай мен кітапхана Географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің  қарауына қайта берілді. Сауатсыздықпен күрес, халыққа білім беруді дамыту талаптары қалада жаңа кітапханалар ашып, олардың материалдық базасын нығайтуды қажет етті.

Сол тарихи кезеңге тән сипат – кітапханаларды ұстауға бөлінген қаржының тым шектеулі болуы кітапханалардың материалдық жағдайына кері ықпал етті. Кітапханашының төменгі жалақысы кадр мәселесіне әсер етіп,  жоғары білікті қызметкерлердің де тұрақтамауына әкелді.

Халықтың білім алуы мен өзін-өзі тәрбиелеуі үшін көптеген  жаңа кітапханалар ашылды. 1922 жылдың наурызында енгізілген Жаңа экономикалық саясат кезеңінде Семейдегі кітапхана ісі өте аянышты халде болды, қыс түскенде 5 кітапхана жабылды. Оған жарықтың, жылытудың болмауы және ғимараттарды жөндеуге қаражаттың бөлінбеуі себеп болды. Губполитпросвет Гоголь атындағы орталық кітапхананы қайта ашу шараларын қабылдады. Бірақ оның одан әрі жұмыс істеуі үшін кітаптарға абоненттік төлем енгізілді, өйткені басқа жол жоқ еді.[2. 26]

Халыққа білім беру бөлімі алдында, қиын экономикалық жағдайға қарамастан, кітапхана кадрларын жаппай даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс нысандарын әзірлеу мәселесі өткір тұрды. 1918–1925 жылдары кітапхана қызметкерлерін дайындау кеңестік партия мектептері мен саяси ағарту мекемелерінде жүргізілді. Ол сонымен қатар қысқа мерзімді кітапханалық курстарды ұйымдастыру арқылы шешілді. Сондай-ақ, облыстық және уездік кітапханалар жүргізетін бастауыш кітапханашыларға арналған тәжірибелік семинарлар сияқты мамандарды оқыту, дайындау  түрлері болды. Курстардың оқыту ұзақтығы, оқу жоспарлары, бағдарламалары әртүрлі сипат алды. Мамандар тек идеологиялық дайындықпен ғана емес, кітапханашының дүниетанымы кең болуы үшін жасалған жалпы білім беретін әзірліктен де өтті. Курстар ең алдымен ірі губерниялық және өнеркәсіп орталықтарында ашылды.

Алғашқы кітапхана курстары 1919 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Ташкентте жұмыс істей бастады. Қазақ АКСР-інде алғашқы кітапханалық курстарды ұйымдастыруға А.А.Буров, А.А.Гаррицкий, Н.П.Дмитровский, Е.К.Бетгер сияқты және т.б. «жартылай ұмытылған» ғалымдар ат салысты.

Курстар студенттердің тұрғылықты жерінде немесе оған жақын жерлерде  ұйымдастырылғандықтан Семейде де кеңінен дамыды. Олардың маңыздылығы тек кітапханашыларды ғана емес, сонымен қатар кітапханалық курстардың мұғалімдері мен жетекшілерін де дайындауда да жатты.[3. 3]

1923 жылдың 15 маусымынан бастап Н.В. Гоголь атындағы кітапханада 3 айлық курстар ашылды. Бұған орындар РКП (б)-дан, РКСМ-нан, Продразверсткадан 15 адамнан бөлінді. Жеке тұлғалар айына 100 сом ақыға қабылданды. Курс бағдарламасы 29 дәрістен (97 сағат) тұрды. Бағдарламаға Ресейдегі және шетелдегі кітапхана ісінің қалыптасуы, кітап пен халық ағарту ісінің өзара байланысы, кітаптардың жіктелу тарихы мен  жіктеу жүйесі, авторлық кесте, кітаптарды шифрлау, каталогтар, толықтыру мен кітапты зерттеу, кітапхананы жарнамалау, оқуға бағыттау, анықтамалық, әлеуметтік, көрме жұмыстары, балалармен жұмыс, статистика, есеп беру, диаграммаларды, картограммаларды қарастыру сияқты мәселелер енді. Сонымен қатар, библиография мен әдебиеттің қысқаша курсы оқытылды. Курсанттар Губполитпросветтің жатақханасына орналастырылды. Гоголь атындағы кітапхана кітапханалық технологияның барлық ережелеріне сәйкес жолға қойылған арнайы көрнекілік негіз ретінде курсқа қатысушы тәлімгерлерге үлгі құрал түрінде көрсетілді.[4. 35]

1920-1930 жылдар аралығы Гоголь атындағы кітапхананың және қала мен губерниядағы кітапхана ісінің белсенді түрде дамып келе жатқан кезеңі болды. Ал 1920 жылдардың басында Гоголь атындағы қалалық орталық кітапхананың бастамасымен кітапхана жұмысының статистикасын жүргізу қолға алынды.

Архив деректеріне сүйенсек, Гоголь атындағы кітапхананың кеңестік кезеңінің дамуының бастауында тұрған Алексей Федорович Шубиннің өңір кітапханаларын дамытуға қосқан үлесінің зор екендігін көреміз.[2. 26] 1911-1914 жылдары Бийскіде кітапханашы болып жұмыс істеген тәжірибелі маман. Ол Гоголь атындағы кітапхананы 1922 жылдың 13 наурызынан бастап басқарған. Орта педагогикалық және кітапхана ісі бойынша білімі бар ол, курстарда сабақ та берген. А.Ф.Шубин 20-шы жылдары өзі басқарып отырған көпшілік кітапхананы  қала халқының қуана келетін сүйікті орнына айналдыра білді.  1924 жылы Мәскеуде өткен кітапханашылардың 1-съезіне қатысып, үздік жұмысы үшін марапатталған.[5. 11] Ол басқарған кезеңде кітапхананың  жұмысы жанданып, үздік орындарды иеленді.

1922 жылдан бастап біртұтас кітапханалар желісін орталықтандыру жүргізілді. Кітап түптеу шеберханасы жұмыс істей бастады, өз кітаптарын түптеумен қатар басқа да мекемелерден тапсырыстар алынды.[5. 12]

Жарты жылдық статистикалық есеп бойынша (1923 жылдың 1 қаңтарынан 1 мамырға дейін) Гоголь атындағы қалалық орталық кітапхананың құрамында абонемент және оқу залы, балалар, театр бөлімдері және екі филиалы болған.

Республика бойынша және аймақта кітапхана ісінің дамуына кадрлардың біліктілігінің төмендігі кедергі жасады. 1923 жылдың 18 маусымында Губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісіне берген жеке баяндау-хатында А.Ф. Шубин кітапханашылардың дайындығының нашар, кәсіби дағдыларының жоқ екендігін жазады.  «… Ашығын айтсам, мұндай ұжыммен жұмыс істеу мүмкін емес, кітапханадағы жұмыс қызық әрі көп. Балалар бөліміне  сәйкесінше педагогикалық және кітапхана ісі бойынша белгілі бір білімі бар маман тағайындалуы өте маңызды. Балалардың қызығушылығын оятып, бастамашылдық таныта отырып, осы жұмысты дамыту керек. Кітапхана қаржыдан таршылық көріп отыр,  жаңа әдебиеттер іс жүзінде түспей жатыр.  Шара қабылдау үшін ГУБОНО кеңесінде мәселені қарауыңызды сұраймын…»,- деп өзінің кітапхана қызметіне жанашыр екендігін көрсетеді.[6. 1]

Ал 1923 жылғы 19 маусымдағы «Степная правдада» кітапханашылардың біліктілігінің төмендігі туралы мақала жарияланып, онда: «…Кітапхана меңгерушісі Шубин жолдас  өз ісінің маманы, қор толықтыру принципін жүзеге асыра алмайды, өйткені кітапханашыларды іріктеу ол үшін сәтсіз болған. Оқырмандарға кітап беруден басқа жұмыс жүргізілмейді десе де болады…», – деп жазған. Кадрлардың тұрақтамауының бір себебі жалақының төмендігі болды. Осындай жағдай Семей кітапханасында ғана емес, Қазақстанның басқа кітапханаларында да орын алып, шешімін табуды талап етті.[3. 4]

Сол уақыттың өзінде Н.Гоголь атындағы орталық кітапхана, кітапхана ісі бойынша өңірдің әдістемелік орталығы ретінде өзін таныта білді. 1924 жылдың 12 желтоқсанында Шубин Губполитпросветтың меңгерушісінің атына хат жазып, онда уездік  орталық кітапханаларда оқу бағдарламаларын тарату қажеттігін көрсетеді. Ауыл кітапханашылары үшін 1 айлық (175 сағат) және 2  айлық (300 сағат) қысқа мерзімді кітапханалық курстар әзірленді. Курс бағдарламасына: Саяси сауаттылық, саяси ағарту жұмысының әдістемесі, кітапхана жұмысының әдістемесі, кітапхананың жабдықталуы, жылжымалы кітапханалармен жұмыс, кітапханашының кәсіби рөлі енді.[7. 69] Курстар қалада да, ауылда да кітапхана ісін білуге ықпал етті. Осылайша Гоголь атындағы кітапхана  әдістемелік орталық ретінде қызметін атқарып жатты. Ал 1924 жылдан бастап Каз АКСР ГПП-ның 27 наурызындағы бұйрығымен Губполитпросветтың жетекшілігімен жүзеге асырылатын кітапхана ісі бойынша барлық әдістемелік жұмыс губерниялық кітапханаларға ресми түрде жүктелді.

Аудандық, ауылдық кітапханаларға оқу-әдістемелік құралдар жіберіліп, кітапхана қызметкерлерін қайта даярлау жұмыстары ойдағыдай жүргізілді. 1925 жылы алғашқы үш апталық тәжірибелік семинар өткізіліп, 30 адам оқытылды. Оны тапсыру барысында тәжірибеден өтушілер теория негіздерімен танысып, дербес кітапхана жұмысының біраз дағдыларын игерді.[1. 3] Кітапханаларды ынталандыру және елді мекендерде кітапхана ісін дұрыс жолға қоюға үлес қосу мақсатында Уполитпросвет (уездік саяси ағарту) мекемесі ең үздік аудандық кітапхана мен оқу үйі (изба–читальня) жүлделі орындарына байқау жариялады.

Осылай, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында кадрлармен жұмыс бірнеше бағытта,  атап айтқанда, кадрларды даярлау және қайта даярлау мен біліктілігін арттыру, материалдық қызығушылық арқылы жүргізілгенін көреміз. Соңғысы кітапханашылар үшін маңызды ынталандыру болды, өйткені кітап қорын қалыптастыру мәселесін шешу материалдық шығындарды талап етті.

Кадрлармен жұмыстың тағы бір түрі кітапхана қызметкерлерінің бірлестігін құру болды.[3. 2] Бұл бірлестік қаланың әскери және азаматтық кітапханаларының бірігуінен пайда болды. Семей қаласында ғана болған кітапханалық  бірлестіктің құрамында қала еңбеккерлерінен  22 адам және орталық кітапхана қызметкерлерінен, партия және кәсіподақ кітапханасынан, одақтық Свердлов клубы жанындағы кітапханалардан барлығы 9 қызметкер болған. Ұйымның ұран сөзі: «Ағартушылық – бостандық негізі, надандық – құлдық негізі» болды. Жарғыға сәйкес бірлестіктің міндеттері мен мақсаттарына: қалада және жалпы губернияда кітапхана ісін кеңейту және берік орнату енді. Бірлестік кітапханалардың саяси ағарту жұмыстарымен тығыз байланысты идеологиялық сипаттағы жұмыстарды жүргізді. Республиканың кітап байлығын сақтау, кітапханалар арасында кітапхана ісі бойынша білімдерін дамыту және өзін-өзі дайындауға жетекшілік етті. Сондай-ақ, бірлестіктің жұмысы библиографиялық құралдарды және ең бастысы «Красный библиотекарь» журналын зерттеуде орын алды. Қаланың барлық кітапханаларының кітапханашылары бірлістікке қатысуға міндеттелді. Сонымен қатар, бірлестікке кітаптарды жақсы көретін адамдар да бірлестікке кіре алды. [8. 74-75]

Жиналыстарды айына 2 рет жексенбі күндері өткізу, екі апталық жұмыс бойынша кітапханашылардың есептерін тыңдау және т.б. жоспарланды, сонымен қатар «Оқырманның ұқыптылығын сынау» сияқты түрі енгізілді. «Соттың» отырысын Гоголь атындағы кітапханада, губпрофсоветте,  Ленин атындағы  елді мекенде (хуторда), және темір жол ұйымдарының клубында  өткізу жоспарланған болатын. [9. 3]

Бірлестік төрағасы болып Орталық қалалық кітапхананың меңгерушісі Шубин А.Ф., хатшысы, бірлестіктің ұйымдастырушысы – Сорокин С.Л. сайланды. Алғашқы басқосу 1923 жылы 21 қаңтарда Гоголь кітапханасында өтті. [10, 94]

1923 жылдың 28 қаңтарында Әскери-азаматтық кітапханашылар бірлестігінің (В-ГОБ) екінші жиналысы өтті. Бұл жиында кітапханаларды техникалық дайындау, кітапхана жұмысының әдістемесі, кітаппен, оқырманмен жұмыс, бибжарнамасы, экскурсиялар, Қызыл Армия туралы баяндамалар бойынша  жобалық жұмыс жоспары жасалды. Қойылымдарды ұйымдастыруға жауапты комиссия сайланды. Осылайша Қоғамдық кітапхана жасаған қойылымдарды ұйымдастыру іс-шарасын бірлестік өз тәжірибесіне енгізді.

Бірлестік кітапхана ісі туралы білімдерін тарату мақсатында «Библиотекарь» журналын жарыққа шығару үшін  жоба құрды.  1923 жылы 11 ақпанда өткен үшінші мәжілісте өткен қойылымнан түскен алымдар жарияланып, С.Л. Сорокин, А.Ф. Шубин А.А. Клепина және М.А. Афанасьевтардан құралған кітапханалық технологиялар түрлерін әзірлеу жөніндегі комиссия сайланды. [10. 94]

Жиналыстардың бірі кітапханалық баспа басылымының қажеттілігі туралы талқылаумен жалғасты, өйткені қаржы тапшылығына байланысты журналды шығару жүзеге аспай қалған болатын. Ал губерниялық баспасөзде кітапханалардың қызметі жазылмады, кітапхана ісін құру туралы да ақпарат болмады. Мерзімді басылымның болмауы уездердегі кітапханашылардың жаңа идеяларды, кітапханалардағы жұмыс әдістерін білуден алшақ болуына ықпал етті, кәсіби әдебиеттер де болмады. Осы орайда «Далалы өлке кітапханасы» газетінің шығу қажеттігі туындады. Техникалық орындалуы журналға қарағанда әлдеқайда қарапайым болғандықтан, таңдау газетке түсті. 1924 жылдың мамырынан Гоголь атындағы кітапхана «Книга и жизнь»  атты газет шығарды. Газет өз өмірін осы РКП(б) Губерниялық комитетінің кітапханасында бастады (жетекшісі Афанасева М.А.). Кітапқа, кітапханалар қызметіне қатысты барлық өтініштер мен сұраныстарға жауап беру газеттің басты негізі болды.  Басылымды айына екі рет жексенбі күндері шығаруды жоспарлады. Газеттің редакциялық алқасының құрамында А.Ф.Шубин, М.А., Афанасьева, Васильева болды. Кітапхананың «Книга и жизнь» газеті 60 дана таралыммен шығарылатындығы туралы шешім қабылдады.[11. 2]  Газеттің айына жазылу ақысы – 20 тиын болған.[12. 34] Мерзімді басылымды шығару үшін Губоноға қағаз бен жазу машинкасын алу туралы өтініш жазылды.

«Книга и жизнь» газетіне жарыққа шығару барысында редакция түрлі тақырыптық бөлімдерді ұсынды. Басылымның «Хат пен кітап» бөлімі жазудың, кітаптың пайда болуының қысқаша тарихын (дайындаушы: Шубин, Пономарев, Гушно), «Кітапхананың міндеттері және оқырмандарды тарту жолдары» бөлімі (дайындаушы: Свиридова, Котельникова, Клепина) – кітапханалардың өміріне қатысты материалдарды берді. 1-ші шығарылымда – Гоголь атындағы кітапхананың мерейтойы туралы (дайындаушы:  Васильев), «Кітапхана курстары және олардың нәтижелері» (дайындаушы: Свитич) сондай-ақ «Кітапханаға түскен жаңа кітаптарға шолуларды жариялау», «Түсінбейтін сөздерді түсіндіретін кітапханашының сөздігі» сияқты бағыттар қамтылды. [11. 2]

Қаржы көзінің бірі – ауыл кітапханаларына әдебиет пен газет жіберу жағдайы болды. Гоголь атындағы кітапхана апта сайын әдебиеттер мен газеттерді әр кітапханаға немесе оқу үйіне әр санын 10 данадан жіберіп тұрған.

Уездік Атқару комитеті бұл қызмет үшін ½ тиын газеттің әрбір нөмірі үшін алтынмен алды. Жалпы алғанда, ай сайынғы жөнелтілім алтынмен 4-5 сом мөлшерінде көрсетілді. Кітапхананың қаражаты шектеулі болғандықтан, директор А.Ф. Шубин 1923 жылы 10 қазанда Губоноға  Атқару комитетінен оны тегін жіберуге рұқсат сұрады. Бас тартқан жағдайда кітапхана ауылдарға газет жіберу мүмкіндігінен айырылады деп жазды. [13. 161]

Әдебиеттің борышкерлерімен белсенді күрес жүргізілді. Кітаптар жылдар бойы қайтарылмады.  Осыған байланысты 1923 жылғы 20 сәуірдегі циркулярмен Әділет халық комиссариатының циркуляры негізінде Главполитпросвет барлық Халық соттары мен прокурорлар Кеңестеріне борышкерлерді Қылмыстық кодекстің 185-бабы бойынша жауапқа тартуды ұсынды. Кітапты иелену мерзімін асырып жіберген тұлғалар істі сотқа жеткізбей, айыппұл төлеуге мәжбүр болды. 7 маусымға дейін айыппұлды төлемегендер жауапқа тартылды. [14. 4]

1923 жылдың қазан айында кітапхананың 40 жылдық мерейтойы өтіп, бұл туралы жергілікті «Степная правда» газетінде мақала жарияланды. 14 қазанда Орталық кітапхана-оқу залында саяси ағарту ісінің меңгерушісі Шахматов жолдастың төрағалығымен салтанатты жиын мен концерт өтті. Жиында әкімшіліктің, «Степная правда» газетінің, географиялық қоғамның өкілдерінің құттықтау сөздері, А.Шубиннің кітапхана тарихы туралы, Б.Герасимовтың Семейге жер аударылған Достоевскийдің өмірі мен шығармашылығы туралы, кітапхана есімін иеленіп отырған Н.В. Гогольдің өмірі туралы баяндамалары тыңдалды. Кешкісін күндізгі мәжілістегідей  300 адам қатысқан әдеби-сазды-көркем кеш ұйымдастырылды. Жиналыста ГУБОНО-ға А.Шубин жолдасқа сыйақы беру және оны  Қазақстан кітапханаларының арасындағы үлгілі кітапханасы үшін мәдениет және білім беру қызметкерлерінің қызыл тақтасына енгізу  туралы өтініш жасалды. [15. 3]

1924 жылы әскери бөлімдердің кетуімен барлық әскери кітапханалар бірлестіктен шығып, осыған байланысты жаңа бірлестік құрылды. [11. 2]   Жаңа бірлестіктің жұмысы кітапханалық өзін-өзі тәрбиелеу, техника, әдістеме және библиография мәселелерін зерттеу, кітапхана қызметі туралы баяндамаларды тыңдау, сондай-ақ үгіт-насихат, плакат көрмелері, библиография, анықтамалар, әңгімелеу және т.б. жұмыс түрлерін қамтыған саяси-ағартушылық жұмыстары болды. Н.Гоголь атындағы кітапханадан жаңа бірлестік құрамына А.Ф. Шубин қабылданды. [16. 16]

Қыркүйек айында ғимаратты жөндеуден өткізіп, кітаптарға арналған арнайы сөрелерді құрған соң, кітапхана қайта ашылды. Кітаптарды тегін пайдалану туралы ереже енгізілді. Осылайша, кітаптарға қаланың қалың оқырманының қолжетімділігі артты. Жаңартылған кітапханада абонемент, балалар, анықтамалық-ғылыми, театрландырылған, шетел бөлімдері мен  жылжымалы базасы, оқу залы сынды бөлімдер оқырмандарға қызмет көрсетті. [17. 6]

1924 жылға қарай кітапхана қоры 50 000 томға дейін, 25 атаулы газет және 80 атаулы журналдардан тұрды. Оқырмандардың құрамын негізінен қызметкерлер,  оқушылар, жұмысшылар, қызыл әскерлер құрады. Осы жылы қазақ қорларын құру туралы циркулярлық шешім шығарылды, өйткені бұл қор барлық кітаптардың 9% -нан аспайтын. [18. 2]

Сондай-ақ ҚазАКСР Халық ағарту комиссариатының сол жылғы 26 маусымдағы хатына сәйкес губерниялық және уездік кітапханаларға қазақ халқына әдебиет  тарату үшін селолар мен ауылдарда жылжымалы кітапхана   ұйымдастыруды қолға алу тапсырылды. [19. 39]

1925-1926 жылдары Гоголь атындағы кітапхананың бастамасымен 60-қа дейін жылжымалы кітапхана қызмет жасады: 40-ы Семей уезіне, 20-сы жылжымалы уездік кітапханалар болып, оның 10-ы Өскеменге, 10-ы Павлодар кітапханаларына тиісті еді. Жылжымалы кітапханаларда 3500 данаға дейін кітаптар болып, оның 3000-ы Гоголь атындағы губерниялық кітапханасының қоры болды. [20.5]

1925 жылы кітапханада Халық Ағарту Комиссариятының бұйрығы негізінде кітап сақтау қоймасы ашылды. Қазақстан аумағында баспа көрген барлық әдебиеттердің  міндетті 2 данасы кітаханаға түсе бастады. Жүйелі каталог құрастыру, кітаптарды жіктеу, пәндік каталог жасау сынды кітапханалық қызметтер атқарылды. Сол жылы Гоголь атындағы губерниялық орталық кітапхананың атауы өзгертіліп, «Гоголь атындағы губерниялық көпшілік кітапханасы» – жаңа аталу мәртебесін алды. Жұмыс уақыты 10.00 ден 20.00 ге дейін болып нақтыланды.  Кітапхана ғимараттың 29 бөлмесіне орналасты. Жылдық бюджет шығыстары 4 590 сом 37 тиынды құрады. Келушілер саны көп, 8 адамнан тұратын шектеулі штат кітапханада қызмет көрсетуге үлгермеді. Демалыс – сейсенбі. Жыл ішінде 101 кітап пен  133 дана  мерзімді басылымдар жаздырып алынды. Қазақ бөлімшесі ашылып, оған Сейфулинаны кітапханашы етіп тағайындады. [5. 12]

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының ортасына қарай кітапханада  дәрістер мен баяндамалар оқылып, саяси ағарту жұмыстарды белсенді түрде қолға алды. Гоголь атындағы губерниялық кітапхананың есебі бойынша 1925 жылдың 1 қазанынан 1926 жылдың 1 қазанына дейін: барлық іс-шараларға (баяндамалар, дәрістер, кештер, үйірмелер, экскурсиялар, «Жанды газет» («Живая газета»), көрмелерге – 11986 оқырман қатысты. Дәрістер  оқу шаралары сейсенбі және жексенбі күндері өткізіліп, авиацияға, пролетариат пен классик жазушыларды еске алуға, әдеби тақырыптарға арналды.

«Жанды газеттің» әрбір саны сол уақыттың өзекті тақырыбына арналды. Материалды газет редакторы мен мүше-қатысушылар дайындады. Ол үш түрге бөлінді: әнмен, күймен және ойынмен сүйемелденген жанды қойылым, жанды кино – сөзсіз мимика және қозғалыс; музыка, хор және балет.

Кітапханада «Октябрь» әдебиет үйірмесі, Өлкетану – табиғатты сүйетіндердің үйірмесі, «Зернов атындағы» авиация спорты үйірмесі, «Кітап достары» үйірмесі, кітапхана үйірмесі сынды көптеген үйірмелер мен арнайы «Жазушылар», «Сауатсыздық жойылсын», «Авиациялық» атты арнайы бұрыштар жұмыс істеді.

1928 жылы кітапхананың өзіндік саяси білім алуға және сырттай оқуға қатысуы мәселесі өткір көтерілді. Кітапхана қаладағы Комвуздың, ЖОО, Рабфак және Окрсовпартшколаның сырттай бөлімінің 29 студенті мен маркстік-лениндік үйірмелер бағдарламасы бойынша және қазіргі партия саясаты мәселелері бойынша оқыған 45 адамға жағдай жасап, Гоголь кітапханасында Заводтық-Затондық, Свердлов филиалдарында және басқа да бірқатар шағын кітапханаларда оқу бұрыштарын ұйымдастыру арқылы көмектесті.

Партиялық оқу желісіне қызмет көрсету 1928 жылы 15 қазанында жұмыс істей бастады. Кітапханалардың бұл мәселедегі негізгі міндеті сырттай оқитын студенттердің кітаппен, сөздікпен, анықтамалықпен өз бетінше жұмыс істеу қабілетін дамыту болды, яғни, сырттай оқитын студенттер мен жеке тұлғаларды кітап материалдарымен өз бетінше жұмыс істеуге, көркем әдебиетті оқуға үйретуді қамтыды. Сабақтар үшін Гоголь кітапханасы 2-3 бөлме беріп, «В помощь партучёбе», «В помощь самообразованию», «Комреволюцию» т.б. жетекші журналдарды жаздырып алуы керек болды.[21. 2]

СГБОНО-ның 1927 жылдың 1 қазанынан 1932 жылдың 1 қазанына дейінгі аралықтағы мәдени-ағарту жұмысының перспективалық жоспарына сәйкес Гоголь атындағы кітапхана кітапханашыларының жалақысын 1927/28 – 5820-дан 1931/32 жылдары 8740-қа дейін көтеру туралы шешім қабылдады.[22. 26]

1930 жылы Семейде қаланың мәдени өмірінде маңызды рөл атқарған кітапханалар, клубтар сияқты әртүрлі мәдени-ағарту мекемелер құрылып,  көрме, концерт  және спектакльдер қою, т.б. іс-шаралар ұйымдастырылды. Сол кезеңде кітапханалар тұрғындардың кітапқа, журналдарға және басқа ақпарат көздеріне қол жеткізе алатын орындарына айналды. Семейде және өңірде  металлургиялық, химиялық өндіріс орындары, колхоздар мен совхоздар  дамыды. Өндіріс орындарында өз жұмысшылары үшін кітапханалар ұйымдастырылды. Олар кәсіби тақырыптарға, техникалық ғылымдардан, сондай-ақ демалыс пен бос уақытты пайдалы өткізуге көркем әдебиеттерді де оқырмандарына ұсынды.

Гоголь атындағы кітапхана қазақстандық кітапханалар арасында кітапхана сферасында жетекші орынға ие болды.

1932 жылы 7-8 ақпанда Гоголь кітапханасы  кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар белсенділерінің қатысуымен қоғамдық конференция ұйымдастырып, онда кітапхана саласында шешілмеген мәселелер көтерілді. Конференцияда БКП(б) ОК-нің кітапхана жұмысын жақсарту туралы шешімі стационарлық және жылжымалы балалар кітапханаларының желісін кеңейту, кітапханаларға қаржы бөлуді ұлғайту, жұмысқа инженер, техник, мұғалім тарту, кітапханаларды тазарту  және басқа да шараларды қамтыды.

Кітапхана тарихына байланысты дереккөздерде Гоголь атындағы қалалық кітапханада әдебиет сатып алуға 1930 жылы 26390 сом, 1931 жылы 20400 сом бөлініп,  1930 жылы 5630 сом, 1931 жылы 1790 сом жұмсалды деген дерек бар.

1936 жылға қарай кітапхана саласындағы түйіні шешілмеген мәселелер сол күйі сақталып қалды. «Кітапханадағы кітап қоры баяу өсуде, оқырмандарға әдеби жаңалықты, әсіресе қазақ тіліндегі кітапты алу қиын. Біздің кітапханадан қазақтың ірі жазушылары – Сейфулин, Әуезов, Майлин, Жансүгіров және басқалары өсіп шықты, олардың ең жақсы шығармалары қазақ халқының қалың бұқарасына қолжетімді болуы керек. Десек те, ауылды жерде қазақтың көркем әдебиетін насихаттау ісінің тым нашар жүргізіліп жатқанын баса айтуға мәжбүрміз».

Кітапхана кадрларының көпшілігін арнайы және саяси білімі жоқ адамдар құрады. Кадр тұрақсыздығы көп: 6 айда қалалық кітапхананың 4 меңгерушісі ауысты дейді ақпарат көздері.

Осы жылдары Гоголь атындағы кітапхана тұрғындарға, бос уақытты пайдалы өткізу және ақпараттық, жылжымалы кітапхана арқылы қызмет  көрсетумен айналысқан.

Кітапхана егіс науқанында колхозшыларға қызмет көрсету үшін облыс аумағына 8 жылжымалы кітапхана жіберді. Семей облысының «Талдықорған», «Жаңажол», «Елан», «Қоғамбірлік», «Келдібірлік» колхоздарына қазақ тіліндегі кітаптар мен брошюралар,  Жарма және Белағаш аудандарына  – аралас әдебиеттер (орыс, қазақ, татар тілдерінде) жіберілді.

30-шы жылдардың соңында кітапханада мамандардың тұрақтамауы белең алған. Кітапхана қызметкерлерінің жұмысқа тұрақтамауы жалақысының өте төмен болуымен түсіндіріледі.

1937 жылы кітапхана оқу залы ретінде жабдықталған қосымша бөлме алды. Кітапхана жыл соңына дейін ғимараттың астында орналасқан жертөлелерді алды, жөндеуден кейін оларды мұрағат, қызыл бұрыш және қызметкерлерге арналған екі шағын пәтер ретінде пайдаланбаққа шешім жасады.

Сол тарихи кезеңде кітапхананың материалдық-техникалық жағдайы әлі де сын көтермейтін жағдайда болды. Бірақ та қоғамдағы дамудың тенденциялары кітапхана ісіне де жағымды әсер етіп отырды.

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында мәдениеттің барлық салалары, оның ішінде Семейдің Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапханасы   оқырмандардың рухани қажеттіктері үшін  қызмет етіп, еліміздің бейбіт өмірге жетуіне өз үлестерін қосты.

Соғыс жылдарының қиын-қыстау кезіне қарамастан кітапхананың қоры жаңа кітаптармен, мерзімді басылымдармен үнемі толықтырылып отырған. Кітапханада кітап қорын сақтау және насихаттау шаралары тоқтатылмаған. Кітапханашылар Кеңес информбюросының мәліметтерін басшылыққа ала отырып, майдан даласындағы одақ әскерилерінің ерлігін жұртшылыққа насихаттау мақсатында іс-шаралар өткізіп тұрған.

1941-1945 жылдары кітапхана қызметкерлері  елдегі соғыс жағдайында өз міндеттерін дұрыс жолға қоя білді. Олар үкімет шешімдерін насихатап, жұртшылыққа фабрика мен зауыттарда, колхоздар мен совхоздарда жаңа мамандықтарды игеру бағытында көмек көрсетті, жазушы-ақындармен кездесулер, лекциялар, өткізді, көшпелі кітапхана жұмысын ауылдар мен өндіріс орындарында ұйымдастырды. Осы бағытта түрлі көпшілік шаралар ұйымдастырып, әскери госпитальдарда, егіс алқаптарында болып, халыққа күш-жігер берді. Кітапхананың қорындағы мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған мақалалар кітапхананың соғыс жылдарындағы қызметінің айғағы.

Осынау сұрапыл соғыс жылдарында да кітапхана қорын жаңа әдебиеттермен, мерзімді басылымдармен толықтыру жалғаса берді.  Мәселен, 1941-1945 жылдары кітапхана «Правда», «Известия», «Война и рабочий класс», «Учительская газета», «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Здравоохранение Казахстана», «Большевик», «Большевик Казахстана», «Прииртышская правда», «Екпiндi» сияқты жалпыодақтық, республикалық және жергілікті мерзімді басылымдарға жазылды. Кітапхананың анықтамалық аппараты – каталогтар мен картотекалар сақталып, жүйелі түрде толықтырылып отырды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында кітапхана ұжымы госпитальдардағы жаралы  жауынгерлерге қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлді. Кітапханашылар Совинформбюроның радиодан және баспасөз беттерінде берілген хабарларын жіті қадағалап, кеңес әскерлерінің соғыс майдандарындағы ілгері жылжуы туралы ақпараттар, дәрістер, әңгімелерді жүйелі түрде хабарлап, партия мен үкіметтің шешімдерін халыққа түсіндірді. Кітапханада дәрістер оқылып, жергілікті ақын-жазушылармен кездесулер, әдеби кештер, кітап көрмелері ұйымдастырылды. Осы оқиғалардың барлығы оқырмандардың патриоттық сезіміндеріне әсер етіп, жеңіске деген сенімдерін күшейтуге ықпал етті.

Оқырмандардың мүддесі үшін өнеркәсіп орындарында, колхоздар мен совхоздарда жылжымалы кітапханалар ұйымдастырылды.

Кітапхана қызметкерлері 1942 жылдың наурыз-сәуір айларында, көктемгі егіс кезеңінде, қалалық мәдениет мекемелерінің басқа қызметкерлерімен бірге ауылдағы көпшілік шаралар мен саяси-ағарту жұмыстары аясында облыстың ауылдарына жылжымалы кітапханалар, көрмелер ұйымдастырып, дәрістер оқып, баяндамалар жасады. [23. 2]

1942 жылы Жаңасемей, Белағаш аудандарында кітапхана қызметкерлері ауылшаруашылық әдебиеттерін насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізді. Далалық лагерьлерде кітапхана қызметкерлері ауылшаруашылық әдебиеттерінен көрмелер мен шолулар ұйымдастырды.[24. 3]

Осы кезеңде жазушылар мен ақындардың, өнер қайраткерлерінің

шығармашылығын насихаттау бағытында да белсенді жұмыстар жүргізілді.

1943 жылдың жазында кітапханада М.Горький шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып, онда жазушының өмірінің хронологиялық деректері, өмірбаяндық фотосуреттері, фотоқұжаттар, автордың үздік шығармалары, оның публицистикалық мақалалары, өмірбаянының хронологиялық деректері, жазушы туралы естеліктер ұсынылды. [25. 3]

1944 жылдың шілде айында кітапханада «Кеңес Одағының Отан соғысына үш жыл», «Көркем әдебиеттегі Отан соғысы», «А.С. Пушкиннің туғанына 145 жыл», «Амангелдінің қайтыс болғанына 25 жыл», «Бағбандарға кеңес», «А.П. Чехов шығармашылығы», – тақырыптарына кітап көрмелері мен «А.П. Чехов және театр»- атты дәріс ұйымдастырылды. [26. 2]

Кітапхана «Бәрі де майдан үшін – бәрі де Жеңіс үшін» бастамасын жүзеге асыруда, жаудан азат етілген аудандарға жан-жақты көмек көрсетуде үлкен жұмыс атқарды: халықтан жылы киімдер мен кітаптар жинауды ұйымдастырды. Сонымен, 1944 жылдың жазында кітапхана Украинаның азат етілген облыстарына кітаптардың үшінші партиясын жіберді. Кобеляки мен Полтаваға мектептерге арналған оқулықтар, саяси және көркем әдебиеттер жіберілді. Біздің кітапханамыздан азат етілген аймақтарға 1944 жылы барлығы 400 дана кітап жөнелтілді. [27. 2]

Өлкетанушы, көптеген танымал спортшыларды дайындаған жеңіл атлетикадан жаттықтырушы, көп жылдар бойы кітапханамыздың оқырманы болған Виктор Иванович Гущин, кішкентай бала күнінде, 1942 жылы желтоқсанның аязды күндерінің бірінде, тағдырдың жазуымен алғаш рет Гоголевка табалдырығын аттағанын: «1942 жылы желтоқсанда бұрын-соңды болмаған аяздар болды, күндіз – 40 градус, түнде – 50 градус … Қала көшелерін мақсатсыз кезіп, суықтан аяғым қатып, тізем бүгілмей, ескі тонымды жел кеулеп кетті. Суықтан әбден қатып, әлім кетті. Терезесі үлкен қызыл кірпіштен салынған екі қабатты ғимараттың алдына тоқтадым. Бұл қала тұрғындарының сүйікті Николай Гоголь атындағы кітапханасы болатын. Оған қала тұрғындары, жасы да кәрісі де кіріп-шығып жатты,  мен де кірдім.  Екінші қабатқа көтерілдім, мен өмірімде алғашқы рет оқу залында болдым, ол маған аса үлкен болып көрінді. Балалардың ертегілер әлемінде жүргендей сезімде болдым. Зал таң қаларлықтай әдемі безендірілген, қабырғаларда портреттер ілулі, жанға жайлы және жылы болды. Залда адам көп болғанымен, салтанатты үнсіздік орнаған. Әркім өз ісімен айналысып жатты: оқу оқып, жазу жазып, конспект дайындап. Кітапхана қызметкерлерінің жанынан бос орындық көріп, соған отырдым,  олар екеу болды: әдемі, жүзі мейірімді әйел және менің жасымдағы қыз, ол анасына оқырмандардан кітаптарды қабылдап алуға және беруге көмектесіп жатты … » -деп, есіне алады.

Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі кітапхана жылнамасының беттерін сол жылдары қызмет еткен барлық қызметкерлер жазды. Олардың ішінде: Тривальская Мария Ильинична және Акимова Мария Васильевна болды.

Тривальская Мария Ильинична сұрапыл соғыс жылдарында оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде кітапханашы болып жұмыс істеді. Кітапханада, қала кәсіпорындарында, ауылдарда түрлі іс-шаралар өткізді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін кітапқа, оқырмандарына және кітапханаға адал қызмет етті.

М.В.Акимованы 1941 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы оны бұрынғы Малдәрігерлік институтының ғимаратында орналасқан Семейге эвакуацияланған №3593 ауруханаға кітапхана-клуб меңгерушілігіне жіберді.

Ауруханада жұмыс істей отырып, Мария Васильевна үнемі жаралыларға рухани қолдау көрсетуге тырысты. Оның бастамасымен ауруханадағы экспромттық сахнада концерттер ұйымдастырылды, саяси ақпараттар жүргізілді, Украинаның «Франко» театры өнер көрсетті. Мария Васильевна ауруханадағы жұмысында тек мәдени-ағарту, үгіт-насихат жұмыстарымен шектелген жоқ. Медицина қызметкерлеріне ауыр жараланған сарбаздарды вагондардан түсіруге, госпитальға қабылдауға, оларға қажетті құжаттарды рәсімдеуге, науқастардың төсегінде кезекшілікке тұруға, жараларын таңу жұмыстарын жүргізуге, госпитальдан үйлеріне қайтарылған денсаулығы жарамсыз комиссияланған жауынгерлерді үйлеріне жеткізуге үнемі көмектесті.

Әскери госпитальдағы жанқиярлық еңбегі үшін Акимова Мария Васильевнаға «Германияны жеңгені үшін» медалі тапсырылды. 1950 жылы Мария Васильевна Н.В. Гоголь атындағы өз кітапханасына оралып,  зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет еткен. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Мәдениет министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. 1957 жылы оған «Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері»  атағы беріліп, «Республикаға сіңірген еңбегі үшін» медалін иеленді.

Соғыс жылдарында кітапханада қызмет еткен мамандардың бірі – Әдия Сүлейменқызы. Ол 1935-1942 жылдар аралығында кітапхананың қазақ бөлімін, содан кейін көпшілік бұқаралық бөлімді басқарған. 1942-1946 жылдары өзінің еңбек жолын Көкпекті аудандық кітапханасын басқарумен жалғастырған.

Соғыстан кейінгі жылдарда бейбіт уақыт жағдайларын ескере отырып, халық шаруашылығын қалпына келтіруге көп көңіл бөлінді. Бұл істе  кітапхана да шет қалмады: дәрістер, көрмелер, жазушылармен, соғыс ардагерлерімен, өндіріс озаттарымен кездесулер белсенді түрде өткізіліп тұрды.

Кітапханада небір бастамашыл, білікті мамандар жұмыс істеді, олардың ішінде: кітапхана директоры Н.П.Крамская облыстық кітапханада жиырма жылдан астам қызмет етті.  С.П. Степина Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген кітапханашысы атанды. М.Хасанова, Н.И. Кустова, А.Л. Зулкарнеева, В.И. Гладышева сынды мамандар соғыс жылдарынан кейін кітапхананың дамуына үлкен үлестерін қосты. [28. 2]

1958 жылы Қазақ ССР Кеңесінің Құрмет грамотасымен Гоголь кітапханасының директоры Крамская-Девятых Надежда Пантелеймоновна,  кітапханашы Мағиза Сейтқалиқызы Дюсупбаева және аға кітапханашылар Кружилина Галина Нестеровна мен Коробкова Зоя Яковлевна марапатталды.[29. 1]

1961 жылы Н.Гоголь атындағы кітапхана Қазақ КСР Мәдениет министрлігі мен Қазақстан ЛКЖО Орталық комсомол комитетінің «Үздік кітапхана» дипломымен марапатталды.

Барлық кітапханашылар «Білім» қоғамының мүшелері ретінде, кәсіпорындар мен мектептерге саясат, жаратылыстану, өнер тұлғаларының шығармашылығы туралы дәрістер оқыды.

Оқырмандардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында 1967 жылы Гоголь атындағы кітапханада кітап қорын толықтыру бөлімі құрылды. Осы жылы мерзімді басылымдардың жиынтық картотекасын құрастыру жолға қойылды. 1960 жылдары  кітапханада абонемент, оқу залы, келіп түскен кітаптарды өңдеу, әдістемелік және анықтама-библиографиялық бөлімдер қызмет жасап,  кітапхананың  қоры 240 000 кітаптан астам болды.

Әдебиеттерді толықтыру және өңдеу бөлімдерін тәжірибелі, өз ісіне берілген мамандар Зулкарнеева Асия Латфуловна және Колбина Лилия Ильинична басқарды. Ленинградтың  Н.К. Крупская атындағы мемлекеттік мәдениет институтын бітіргеннен кейін, олар кітап қорларының есебі мен сақталуын дұрыс ұйымдастыру, кітапхана каталогтарын жасау жолында көп еңбек сіңірді.

1970 жылдардағы әдебиеттермен толықтырудың негізгі көздері облыстық кітапхана коллекторы, кітап дүкендері, «Кітап пошта арқылы» жүйесі, «Кітап сатушы бюллетені» арқылы тапсырыстар жазылу арқылы болды. 1972 жылғы «Жазушы» баспасының тақырыптық жоспары бойынша 172 атаулы әдебиет, «Қайнар» баспасына 168 атаулы әдебиетке тапсырыс берілген. Сол жылдары мерзімді баспасөзге қомақты қаржы бөлініп, жыл сайын 111 журнал, 52 газетке жазылғаны туралы кітапхананың жылдық есебінде көрсетілген.

Жетпісінші жылдары Семейде құрылыс, жеңіл және тамақ өнеркәсібі жақсы дамыды. Қаламызда 4 жоғары оқу орны, 14 техникум, ғылыми-зерттеу институттары, екі театр, филармония, мәдениет үйлері, зауыттар мен фабрикалар, телестудия және басқа да мәдениет мекемелері болды. Осының барлығы облыстық кітапхананың оқырмандар контингентін айқындады.

Кітапханалар мемлекеттің идеологиялық құрылымының бір бөлігі ретінде қабылданып, партияның барлық саяси және экономикалық істеріне қатысуға міндетті болды. Оқырмандарды жазушылармен, олардың шығармаларымен таныстыру мақсатында оқырмандар конференциялары, көрмелер, ауызша журналдар өткізілді. Осындай оқырмандар конференциясы «Дала жыршысы» атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Жилгражданстрой» тресінің жатақханасында жұмысшы жастарға өткізілді. ГПТУ-74 жатақханасында Олесь Гончардың «Тронка» кітабына арналған оқырман конференциясы сәтті өтті.

Халықаралық кітап күніне орай облыстық телеарнада кітапханалар туралы «Кітап достарының клубы» бағдарламалар топтамасы ұйымдастырылды, соның бірі Гоголь атындағы облыстық кітапхананың қызметіне арналды. Бұл бағдарламаны дайындауға барлық кітапхана мамандары қатысты.

1972 жылы мамыр айында облыс мәдениет қызметкерлерінің съезін өткізіп, оны дайындауға кітапхана қызметкерлері белсене қатысқан. Кітапхананың әдістемелік бөлімі кәсіптік білім беретін оқу орындарының кітапханаларына арналған семинар бағдарламасын құрастырған. 1972 жылы 5-7 қыркүйекте кітапханамыз Семейде өткен Шығыс Қазақстан, Талдықорған облыстары қалалық кітапханалары қызметкерлерінің республикалық аймақтық семинарын дайындауда көп жұмыстар атқарды.

Гоголь атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференция оқырмандарды кітап оқуға бағыттауға арналды. Семинарға қатысушыларға «Оқырмандарды кітап оқуға бағыттау – кітапханалардың негізгі міндеттерінің бірі» кеңесі берілді. Семинарда бірқатар кітапханалар осы мәселе бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Облыс кітапханаларының оқырмандарға бағыт-бағдар беру жұмыстарына талдау жасалды.

1974 жылдан бастап кітапхана тарихында жаңа кезең басталды.  Кітапхана қауымының басты назарында СОКП Орталық Комитетінің «Еңбекшілерге коммунистік тәрбие берудегі және ғылыми-техникалық прогрестегі кітапханалардың рөлін арттыру туралы» қаулысы және осы құжатқа байланысты көпшілік кітапханаларды орталықтандыру, депозитарлық қор  сақтау жүйесін құру мәселелері болды.

1974 жылы кітапханада «Мамандығыңды сүй» тақырыбында кітапханашылардың қалалық конференциясы өтті. Конференцияда кітап пен кітапхананың адам өміріндегі рөлі, кітапхана ісі, кітапханашы этикасы туралы кеңестер берілді.

Конференцияда облыстық Гоголь атындағы кітапхана директоры Жақсыбекова Жанна Мұқатқызы сөз сөйлеп, оның әңгімесі кітапханашы мамандығының беделі «оқырман – кітап» буынының алтын арқауы екенін айтты. [30. 4]

1978 жылы Гоголь атындағы кітапханада 2 мамандандырылған бөлім  кітапхана аралық абонемент  пен ауыл шаруашылық әдебиеттері бөлімі ашылды.

Кітапхана аралық абонемент секторы Кеңес Одағында орналасқан шалғайдағы кітапхана оқырмандарының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ашылды.  Кітапхана аралық абонемент секторы жиыны 60 кітапханамен байланыста болған. Кітапхана оқырмандары жыл сайын 400 басылымға тапсырыс жасап, кітаптар Мәскеу мен Ленинградтың ірі кітапханаларынан, Ташкент, Киев қалаларынан және еліміздің басқа да бірқатар кітапханаларынан алынды.

Жаппай ауыл шаруашылық кәсіптерімен айналысатын жұмысшылардың біліктілігін арттыруға көмектесу мақсатында құрылған Ауыл шаруашылығы әдебиеттері бөлімінде алғаш ашылған жылы 20788 дана болып, жылына  30-дан астам мерзімді басылымдарды жаздырып алып тұрған.

Облыстың барлық ведомстволар мен ұйымдарының кітапханаларына әдістемелік және практикалық көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, әдістемелік бөлім кітапханалар жұмысының жоспарлары мен есептерін қабылдады.

80-жылдары Семей Қазақстанның ірі өнеркәсіптік және мәдени орталықтарының бірі болды. Қалада орта және жоғары оқу орындарының болуы, өнеркәсіптің өркендеуі – осының барлығы кітапхана ісін дамытуға ықпал етті. Н.В. Гоголь атындағы облыстық кітапхана идеологиялық және ақпараттық орталық ретінде өлкенің саяси-тәрбие, мәдени-ағарту жұмыстарына белсене қатысты.

Егер ХХ ғасырдың басында кітапханада тек 2-ақ бөлім – екі қызметкерімен – абонемент және оқу залдары ғана болса, 80-ші жылдары 9 бөлім болып, онда 39 адам жұмыс істеді.

Бұл жылдары оқырмандарға Өнер бөлімі ашылып, көпшілікке қызмет көрсетті. Кітапханаға жылына орта есеппен 23 мыңнан астам оқырман тіркеліп, оларға 700 мыңға жуық басылымдар берілді.

1983 мерейтойлы жылы кітапхананың қоры 405905 дананы, оның ішінде мемлекеттік тілдегі басылымдардың саны 25561 дананы құраған. Қорда XVIII-XIX ғасырлардағы құнды және сирек басылымдар, мерзімді басылымдардың бай тігіндісі болды.[1. 6, 14]

Ғалымдар қызметіне ғылыми оқу залы да ұсынылды, ол арқылы оқырмандар қажетті әдебиеттерді  тек кітапхана қорынан ғана емес, сонымен қатар кітапхана аралық абонемент арқылы да тапсырыс бере алатын болды. Кітапхана көптеген ақпараттық тапсырыстарды орындап, оқырман сұранысын қанағаттандыруға қызмет жасады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптық картотекасы жүргізілді.

Кітапхана жастармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлді. Арнайы  бөлімдер жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, олардың сұраныстарын толық қанағаттандыру мәселелерімен айналысты. Бұл жұмыс 2 оқырман тобында жүргізілді: жұмысшы жастар және студенттер. Оқырмандардың үлкен тобын студенттер құрады. Бұл оқырмандар тобымен жұмыс келесі бағыттар бойынша жүргізілді: таңдаған мамандығы бойынша білімді меңгеруге көмектесу, идеялық тәрбие мен тұлғаны қалыптастыру, кітап оқу мәдениетін көтеру.

«Табиғат» дәрісханасының жанындағы әдебиеттерді беруге арналған кітапхана  пункті  «Табиғатты қорғау» қоғамы мен қалалық бағбандар кеңесінің ұйымдастыруымен жұмыс жасады. Дәрісханадағы сабақтар күзгі-қысқы кезеңде айына 2 рет өткізілді. [31. 16]

Осы кезеңде кітапхана әдебиетті насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді пайдаланды. 1982 жылы облыстық табиғатты қорғау қоғамымен бірлесіп «Біздің үй – табиғат» телебағдарламасы дайындалып, жүргізілді.

Н.В. Гоголь атындағы кітапханамыздың құрылғанына 105 жыл толуына орай 1988 жылы сирек басылымдарға телерна арқылы шолу жасалды.

Ауыл шаруашылығы әдебиеті бөлімі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық кеңестерінің, конференцияларының жұмысына белсене қатысы.

Ауыл шаруашылығы әдебиеті бөлімі «Ауыл шаруашылығы ғылыми-техникалық бірлестігінің» облыстық басқармасымен, Ғылыми-техникалық ақпарат орталығымен (ҒТАО) бірлесе отырып,  ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізді.

Облыстық өнер саласының мамандары үшін 1980 жылы жаңа мамандандырылған бөлім ашылып, эстетикалық тәрбие беруде сан алуан жұмыстар атқарды.1988 жылы өнер бөлімі Музыкалық қоғамның облыстық филиалымен бірлесіп «Музыкалық қонақжайды» ашты. Қонақжайды ұйымдастыруда музыкалық қоғамның облыстық бөлімшесі әріптес болды. «Музыкалық қонақжайдың» жылдық бағдарламасы музыкалық абонементте басылған. Музыкалық қонақжайдың ашылуына Орта Азия және Қазақстан вокалистер байқауының лауреаты Борис Турищев қатысты. Әр айдың үшінші бейсенбісінде бас қосқан қонақжай қонақтары кітапханадағы өнер саласындағы әдебиеттердің жан-жақты, белсенді пайдаланылуына ықпал етті. [32. 8]

Көпшілік шараларды өткізуге жазушылар мен ақындар М.Сәрсеке, Д.Черепанов, Н.Алексеев, В.Кобрин, музыканттар мен композиторлар М.Рахымбаев, Б.Бекетов және т.б. белсене атсалысты.

Кітапхананың анықтамалық-библиографиялық бөлімі қаланың жетекші библиографиялық орталықтарының қатарына кіреді. Оқырмандардың көптеген сұраныстарын қанағаттандыру үшін кітапханада үлкен анықтамалық қор бар: энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалықтар және білімнің әртүрлі салалары бойынша библиографиялық құралдар. Анықтамалық-библиографиялық бөлімде қала кітапханалары алған мерзімді басылымдардың жиынтық картотекасы үлкен сұранысқа ие болды.

Кітапхана өлкетану анықтамалық ұсыныстық  библиографиясын дамытуға үлкен үлес қосып, «Семей 50 жыл ішінде», «Қаламыздың тарихынан», «М. О. Әуезов өмірінің Семей кезеңі», «Семейге – 260 жыл» және т.б. өлкетану библиографиялық оқу құралдарын құрастырды.

Библиографиялық құралдарының барлығы аудандық, ауылдық кітапхана қызметкерлеріне оқырмандар арасында әдебиетті насихаттауда үлкен көмек болды. Кітапхананың 100 жылдық мерейтойына «Гоголь атындағы Семей кітапханасына 100 жыл» атты анықтамалық жолкөрсеткіш  шығарылып,  бұл құрал бүгінгі күнге дейін үлкен сұранысқа ие.

Облыстық кітапхана жұмысында «Семей облысы баспасөзде», «Мәдени-ағарту жұмысы» ақпараттық бюллетеньдері қолданылды. Ақпараттарды таңдаулы тарату жүйесі (АТТ)  бойынша жұмыстар жүргізілді.

Ұйымдардың, кәсіпорындардың және оқырмандардың сұраныстары бойынша библиографиялық анықтамалар орындалды. Олардың тақырыптары сан алуан: «Еңбекшілер хаттарымен жұмыс жасаудағы партия ұйымдарының тәжірибесі», «Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы ұжымдық мердігерлік», «Франциядағы, Польшадағы, Югославиядағы партизандық қозғалысқа қатысушы семейліктер туралы», т.б.

1980 жылдары кітапхана қорларын толықтыру көздері кітапхана коллекторлары, мамандандырылған кітап дүкендері және «Пошта арқылы кітап» дүкендері болды. Осы жылдары облыстық кітапхананың кітап қоры оқырман сұранысын барынша қанағаттандыру мақсатында көркем әдебиетке ғана емес, техникалық, саяси, ауыл шаруашылық әдебиеттерге, барлық оқулықтар түріне деген сұраныстың артуы ескеріле отырып толықтырылды. 100 жылдық мерейтойына орай Н.В. Гоголь атындағы кітапхана қорында  420 мыңнан астам кітап болды. Осы жылдары кітапхана Мәскеудегі ғылыми кітапханалардың орталық коллекторының міндетті ақылы көшірмесімен толықтырыла бастады. Орталық коллектордан түскен әдебиеттердің нәтижесінде кітапханаға ғылыми-танымдық мәні зор басылымдар түсті. Бұл Кеңес Одағының ірі ғылыми орталықтары Киев, Новосібір, Томск, Ташкентте басылып шыққан кітаптар болды.

Кітапханаға сұранысы жоғары кітаптар түсуіне байланысты жаңа оқырмандар легін оятты. Кітапханамен дос болған қаламгерлер де өз кітаптарын сыйға тартты.  Жазушылар мен ғалымдар  Ф. Оңғарсынованың, Ә.Нұршайықовтың, Ш.Мұртазаның, Ғ.Есімнің, М.Сәрсекеевтің, Р.Сейсенбаевтың, М.Сұлтанбековтың, К.Оразалиннің, өлкетанушылар Ғ.Зұлхаровтың, М.Жанболатовтың В.Н. Кашляктың, Ж.Қасымбаевтың, М.Ғалиевтің, М.Бейсембаевтың қолтаңбалары бар кітаптарды сүйіспеншілікпен сақталуда. [33. 2]

1987 жылдың қаңтар айынан бастап облыстық Н.В. Гоголь атындағы  ғылыми кітапханасы облыстық ғылыми кітапханаларға арналған Кітапханалық Библиографиялық Жіктеу (КБЖ) кестелері бойынша өз қорлары мен каталогтарын КБЖ-ға ауыстыра бастады. Көптеген дайындық жұмыстары жүргізілді: кітапханаға КБЖ енгізу бойынша комиссия құрылды, кітап қоры 1986 жылдың наурызынан 1987 жылдың наурызына дейін тазартылды, кітапханашыларға КБЖ кестелерін зерделеу бойынша сабақтар өткізілді.

Облыстық кітапхананың әдістемелік бөлімінің қызметкерлері облыстың барлық кітапханаларымен озық тәжірибені жинақтап, жедел таратуға, ғылыми зерттеулерді кітапханалардың тәжірибесіне енгізуге бағытталған елеулі әдістемелік және үйлестіру жұмыстарын жүргізді. Олар облыс аудандарының кітапханаларына барып,  жұмыс жағдайымен танысып,  ғылыми-әдістемелік сондай-ақ кітапханашылар мен клуб қызметкерлерінің аттестациядан өтуі мен жылдық есептерді қабылдау мәселелерінде практикалық көмек көрсетті.[34. 11]

1980 жылдары халық шаруашылық жоспары бойынша жаңа ауылдық кітапханалар ашылды. Кітапхананың әдістемелік бөлімі облыста жаңа кітапханалардың ашылуына жетекшілік етіп, оларды кітапханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін де қарастырды. Н.В. Гоголь атындағы облыстық кітапханада директорлар кеңесі құрылды. Кеңес құрамына барлық орталықтандырылған жүйелердің директорлары, сондай-ақ облыстық әдістемелік орталықтардың қызметкерлері кірді. Директорлар кеңесінің отырыстарында халыққа кітапханалық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды жетілдіру мәселелері қаралып, «Кітапханашы» журналында жарияланған материалдар мен жаңа оқу-әдістемелік құралдар талқыланды.[35. 55]

Бұл жылдары Гоголь атындағы облыстық кітапхана Семей  Ертіс өңірінің мамандарына ақпараттық қызмет көрсетуді үйлестіруші орталық болды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық ғылыми-техникалық кітапханамен, Семей қалалық орталық кітапханасымен, кәсіподақтық, көпшілік және жоғары оқу орындары кітапханаларымен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының кітапханасымен,  Орталық ғылыми зерттеу институтымен (ОҒЗИ) бірлесіп жүргізілді.

Н.В. Гоголь атындағы облыстық кітапханада 9 адамнан тұратын әдістемелік кеңес құрылды. Кеңес отырысында кітапханалардың 1-ші жарты жылдық және 9 айдағы жұмыс қорытындылары, іссапарлар, озық тәжірибелерді зерделеу және енгізу, кадрлармен жұмыс барысы талқыланды. Барлық талқыланған мәселелер бойынша кітапхана қызметін жақсартуға бағытталған нақты шешімдер қабылданды.[35. 79]

1970-1980 жылдардағы қоғамдық дамумен байланысты облыстық Н.В. Гоголь атындағы кітапхана Семей өңірінің ең ірі ақпараттық орталығы ғана емес, сонымен бірге білім мен өзін-өзі тәрбиелеу ордасына айналды. Идеологиялық мекеме ретінде кітапхана облыс халқымен жаңа жұмыс істеп, тәрбиелік-ағартушылық миссиясын атқарды.

Кітапхананың 100 жылдығына орай 1983 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Гоголь атындағы облыстық кітапхананы Құрмет грамотасымен марапаттады. 1987 жылы Кеңес Армиясының Семейдегі гарнизоны жауынгерлер арасында әскери-патриоттық әдебиетті белсенді насихаттағаны үшін кітапхананы Құрмет грамотасымен марапаттады және бірлескен жұмысы үшін армия штабының алғысына ие болды. [36. 16]

70-80 жылдары облыстық Н.В. Гоголь атындағы кітапхананы директорлар Ж.М. Жақсыбекова пен А.М. Полищук басқарды. Жанна Мұқатқызы Жақсыбекованың еңбегі мемлекет тарапынан – Н.К. Крупская төсбелгісімен марапаттауына лайық болды (1982).

Абай, Шәкәрім, Алаш арыстары оқырманы болған Семейдің қоғамдық кітапханасынан М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, С.Дөнентаев, С.Торайғыров, И.Байзақов, С.Бегалин, Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар, Қ.Бекхожин, Қ.Аманжолов, Е.Бекмаханов, А.Шамкенов, Ж.Жұмақанов, І.Жансүгіров,  С.Мұқанов, Т.Молдағалиев, Қ.Жұмаділов,  К.Оразалин, Е.Пермитин, Т.Әбдірахманова, Н.Анов,  Ә.Нұршайықов, Ә.Шәріпов, Д.Черепанов, А.С.Иванов, П.Кузнецов, Қ.Мұхамедханов, Ы.Мусин, Т.Ибрагимов, т.б. сияқты қаламгерлер әр жылдары кітапханамызда болып, қазына қорларымен таныс болды.

Әдебиеттер:

  1. Семипалатинской библиотеке им. Гоголя 100 лет (Путеводитель). – Семипалатинск: Семипалатинское областное управление культуры, 1983;
  2. ЦДНИ г. Семей, Ф.415 О 1Ед. хр. №229, с. 23-30 С. 26
  3. Особенности формирования библиотечных кадров в условиях становления социализма // https://textbook.tou.edu.kz/books/095/8.html
  4. ЦДНИ г. Семей, Ф.415 О 1Ед. хр. №96, с. 35-37, 58-61
  5. ЦДНИ г. Семей, Ф. 415. 0.1. Д. 56, с. 11-16.
  6. ЦДНИ г. Семей, Ф. 415. Архивный №630 631 0 2. Личное дело Шубина Алексея Федоровича;
  7. ЦДНИ г. Семей, Ф.415 О 1Ед. хр. №143, с. 69.
  8. ЦДНИ г. Семей, Ф.415. О.1. Д. 114, С.74, 75.
  9. Библиотечное дело // Степная правда. – 1923. – 1 ноября. – с. 3.
  10. ЦДНИ г. Семей, Ф.415. О.1. Д. 114, С. 94.
  11. ЦДНИ г. Семей, Ф.415. О.1. Д. 97, С.2.
  12. ЦДНИ г. Семей, Ф.415. О.1. Д. 97, С. 34.
  13. ЦДНИ г. Семей, Ф.415. О.1. Д. 114, С.161
  14. Хищения из библиотек // Степная правда. – 1923. – 1 июня. – С.4.
  15. В.В. 40-летний юбилей библиотеки имени Н.В. Гоголя: Юбилейный праздник, Заслуженная награда, Гоголь // Степная правда. – 1923. – 17 октября. – С.3
  16. ЦДНИ г. Семей, Ф.415. О.1. Д. 97, С.16.
  17. Каркаш В Губернской Центральной библиотеке имени Гоголя // Степная правда. – 1924. – 18 сентября. – С.6
  18. Очаг культуры // Степная правда. – 1924. – 25 октября. – С.2.
  19. ЦДНИ г. Семей,Ф.415. О.1. Д. 97, С.39.
  20. ЦДНИ г. Семей,Ф.415. О.1. Д. 56, С.5.
  21. Турчев. Библиотека и политсамообразование // Прииртышская правда. – 1928. – 11 октября. – С.2.
  22. ЦДНИ г. Семей, Ф.415 О 1Ед. хр. №229, с. 23-30, С. 26.
  23. Политпросветительская работа в селе и ауле // Прииртышская правда. – 1942. – 26 марта.
  24. По нашей области // Прииртышская правда. – 1942. – 8 апреля.
  25. Памяти великого писателя. // Прииртышская правда. – 1943. – 18 июня. – С. 3.
  26. Шесть выставок // Прииртышская правда. – 1944. – 2 июля. – С.2.
  27. Прииртышская правда. – 1944.- 14 июля
  28. Измайлов Ш. Среди книжных сокровищ // Иртыш. – 1966. – 26 апреля
  29. О награждении Грамотами Верховного Совета Казахской ССР работников Семипалатинской областной библиотеки им. Н.В. Гоголя: Указ Президиума Верховного Совета Казахской ССР // Казахстанская правда. – 1958. – 14 октября
  30. Ольховая В. Разговор шел о профессии. – // Иртыш. – 1974.- № 155.- 6 август.- стр. 4.
  31. Ф.1100, Оп.1, Д.27 ЦДНИ, С.16.
  32. Отчёт о работе Областной библиотеки им. Н.В. Гоголя за 1988.
  33. Байкенова Г.К. Профессия, люди, годы //Вести Семей. – 2018. – 22 мая. – С. 2.
  34. Ф. 1100, Оп. 1, Д. 28 ЦДНИ, С.11.
  35. Отчёт о работе Областной библиотеки им. Н.В. Гоголя за 1980 год, С.55, 79
  36. Ф.1100, Оп.1, Д.35, С.16.

 

Кітапхана қызметі бүгінгі таңда

 Қазақстанның тәуелсіз даму жолына түскен тарихи кезеңі кітапханаға тың серпін берді. 1991 жылдан қазірге дейінгі уақыт – Абай кітапханасы үшін де дамуының жаңа кезеңі болды. 1991 жылы кітапхана Советская көшесіндегі 86 мекен жайдағы ғимаратқа көшті. Сол жылы көше атауы Абай көшесі болып өзгертілді. 1991 жылы 12 қазанда Халық депутаттары Семей облыстық Кеңесінің атқару комитеті «Партия органдарының мүлкінің бір бөлігін – қоғамдық-саяси орталық пен бұрынғы қалалық партия ғимараттарын беру туралы» №224-12 қаулысын қабылдады. Осы қаулыдағы №1 тармақта: «Қоғамдық-саяси орталықтың ғимаратын Гоголь атындағы облыстық кітапханаға беру туралы комиссияның ұсынысы қабылдансын» делінген.[1. 1] Кітапхана Ленин көшесі 20 және 22 (қазіргі Мәңгілік ел көшесі) және М.Горький көшесі, 12 (қазіргі Б.Момышұлы көшесі) бойында орналасқан үш ғимараттан  Абай көшесі 86 үйінде  орналасқан ғимаратқа көшті.

1992 жылы желтоқсанда Министрлер Кабинетінің шешімімен Н.В. Гоголь атындағы кітапханаға Ұлы ақын есімі беріліп, ол Абай Құнанбаев атындағы Семей облыстық әмбебап кітапханасы деп аталды.[2. 1] Қазақстан Республикасы Семей облыстық әкімшілігі басшысының 1992 жылғы 16 қыркүйектегі N 170 қаулысында: «Облыстық кітапхана қызметкерлерінің жалпы жиналысының оның атауын өзгерту туралы шешімін қарап, облыстық ономастикалық комиссияның қорытындысын және осы мәселе бойынша басқа да материалдарды негізге ала отырып, 23-тармақты басшылыққа ала отырып, «Қазақ КСР-нің әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін шешу тәртібі туралы ережені» және «Қазақ КСР-дегі тіл туралы» Қазақ КСР Заңының баптарын Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетінен сұралсын. Гоголь атындағы облыстық кітапхананың атауы Абай атындағы облыстық кітапхана болып өзгертілсін». [3. 4]

Осы кезеңде Облыстық кітапхана мамандары Абай, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жаңасемей, Жарма, Көкпекті, Мақаншы, Новошүлбі, Таскескен, Үржар, Шар, Шұбартау аудандарының аудандық және ауылдық кітапханаларына әдістемелік көмек көрсетті.[4. 39]

1990 жылдардың екінші жартысында  кітапхана  жұмысы жаңа бағыттармен, соның ішінде: компьютерлік технологияны дамыту, жобалар мен бағдарламаларды құрастыру сияқты қызметтермен кеңейді.

1990 жылдардың ортасында қаламыздағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы мен облыстық балалар кітапханасы, оңтайландыру саясаты ықпалымен, Абай атындағы кітапханаға біріктіріліп, кітапхана қоры толықты.

Кітапхана қоғамның мәдени дамуына өз үлесін қосып, әр уақытта көпшілік оқырмандар үшін қызмет етуде. Абай атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана 1993 жылы «Қазіргі әлеуметтік және экономикалық жағдайдағы Қазақстанның ұлттық библиографиясы» атты республикалық кеңес өткізді.

Абай кітапханасы 1995 ж. Халықаралық Кітапханалар Ассоциациясының (IFLA)  мүшесі болып, Түркия, Украина (Қырым), Норвегия, Оңтүстік Корея, Канада елдерінде өткен халықаралық конференцияларға қатысты. 1990 жылдары кітапхана қызметінде маңызды оқиғалар орын алды: кітапхана IFLA – Халықаралық кітапханалар қауымдастығының құрамына енді, Ыстамбұлда өткен 61-ші конференцияға қатысты. Осы конференцияға қатысқан біздің делегациямыз төрт тілде: қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде «Абай елі» атты 2 күндік кітап көрмесін ұйымдастырды.[5. 2]

1996 жылдан бастап заман талабына орай кітапханаға жаңа технологиялық құрылғылар енгізілді.

1997 жылы кітапхана мамандары «Қырым-97» халықаралық конференциясына қатысты.

1997 жылы облыс статусы алынып тасталғаннан кейін кітапханамыз Семей қаласындағы оқу орындары мен мектеп кітапханаларының жұмыстарына әдістемелік көмек көрсетіп отырды.  Кітапханамыздың мамандары кітапханашылардың біліктілігін арттыру және шеберліктерін шыңдау жұмыстарына қатысты шараларды үйлестірді.

1990-1999 жылдары кітапхана қоры жыл сайын 3-4 мың дана кітаппен толығып отырды. 1996 жылы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы таратылған кезде оның кітап қоры қайта бөлініп, мектеп кітапханаларына, мектеп-интернаттарға, әскери бөлімдерге берілді, сұранысы жоғары әдебиеттер Абай атындағы кітапхананың балансына алынды.[6. 59] 1998 жылы кітапхананың кітап қоры 400 мың дана кітап пен мерзімді басылымды құрады.[7. 8]

Семей облысы таратылып, 1997 жылы Шығыс Қазақстан облысының құрамына енген кезде Абай атындағы Семей әмбебап кітапханасы зоналық кітапхана мәртебесінен айрылды. Мәртебесіне қарамастан, кітапхана басқа да кітапханалардың жұмысын үйлестіруді жалғастырды, бірақ аудандық емес, ведомстволық, оның ішінде 2 орталық, 7 қалалық және 1 зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханалар болды.[8. 45]

1998 жылдан бастап кітапхана қызметінің кітапхананы дамытудың маркетингтік стратегиясы пайда болды, онда қоғаммен байланыс, жарнама, кітапхана келбетін дамытуға, жаңа оқырмандарды тартуға көп көңіл бөлінді.[9. 3] Іс-шараларды өткізуде интернет белсенді түрде қолданылды, оқырмандарды әлем елдерімен, халықаралық ақпараттармен таныстырып, жаңа ақпараттар әлемі шаралар мазмұны мен сапасын арттырды. Кітапханада «Әдеби-музыкалық қонақжай» мен «Шежіре» клубы өз жұмысын бастады, атаулары мен атқаратын қызметтері өзгеріп, бүгінгі күнге дейін жемісті жұмыс жасап келеді.

1999 жылы әдістемелік жұмысты үйлестіруді Ведомствоаралық комиссияның кітапханалық кеңесі жүзеге асырды. Жоғары оқу орындары мен орта арнаулы оқу орындарының кітапханаларының жұмысы үйлестірілді, кітапхана мамандары кітапханашылардың біліктілігін арттыру және шеберлік шыңдау жұмыстарына қатысты, қала кітапханаларының қорын толықтыру және каталогтау жұмыстары, қалалық кітапханалардың мерзімді басылымдарға жазылуы үйлестірілді, «Қалалық кітапханалар жазылған мерзімді басылымдардың жиынтық картотекасы» жүргізілді.[10. 53]

2000 жылдардың басында кітапханада кітапханалық процестерді автоматтандыру бойынша белсенді жұмыс басталды. Кітапханада алғаш рет автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе  (ABIS) бағдарламасы іске қосылды. Бұл жұмыс 2009 жылдан бастап ресейлік интегралды кітапханалық-ақпараттық кеңейтілген жүйесі (ИРБИС) бағдарламасына ауыстырылды. 2018 жылдан бастап осы жүйедегі жұмысымыз отандық   автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйесінің жетілдірілген және жаңартылған  (Web–Rabis) бағдарламасымен жұмысын жалғастыруда.

Осы жылдары кітапхана оқырмандарға ақылы негізде біраз қызмет көрсетті. 2002 жылдың қыркүйегінде Халықаралық ғылыми зерттеулер мен алмасулар кеңесі (IREX/АҚШ) мен Абай атындағы Семейдің әмбебап ғылыми кітапханасы арасында Ынтымақтастық және Интернетке Қоғамдық қолжетімділік орталығын құру туралы келісімге қол қойылды, кейін ол Интернет орталығына айналды. 2006-2007 жылдары Интернет орталығының белсенді жұмысы үшін кітапханаға компьютерлік техниканы сатып алуға гранттар бөлінді.

2004 жылы кітапханада  «Абай облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы» – (https://semeylib.kz)  сайтының негізі құрылды.

2005 жылы кітапхана мамандары Астанада Ұлттық академиялық кітапхананың ашылуына белсене қатысты. Кітапхана 2000 жылдары Солтүстік Кореяда (2007), Норвегияда (2007), Канадада (2009) өткен IFLA халықаралық кітапханалық конференцияларына, сондай-ақ АҚШ-тағы «АҚШ кітапханаларының менеджменті» халықаралық тәжірибе  алмасу бағдарламасына  қатысты. Іс-шаралардың негізгі мақсаты тәжірибе алмасу, идеялармен алмасу, жаңа ақпараттық технологиялар мен кітапхана ісі саласындағы жетістіктерді таныстыру болды.

2009 жылы Астанадағы АҚШ Елшілігінің қоғаммен байланыс бөлімі (ОСА) кітапханамызға Америка бұрышын құруға грант бөлді.

Кітапхана Абай оқыған  әдебиеттер әлемінен жасақталған «Рухани мұра – ғасырдан ғасырға» кең көлемді сирек басылымдар көрмесімен 2005 жылы Астана қаласындағы Ұлттық Академиялық кітапханасының ашылу салтанатына қатысып, тұсауын кесті. Мұндай аса маңызды шара  енді кітапхананың  қабырғасында ғана емес, болашақта Қазақстанның ірі-ірі қалалары мен алыс-жақын шет елдерде де көрме-экспозицияларын ұйымдастыруға негіз болды.

2010 жылғы 22 сәуірде Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Райнер Шлагетер Семей қаласына үш күндік сапармен келді. Елші Абай атындағы кітапханада «Қазіргі Германия» көшпелі көрмесін ашып, кітапханаға Абайдың неміс тіліне аударылған кітаптарын сыйға тартты.[11. 6]

Көрмелер циклі  2006-2013 жылдар аралығында Павлодар облыстық Бұхар Жырау атындағы  әдебиет және өнер музейінде, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Мұражайында және Алматы қаласындағы Ұлттық Кітапханада, Өскемен қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы қалалық кітапханасында,  Өскемен қаласында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық форумында,  Павлодар облыстық С.Торайғыров атындағы және Алматы облыстық С.Сейфуллин атындағы, Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап кітапханаларында ұйымдастырылды.

Кітапханамыз 2011-2023 жылдары Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Павлодар Семей қалаларында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының, ҚР Ұлттық кітапханасының,  Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасының, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының, Қарағанды қаласындағы Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен өткен түрлі халықаралық, республикалық конгрестер мен конференцияларға қатысты. Аталған ауқымды шараларға қатысушы ғалымдар мен зерттеушілерге, ізденушілерге “Семейдің қоғамдық кітапханасы: Шығыс Қазақстан, Семей өңірінің зерттелу мәселелері”, «Абай тұлғасы сирек басылым беттерінде», «Абай: сирек өлкетану дерек көздерінде», «Әлихан Бөкейхан: Сирек басылымдарда», «Хакім Абай. Тұлға. Қайраткер», «Абай кітапханасы: сирек кітаптар ескерткіштері», «Абай тұлғасы өлке дерек көздерінде» тақырыптарында жасалған баяндамалар ауқымды шаралардың мазмұнын ашуға арқау болды.

2011-2012 жылдары кітапхана қызметкерлері ЮНЕСКО жобасы аясында өткен «XVII-XIX ғасырлардағы шығыс қолжазбалары мен кітаптарын және Батыс Еуропа кітаптарын қалпына келтіру мен түптеу», «Ақпараттық іздеу тілдерін қолдану арқылы құжаттарды индекстеу», семинарлар жұмысында оқу курстарына қатысып, сертификаттар алды.

2013 жылы кітапханамыздың  130 жылдық мерейтойы қарсаңында  кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы оқыған әдебиеттер әлемін  кітапхана пайдаланушыларына  жүйелі таныстыратын «Абайдың рухани орталығы» ұйымдастырылды. Орталықтағы XVIII ғасырдың соңынан басталып,  XIX ғасырда және  XX ғасырдың басын қамтыған 5000-ға тарта кітапханамыздың бай сирек кітаптары мен 27 000 –ға жуық мерзімді басылымдарының қазына қорындағы асыл жауһарлар ғасырлар сырын біздің заманымызға – бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Ата-баба тарихынан ақпарат беретін түркі әлемінің баға жетпес дерек көздері, ғалымдардың зерттеулері «Учёные записки  Академии Наук Росийской Империи» (1853,1854), А.Харузин «Курганы Букеевской степи» (1890), Қазақ жерін отарлау жайлы – «Журнал совещания о землеустойстве киргиз» (1907), «Материалы по киргизскому землепользованию» (1905), бай кен-қазбаларымыз жайлы – «О золотых приисках Семипалатинской области», өлкеміздің аң-құсы, флора-фаунасы бейнеленген Семей Географиялық Бөлімшесінің «Жазбалары…», Абай жайлы деректер тіркеген Облыстық Статкомитет пен Бастауыш білім беру қоғамының басылымдары мен ақын оқыған батыс ойшылдары Милль, Дрэпер, Спенсер еңбектері және орыс, еуропа сөз зергерлерінің шығармалары кітапханамыздың төрінен орын алып, құнды мәдениет ескерткіштері ретінде сақталуда.

Осы орталықты Абай шығармалары мен Абай туралы дүние жүзінің әртүрлі тілдеріндегі басылымдармен толықтыру мақсатында Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстандағы түрлі елшіліктеріне хат жазылып, нәтижесінде Әзірбайжан, Венгрия, Германия және Болгария елшіліктерінен орталыққа венгр, әзірбайжан және неміс тілдеріндегі басылымдар келіп түсті.

Қазақстандағы Германия елшілігінің бірінші хатшысы, мәдениет және баспасөз бөлімінің басшысы Джонни Крамер кітапханамызға арнайы келіп,  Мұхтар Әуезовтің  2010 жылы неміс тілінде шыққан «Абай жолы» романын сыйға тартты.

«Абайдың рухани орталығының» ашылу салтанатына арнайы ерекше тарту жасаған кітапханамыздың оқырманы, зейнеткер Оспанов Фазыл Байғабылұлы  еді. Фазыл аға: «Мен Қытайда 7 сыныпта оқып жүргенімде алаш идеясын таратушы зиялылардан осы кітап қолыма түскен еді. Абайдың кітабы бүкіл саналы ғұмырымда ренжісем ренішімді бөлісетін, қуансам қуанышымды бөлісетін менің шынайы адал досым болды. Жүрегімнен жұлып алып, сіздерге сыйлап тұрмын. Мен өмірден өтсем, кітап іздеген адам оқитын қадірлі жерде болсын, балаларым төте жазуды оқымайды»- деген. Фазыл Байғабылұлы ағамыз да бүгін ортамызда жоқ. Ал Қытайда  төте жазумен баспа көрген Абайдың шығармаларының жинағы оқырманға әдемі сый болып отыр.

Ғалым, әдебиеттанушы, профессор С.С.Қорабай жеке кітапханасынан 1000 –ға тарта кітаптарын кітапханамызға  сыйға тартып,  қорымыздың сапалы  толығуына үлес қосты. Сый кітаптары  арасынан Анкарада 1995 жылы баспа көрген түрік тіліндегі Абайдың шығармаларының жинағы «Абайдың рухани орталығында» лайықты орын алған тамаша тарту болды.

Абайдың «Рухани орталығына» Америка, Германия, Швейцария, Польша, Түркия, Ресей, Моңғолия, Қытай, Корея елдерінен және Қазақстанның басқа да қалаларынан делегациялар болды. Бүгін де орталықтан орын алған сирек басылымдар келген ғалымдар мен ізденушілердің ғылыми зертеулеріне таптырмас дерек көздері болып отыр.

Пайдаланушылар қолжетімділігі үшін кітапхана сирек қорларын цифрлап,  Қазақстан ұлттық электронды кітапханасының (ҚазҰЭК) қорын толықтыруға барынша үлесін қосып келеді.

2017 жылы – «Алаш» автономиясының негізі қаланғанына және Алашорда ұлттық үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай Абай атындағы кітапхана «Алаш» электрондық кітапханасын құрды. Бүгінде Интернет пайдаланушыларының Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметтері мен тағдырлары туралы еліміздің және шет мемлекеттердің тарихи-мәдени және білім мекемелерінен алынған

мазмұнды материалдарға қолжетімділігін арттырып отыр. Электронды кітапхана қорына жинақталған құжаттарды жылына 107 000 нан аса виртуалды пайдаланушылар пайдаланады.

Абай Құнанбайұлының 173 жылдығы қарсаңында кітапханамыз Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында «Біздің Абай» тақырыбында әдеби экспозиция ұйымдастырып, Абай оқыған Семейдегі Абай атындағы кітапхананың сирек басылымдар қорында күні бүгінге дейін сақталып келген ғұлама ақын пайдаланған,  XVIII ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жария көрген құнды басылымдарды ұсынды. Ұлы ақын тұлғасына қатысты аса сирек кездесетін өлкетану дерек көздері-түпнұсқалар жайлы маңызды ақпараттар берді.

Кітапханамыз 2018 жылдан бастап ШҚО әкімдігінің қолдауымен «Абай әлемі» жобасын жүзеге асырды. Кітаптар топтамасы жобасын құру Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің дамуына ықпал етуге, туған өлкемізден шыққан ұлы тұлғаларымыз бен ақын-жазушыларымыздың туындыларын қайта жаңғыртып шығаруға, көркем әдебиет арқылы жастарды Отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталды. 2018-2022 жылдар аралығында жүзеге асырылатын бес жылға арналған жоба аясында шығыс өңірі қаламгерлерінің шығармалары жарыққа шығарылып, оқырман қауым жаңа есімдермен танысты. Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан филиалымен бірлескен жоба Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлы тұлғаларымыздың шығармаларын жарыққа шығарудан бастау алып, Ә.Қашаубаев, Ф.Достоевский, Н.Баймұратов, Қ.Алтынбаев, О.Бөкей, Қ.Ысқақ, Ә.Асқар, К.Сегізбаев, Д.Рамазан, А. Кемелбаева және т.б. шығыс өңірінен шыққан қаламгерлердің туындылары жарияланды.

Жоба барысында ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың   басында далалы өлкені зерттеген өлкетанушыларымыздың, т.б. сирек қорымыздың алтын қорын құрайтын Императорлық Орыс Жағрафиялық Қоғамы Батыс Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің ғылыми басылымдарында жарық көрген өлкетанушылардың еңбектері жаңа басылым құрастырып шығаруымызға арқау болды.

Данышпан Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жоба аясында Шәкәрім университетінің ғалымдарымен бірлесіп Абай шығармаларын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, Абай ұрпақтарының және  Абайдың алдын көрген ақын шәкірттерінің, абайтанушылардың шығармаларын жарыққа шығардық.  «Абай әлемі» жобасы аясында барлығы 146 млн-ға жуық қаржыға 69 атаулы шығыс өңірі қаламгерлерінің кітаптарын 52889 данамен жарыққа шығарып, Шығыс Қазақстан облысына қарасты 312 кітапхананың қоры толықты.

Сондай-ақ, Республикалық «Абай» журналымен бірлесіп, «Абай» журналының беттерінде жарық көрген абайтануға байланысты ең үздік материалдарды жеке топтастырып, оқырман қауымның қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Білгенге маржан» жинағы 1000 данамен жарыққа шығарылды. Жинаққа 1992-2020 жылдар аралығында республикалық «Абай» журналының беттерінде жарық көрген абайтанушылардың ең үздік еңбектері топтастырылды.

Виртуалды пайдаланушылар үшін жоғарыдағы аталған жарық көрген кітаптардың цифрлы нұсқалары ҚР Ұлттық электронды кітапханасы (ҚРҰЭК) қорына  және Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының электронды каталогының қорына орналастырылды.

Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Семей қаласына жасаған екі жолғы іс-сапарында заманында Абай оқырманы болған қоғамдық кітапханада данышпан ақынның оқыған орыс және батыс классиктерінің көркем шығармаларымен, батыстың ұлы ойшылдарының философиялық еңбектерімен және «Абай әлемі» жобасы аясында жарық көрген кітаптармен танысуы кітапхана тарихында ерекше орын алды.

Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына тарту ретінде кітапханамыз қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Артық білім кітапта. All Wisdom is in books. Вся мудрость в книгах»  сирек басылымдар каталогын 1000 данамен жарыққа шығарды. Абай атындағы кітапхананың сирек қорын сипаттауға арналған бірінші басылымға Абай оқыған кітаптар, данышпан ақынның қайраткерлік тұлғасын көрсететін басылымдар, әлем тілдеріндегі ақын шығармалары және Абайдың рухани ізбасарларының ғылыми еңбектері мен көркем шығармалары барлығы 210 басылым қамтылған.

Еліміздегі жұқпалы індеттің тараған уақытында да кітапханамыз айтулы мерейтойларға байланысты ауқымды шараларды атқарды. Қазақстан Жазушылар Одағы Семей филиалымен бірлесіп Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында ZOOM бағдарламасында өткізген «Адамзаттың Абайы» тақырыбында ұйымдастырылған республикалық онлайн-ғылыми конференцияның маңызы зор болды. Конференцияға  Ғ.Есім, А.С.Еспенбетов, Д.Т.Кенжетаев, С.Қ.Қорабай, Ә.А.Найзабаев, Т.Қ.Шаңбай, М.Қарт  сынды белгілі абайтанушы ғалымдар мен әдебиетшілер «Абай – қазақ ойын сақтаушы және оны әлемдік деңгейге көтеруші», «Абайдың туған күні хақында», «Абайдың діни танымы», «Абай – әлемдік өркениеттің рухани қазынасы», «Абай шығармаларындағы автобиографизм», «Абай музейі – рухани орталық», «Абай аудармалары және әлем әдебиеті» тақырыптарында баяндамалар жасап, құнды мағлұматтар берді. Кітапхана қызметкері «Сирек басылымдардағы Абай» тақырыбында құнды деректер  ұсынып, кітапханамыздың сирек басылымдар  қорындағы  Абайдың қайраткерлік қызметін көрсететін басылымдармен таныстырды.

Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай ZOOM платформасында «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік тағылымы» атты  ұйымдастырылған республикалық ғылыми онлайн-конференция да  алаштанушы ғалымдарымыздың құнды әрі тың ақпараттарды ұсынуымен ерекшеленді. Алаштанушы ғалымдармен оқырмандарымыздың, кітапханашы мамандарымыздың арасында байланысты орнату, «Алаш» идеясының тарихи маңызын айшықтау, Әлихан Бөкейханның қазақ елінің Тәуелсіздігіне қосқан орасан үлесін ашып көрсету мақсатында өткізілген шарада Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы ҚР  ҰҒА академигі М.Қойгелдиевтің «Ә.Бөкейхан: ұлы тұлға бастаған азаттық қозғалыстың ұлт тарихындағы орны туралы»,  алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Біртұтас Алаш  идеясы», Л.Гумилев атындағы Ұлттық Еуразия университетінің проректоры, ҚР  ҰҒА академигі Д.Қамзабекұлының «Алаш арыстарының ақ жолы», С.Жүсіптің “Қазіргі Қазақ мемлекетінің іргетасы – Алаш Республикасы оның тұңғыш басшысы Әлихан Бөкейхан»;  Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы “Ел тарихы” ғылыми-зерттеу орталығының директоры Е.Сайлаубайдың «Алашорда тарихындағы Семей қаласы», «Мұнара» газетінің бас редакторы С.Хасанның «Әлиханның кейіннен табылған суреттері» тақырыптарында ұсынған баяндамаларының маңызы зор болды.

Шекаралық аудандармен ынтымақтастықты арттыруда көршілес Ресей елімен рухани-мәдени байланыс орнатылған. Ресей Федерациясының Рубцовск, Барнаул қалаларында кітапханамыздың қорындағы сирек басылымдармен және «Абай әлемі» жобасы аясында жарық көрген туындылармен таныстыру мақсатында «Ғасырлар үндестігіндегі рухани мұра» көшпелі көрме экспозициясы ұйымдастырылып, ресейлік кітапхана оқырмандарына ұсынылды.

Кітапханамыз жұқпалы індеттің өршіп тұрғанына байланысты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғанына 30 жыл толуы қарсаңында  Ресей, Чехия Эстония, Латвия, Белоруссия мемлекеттерімен онлайн байланыс орнатып, сирек басылымдар қорындағы кітапхананың тарихымен, Абай оқыған орыс жазушылары және Батыс Еуропа ғалымдарының еңбектерімен, өлкетану басылымдарының беттерінде жарияланған  Абайдың қайраткерлік қызметі туралы мәліметтерді таныстырды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында танымал алаштанушылармен, ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен ZOOM платформасында «Алаш» онлайн жобасы ұйымдастырылып, электронды кітапханасының қоры 30 бейне-лекциямен толықты.

Кітапханамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «EurasianBookFair – 2019» IV-Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне және «EurasianBookFair – 2022» VI-Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысып, көрмеге келушілерге сирек басылымдар қорында сақталып келе жатқан  XX ғасырдың басында жария көрген құнды  әдебиеттер мен «Абай әлемі» бағдарламасы аясында жарық көрген өңір авторларының жаңа басылымдарын көпшілік назарына ұсынды.

2021 жылы Қазақстанның Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне байланысты, Көкшетау қаласында ұйымдастырылған «Рухани қазына – 2021» фестивалінің қортындысы бойынша  кітапханамыз «Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасын толықтыруға және дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясын жеңіп алды.

Абай атындағы әмбебап кітапханамыз облысымыздың статусы өзгеріп, Абай облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы аталғаннан бастап өлкеміздің 137 кітапханасы үшін әдістемелік орталыққа айналды. Қазақстандық қоғамның мәдениет, ағарту және ұлттық рух деңгейін арттыруға бағытталған «Оқитын ұлт» жобасының «Бір ел – бір кітап», «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез»  республикалық акциялары аясында  ауқымды шаралар атқарылуда.

«Кедергісіз кітапхана» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау және ақпараттық қызмет көрсетіліп, бос уақыттарын тиімді, әрі пайдалы ұйымдастыруға көмектесу кітапхана қызметінің  маңызды міндеттерінің бірі. Әр жылдары «Книгоноша», «Библиокөмек», «Фотоклуб» әлеуметтік жобалары іске асырылды. «Книгоноша» жобасы аясында Семей қаласындағы тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған, денсаулығының мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға кітапхана қорындағы ақпараттық ресурстармен жүйелі қамтамасыз етіп отырамыз.

Кітапханада ұйымдастырылған әуесқой үйірмелер бірлестігі қоғамдағы өзекті, маңызды да қызықты тақырыптар жөнінде түрлі іс-шараларды ұсынады. Оқырмандар өз таланттары мен бейімділіктерін үйірмелерге қатысу арқылы шыңдай алады. «Шежіре», «Өнер өлкесінде», «Аудармашылар», «Сұхбат» әдеби-танымдық клубтары, «Танцемания» әуесқой бишілер клубы  мен «Ағылшын тілін үйрену», «Компютерлік сауаттылық» курстарының қызметтері оқырмандарды кітапханаға тартудағы басты құрал болып табылады. Кітапханамыздың Балалар әдебиеттері бөліміндегі мектептің кіші жастағы балаларына арналған «Сиқырлы қылқалам», «Шебер қолдар, «Қағаз ғажайыптары» үйірмелері мен  «Құм арт-терапиясы» балалар студиясының қызметтері өте маңызды.

Жылдар бойы атқарылып келген осындай ауқымды шаралар әрине білікті басшылар мен кітапханашыларымыздың еселі еңбегінің нәтижесі.

Кітапхана жұмысының тиімділігі көп жағдайда бүкіл ұжымның үйлесімді іс-әрекетіне, әрбір қызметкердің жаңа идеялар мен бағдарламаларды түсінуі мен қолдауына байланысты. Бүгінде кітапханада 39 шығармашыл кітапханашы еңбек етеді, олардың көпшілігі жоғары білімді маман. Кітапхананың қызметі келушілер тарапынан жоғары бағаланады. Кітапханаға жыл сайын 18 мыңнан астам оқырман келеді.

Кітапхана тәжірибелі мамандар басшылығымен халыққа абыройлы қызмет жасап, алдыңғы буынның білікті мамандары кәсіби шеберліктерінің нәтижесінде жас кітапханашыларға тәлімгер болды. Өз істерінің білгір мамандары XIX ғасырдың соңынан қалыптасқан кітапхана қорын аман сақтап, оқырмандарға сапалы және тиімді қызмет көрсете білді.

Кітапхана мамандарының жасап жатқан істерінің барлығы біздің оқырмандарымыздың білімі мен дамуында көрінеді, олар біздің еңбегімізге ризашылығын білдірсе, біз өз кезегімізде оларға алғысымызды білдіреміз. Біздің кітапхананың қызметін оқырмандарсыз елестету мүмкін емес. Біздің оқу залдарымызда бір емес, бірнеше буын оқырмандар  өсті. Бүгінгі таңда оқырмандар кітапхана үшін ерекше қымбат, оларсыз біздің қызметімізді елестету мүмкін емес. Бұл жазушы М.С.Сәрсеке, этнограф М.Жанболатов, филология ғылымдарының докторы, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет профессорлары А.С.Еспенбетов, М.Е.Белгібаев, М.Қ.Кәрімов,  А.И.Исин, Alikhan Bokeikhan University профессоры,  филос. ғ. к. М.М.Түйебаев, этнограф-тарихшы, доцент,  Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі,  Қазақстан журналистер одағының мүшесі М.Мұхамедиұлы, жазушы Медеу Сәрсеке, ақын, жазушы және публицист М.Р.Сұлтанбеков, кезінде Абай қорының директоры болған, жазушы Б.Ерсәлімов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ш.А.Қалиақпаров, ақын, өнертанушы Қ.Ж.Нұрқасым, кітапхана жанашыры К.Қ.Қойгелдиев, абайтанушы М.Оспанов, философ, әдебиеттанушы Т.Қ.Шаңбай, абайтанушы, философ А.Омаров, және тағы басқалар.      Кітапхана Қазақстанның тарихи-мәдени, әдеби дамуына ықпал еткен туған өлкемізден шыққан тұлғалардың туындыларын қайта жаңғыртып, оқырмандарға ұсыну, жастарға үлгі ету мақсатында  «Абай жолы» жобасын жүзеге асыруда.

Бар рухани байлықтың алтын кені болған кітапхана қоғамның мәдени дамуына өз үлесін қосып, әр уақытта  көпшілік оқырмандар үшін қызмет етеді. Абай атындағы кітапхананың  алтын қорындағы рухани қазына ғасырдан-ғасырға жалғаса береді. Өзінің 140 жылдық ғұмырында  талай белестерді бағындырған кітапхананың алар асуы алда екені сөзсіз.

  1. Документы (решения, приказы) о передаче и приеме здания общественно-политического центра, переданного областной библиотеке им. Н.В.Гоголя, 1991 год // Фонд ЦДНИ №1100, опись №1, архивный номер №59. – С. 1.
  2. Новое имя библиотеки // Иртыш. – 1992. – 19 декабря. – С. 1.
  3. Документы (решения, приказы) о передаче и приеме здания общественно-политического центра, переданного областной библиотеке им. Н.В.Гоголя, 1991 год // Фонд ЦДНИ №1100, опись №1, архивный номер №59. – С.3-4
  4. План работы Семипалатинской областной библиотеки имени Гоголя на 1990 год // Фонд ЦДНИ №1100, опись №1, архивный номер №51. – С. 38-40.
  5. Рысакова М. Библиотека – не забегаловка, а хранилище вековых знаний // Иртыш. – 1995. – 5 октября. – С. 2.
  6. Сводный годовой отчет универсальной библиотеки имени Абая за 1998 год // Фонд ЦДНИ №1100, опись №1, архивный номер №93. – С. 59.
  7. Рысакова М. Хранителю талмудов – 115 лет // Наше дело. – 1998. – 19 ноября. – С. 8.
  8. Сводный годовой отчет универсальной библиотеки имени Абая за 1998 год // Фонд ЦДНИ №1100, опись №1, архивный номер №93. – С.45.
  9. Сводный годовой отчет универсальной библиотеки имени Абая за 1998 год // Фонд ЦДНИ №1100, опись №1, архивный номер №93. – С.3.
  10. Годовые текстовые отчеты по основной деятельности ГУ «Семипалатинская универсальная научная библиотека имени Абая // Фонд ЦДНИ №1100, опись №1, архивный №100. – С.53.
  11. Назирова Е., Петрова Д. Немецкие гости // Наше дело. – 2010. – 22 апреля. – С.6