Биахмет Сәрсенов – қазақтың ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, кейін совет үкіметінің алғашқы жылдарында халық ағарту комиссарының бірінші орынбасары.
Сәрсенов Биахмет 1885 жылы бұрынғы Семей облысының Зайсан уезіне қарасты Нарын болысында, қазіргі Ақсуат елді мекеніңде, дәулетті отбасында дүниеге келген. Жастайынан өнер-білімге бейім өскен Биахмет 1905-1909 жылдары Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқып, оны үздік бағамен бітіріп шығады. Оқуын бітірген соң ол ауыл мектебінде 5 жылдай уақыт мұғалімдік қызмет атқарады. Одан кейінгі үш жыл Сәрсенов болыс болып ел басқарып, бастауыш мектептер ашқан.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ақ патша тақтан түсіп, Уақытша үкімет орнаған кезде қазақ сахарасының шығысында Семей қаласы ұлт-азаттық қозғалыстың аса қуатты орталығына айналған еді. Бұл өзі Уақытша үкімет органдарымен қатар бір мезгілде жер-жерде жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары кеңестері, қазақ комитеттері, Земстволық басқармалар тәрізді тағы басқадай жаңа билік тармақтары енді-енді өмірге келе бастаған кез болатын.
1917 жылдың көктемінде елімізде жаппай облыстық, уездік және болыстық деңгейде қазақ комитеттерінің құрылуына байланысты Алаш қайраткерлерінің шақыруымен Биахмет Сәрсенов Семейге келеді. Ол алғашқы күннен бастап осы облыстық комитеттің мүшесі ретінде қызмет етеді.
1917 жылдың 7 наурызында Семей облыстық қазақ комитеті ел өмірінде қалыптасқан саяси жағдайға байланысты шұғыл түрде құрылып, жергілікті билік ісіне араласу мүмкіндігінен құр қалмас үшін өзінің ұйымдық-шаруашылық шараларын өткізгені, сондай-ақ облыстық комитеттің төрағалығына Р.Мәрсеков, төрағаның орынбасары болып Х.Ғаббасов пен И.Тарабаев, хатшылыққа Ә.Ермеков және қазынашылыққа Ә.Молдабаев бекігені, комитет басқармасына мүшелікке С.Сабатаев, Н. Құлжанов, А.Қозыбағаров, Б.Сәрсенов, С.Дүйсенбин, М.Малдыбаев, Д.Қияқов, С.Молдабаев, С.Торайғыров, Ш.Керейбаев енгені туралы деректер бар.
1917 жылы Орынборда өткен Жалпықазақ съезінде Ресей Құрылтай Жиналысына депутаттыққа ұсынылғандар тізімінде Семей облысы атынан Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасовтармен бірге Биахмет Сарсенов те болған. Міне, осы съезде алғаш болашақ «Алаш» партиясын құру туралы мәселе көтерілді.
1917 жылы қазан айында Томск қаласында өткен Сібір республикасы съезіне қатысып қайтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов жергілікті қазақ комитеттері, мұсылман мұғалімдер одағы, «Бірлік» жастар ұйымы секілді бірнеше саяси-қоғамдық ұйымдардың көмегімен Семейде «Алаш» партиясының облыстық комитетін құрды. Ал енді жаңағы Семей облыстық «Алаш» партиясы комитеті атынан Ресей Құрылтай жиналысына ұсынылғандар арасында Биахметте бар еді.
1917 жылдын қараша айында уездік Земстволық жиынға депутат сайлау науқаны өте сәтті өтті. Семей уездік Земстволық жиынына депутаттыққа ұлт зиялылары Ш.Құдайбердиев, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, Б.Сәрсенов, Ә.Молдабаев, А.Қозыбағаров, Р.Мәрсеков, Н.Құлжанова, К.Жанатаев, И.Қазанғапов, М.Малдыбаев және тағы басқалары болды. Сол кезеңдегі Семей облыстық комиссариатының органы «Дело» газетінде жарияланған С.Возмительдің «О выборах гласных в Семипалатинское уездное Земство» атты мақаладасында «…Киргизское население совершенно отнеслось иначе. Они отложили всякая домашняя обстоятельства, даже организовали транспорты для перевозки лиц, имеющих право участвовать в выборах. И в проведении Земства оказались у них самые лучшее результаты. Прошли все образованные работники и даже на славу провели одну женщину» деп жазды.(«Дело».- №145 от 30 ноября 1917 года).Мұның өзі Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларының елдігіміз танылар сын кезеңде Семейде билік тізгінін басқаларға беріп қоймай, ұлттық мемлекет құру жолында осындай қыруар істер атқарғаның көрсетеді.
Семей өңірінде білім беру жүйесін қалыптастыру ісінде, сондай-ақ 1918 жылы желтоқсан айында Орынборда өткен екінші Жалпықазақ съезінде қабылданған мәдени-ұлттық бағдарламаны жүзеге асыру кезінде Алаш зиялыларымен бірге Биахмет Сәрсенов те бел ортасында жүрді. Сонымен бірге осы съезде оқу мәселесі қаралып, Ахмет Байтұрсынов басқарған арнайы оқу комиссиясы құрылды, оған М.Жұмабаев, Е,Омаров, Б.Сәрсенов, Т.Шонанов мүше болып кірді.
Осы жылдары Семей Алашорда үкіметі құрамында қызмет етіп, облыстық Земство басқармасында халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесін басқарған Биахмет Сәрсенов ұлттық мектептерді ашу және оларды қаржыландыру, қазақ балаларын оқуға орналастыру, қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету тәрізді тағы басқа жұмыстармен айналысты. Әрі осы кезде Сәрсенов Семейде жаңадан ашылған мұғалімдер курсында, өзі оқыған мұғалімдер семинариясында әр түрлі пәннен сабақ берген.
Сонымен қатар Биахмет қаладағы мәдени ұйымдардың жұмысына атсалысады. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттеріне мақала жазып түрады. Б.Сәрсеновтың «Автономия кеңесі», «Біріккен елде береке бар», «Азық-түлік», «Русияда осы күнде зор мәселе – азық-түлік» жарияланымдары сол шақта қазақ қоғамына үлгілі істерді нұсқады.
1920 жылы Биахмет Орынборда Қазақ автономиялық республикасы құрылған соң астанаға қызметке шақырылып, алғашқы кезде Соғыс комиссариатының саяси білім бөлімін басқарды. Сонан кейін Сәрсенов Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының шақыруымен білім саласына ауысып, комиссариат алқасының мүшесі, әлеуметтік тәрбие бөлімінің басшысы, мектеп істері бөлімінің меңгерушісі секілді сол уақыттың жауапты қызметтерін абыроймен атқарды. Осы уақытта Биахмет Орынбордағы мұғалімдер курсында, Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық еткен. Мұрағат деректерінде Б.Сәрсеновке физика, математика пәндерінен мектеп оқулығын жазуға ұсыныс жасалғаны көрсетілген.
Ғалым-ұйымдастырушы ретінде ол Қазақ ғылым комиссиясының, Академиялық орталықтың негізін қалауға атсалысты. Сол кездегі мерзімді басылымдардан қайраткер Б.Сәрсеновтың отандық мектеп жүйесін калыптастыруға аянбай күш-жігер жұмсағанын, өлкеде алғашқы әскери және кәсіптік оқу орындарын ашуға бастамашы болғаны туралы деректер бар. Биахмет қазақша айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі жігіт болған. Алған орысша біліміне қарағанда ол шын мағынасымен педагог-тәрбиеші еді.
Өкінішке орай, жібектей мінезіне қарап бүкіл қазақ Бияш деп еркелеткен Биахмет Сәрсенов өмірден ерте кетті. Ол 1921 жылдың 22 тамызында Орынборда Ахмет Байтұрсыновпен бірге Оқу комиссариатында қызмет етіп жүргенде кенеттен небәрі 36 жасында оба ауруынан қайтыс болды.