Шәріпбаев Орал Тоқтарұлы(1960) –  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Абай облыстық филиалының төрағасы.

1977 жылы Семей облысы, Жаңа Семей ауданының Бөкенші орта мектебін үздік бітірген.

1982 жылы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтты озат бітіріп, еңбек жолын қаладағы №119 кәсіптік техникалық училищеде тәрбиешіліктен бастады, 1983–1984 жылдары Совет Армиясы қатарында болды. 1985 жылдан №16 қазақ орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарып, №5 қазақ гимназия мектебіне директордың бастаушы әскери дайындық жөніндегі орынбасарлығына ауыстырылды.

1986-1989 жылдар директордың тәрбие жөніндегі орынбасары және директордың қызметін атқарды. 1990-1991 жылдары  Жаңа Семей аудандық Партия комитетінде идеология саласында қызмет атқарды.

1991 жылдан  бүгінгі күніне дейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалында қызмет атқарып келеді. 1991 жылы Жаңа Семей ауданында «Қазақ тілі» қоғамын құрып, ұйымдастырып, кейіннен аудандық төраға болып сайланды. Республикалық қоғамның Халықаралық мәртебе алуына байланысты облыс жұртшылығының ұсынысымен Халықаралық «Қазақ тілі»  қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. 32 жыл бойы тек бір салада қызмет атқарып келе жатқан Орал Тоқтарұлы Отанға, туған елге, жерге деген ыстық ықыласы, сүйініші жас ұрпақ жүрегіне жалын тастағандай, одан тараған ұшқын нағыз азаматтыққа, өршілдікке бастағандай, тәуелсіздік үшін тәуекелге дейін баруға әзір, қайсар тіл сарбазы. 2023 жылы  Семей қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

 

                                       Әдебиеттер:

Шәріпбаев О. // https://semeylib.kz/?page_id=11322&lang

Шәріпбаев О. // https://esimder.pushkinlibrary.kz/ru/ushiteli/1940-.html