Аңсар

Алқаракөкке жайып қанатын,
Сен едің келген ғайыптан Ақын.
Жауһардай асыл жырыңды, апа,
Естіген алғаш Жайық болатын.
Жайық болатын – шайырдың мұңы,
Оймақтай болды Ойылдың құны.
Ақбөкен сынды адасып жүрмін,
Орайын таппай ойымның бірі.
Жетім жүрекке болған кім медет,
Оятты өлең жарым түнде кеп.
Селт етті-дағы секемшіл көңіл,
Сандуғаш құсқа айналдым… кенет.
Қауырсын қалам қолыма алып,
Жыр жазғым келді толқынға малып.
Өрлі өзен бүгін өксіп тұр, апа,
Толағай текті Табылсыз қалып…
Бұлдыр елесті қуып сенделдім,
Болашағымды біліп, сенген кім?
Атырау бүгін ауаға зәру –
Салқыны тиген суық сөздердің.
Тағы да қолын бұлғады-ау аз бақ,
Мазаңды алдым ба мұң ғана қозғап?
Жаныма тар боп жер беті кейде,
Жағаны кезем жындана жаздап.
Налама айналып – Нарынның шері,
Қанбай жүр, қайтем, жанымның шөлі.
Жасың жырыңның жарқылын шашып,
Жайыққа келші, сағындым сені!!!

Бақытгүл Бабаш, Атырау қаласы.

ӨЛЕҢ-ЖЫРДЫҢ ЖАЙЫҒЫ

Замандағы зар мұңға,
Қарманатын қару күй.
Алатаудай алдымда,
Аппақ шашты ару тұр.
Құндағыңнан айналдым,
Құтты мекен – құм Нарын.
Жасырасың айбарлы,
Жұмыр жердің жұмбағын.
Жығылмайтын намысы,
Жығасындай батырдың.
Азат кешкен ар үшін,
Махамбет боп ақырдың.
Қарын шашын туғанда,
Қанжарменен қыратын.
Елге мәлім болғанда,
Ер жігіттер тұратын.
Фариза апам дәл сондай,
Әйел шығар айыбы.
Жүр алдына жан салмай,
Жыр әлемнің Жайығы.
Сол Жайықтай көңілің,
Егесі боп еркімнің.
Толқын қағып тобығым,
Жағасында мен тұрмын.
Көпірмесіз көбік тіл,
Жат болғасын бойыңа.
Өлең патша келіп тұр,
Өз қызының тойына.

Назгүл БЕРДІҚОЖА

СЫРЛАСУ

Бозамық таң мен серігім болып барақ түн,
Жауқазын жырдың жұлдызға жүзін қараттым.
Содан соң…
Түнекті түртіп сәуле боп тұрған бейнеңе,
Періште тілді,
Мүбәрәк жырмен бараттым.
Қарсы аласыз ба?
Жырымның жүзі көмескі болса кеш дер ем,
Алдыңда сенің әлсіз болуға сескенем.
Өйткені, апа, төсіңнен төл боп тараған,
Өлеңіңді еміп өскен ем.
Тектілік деген тамырда тулап ұлы ағын,
Сейілтті жырың талайдың күмән, тұманын.
Бір жырың өрге жетелеп,
Ал бір өлеңің,
Бүлдіршін қыздың үлгерді тесіп құлағын.
Дауасы болып талай да талай дерттердің,
Жалыны өшкен жандарға сөнбес от бердің.
Бір жырыңызбен құм жігерлерді қамшылап,
Бір жырыңызбен көктемнің құсы боп келдің.
Бір жырыңыздан түзелді қанша ағаттық,
Бір жырыңызды оқыдық, сүйдік, жараттық.
Мүләйімсу мен көлгірсулердің барлығын,
Қанша адам кетті талақ қып.
Бір жырыңызбен ғашық та қылдың, сағынттың,
Кіріптар қылдың, кірпияз еттің, бағынттың.
Жасандылықтың құлы боп жүрген жандарды,
Табиғат деген тәңірге ғана табынттың.
Еліңе деген махаббатыңнан мұң тұнып,
Министрлермен мінбеге шықтың ұмтылып.
Қорғадың, апа, қасқалдақ қанды қазақты,
Қалқанша тілің қырқылып.
(Билік пен ақын тапқан-ды қашан жарасым,)
Жарасым тапса жаңылмас еді Алашым.
Дөңгелек жердің бар мұңын, барлық наласын,
Домалақ баспен көтеріп жүрген анасың!
Көзайымына айналды жырың бәрінің,
Түн ұйқыларын күзетіп отыр кәрінің.
Жан жасың менен көз жасың тамған жырыңды,
Жарылқап жатыр тәңірім.
Түсіме кіріп тыныштық бермей өлеңің,
Құлын жырымның тұлымын сыйпап, демедің.
Бозамық таңда бір өлең жазып бітіріп,
Мен сізге беттеп келемін.
…Мүбәрәк жырмен… Қарсы аласыз ба?

Нұргүл ОҚАШЕВА. Астана қаласы.