Семейдегі губерналық «Қазақ тілі» (қазіргі «Семей таңы») газетінде жарияланған Алаш арыстары Мәннан Тұрғанбаев пен Жүсіпбек Аймауытовтың «Бияш» атты еске алу мақаласы, шын мәнінде Биахметтің ұлт мүддесі жолындағы сіңірген еңбегіне берілген үлкен баға еді. Ал сол жылдары Ташкентте шығып тұрған «Ақжол» газеті редакциясының басқармасы: «Қазақ елінің көгінде үркердей азғана жұлдыздарының бірі сөнді. Биахмет сол санаулы жұлдыздардың арасындағы ең жарық, нұрлы көрінгендерінің біреуі еді. Оның өлімі қазақ жұрты үшін орны толмайтын қаза, қаруы қайтпайтын шығын» деп көңіл айтқан.
Жалпы Биахмет Сәрсенов өзінің қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында ұлт зиялыларымен бірге халыққа білім беру, мәдениетке үйрету, шаруашылық жұмыстарын жүргізу, Алашорда үкіметінің басшылық жұмыстарына араласу, Алаш милициясы және атты әскер полкын құру сияқты қыруар істерге белсене қатысып, қызмет етті. Алаштың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров бір топ Алашорда үкіметі басшыларын халыққа таныстыру өлеңінде Биахмет Сәрсенов туралы былай дейді:
Біреуі Биахмет Сәрсенұлы,
Ыңғайлы, қырғиға ұқсар көрсең түрі.
Түрінен де, сөзінен, жүрісінен,
Екенін біле алмайсың қандай қыры.
Ақылы да оның көп, айласы да,
Көңілінің жылдам сезгіш айнасы да.
Бар дейді бұрынырақ ұмтылатын,
Түлкідей жалт ететін таймасы да.
Ісі де, таланты да қалыспайды,
Жұмсаса тегіс халық пайдасына.
Жастардың біреуінен кейін емес,
Қазақ деп жүрегінің қайнасы да.
Халел мен Әлімханды ай деп айтсақ,
Шолпандыққа жарайды ай қасында.
Әуелден қатарынан туысы артық,
Сондықтан күн-күн сайын барады артып.
Ілімнің аймағында жоқты дағы,
Еріксіз тумысымен алар тартып.
Биахмет Сәрсенов өмірден ерте кеткенімен, өкінішке қарай 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінің зобалаңы оның әкесі Шегедек байдың әулетін сырт айналып өтпеді. Тіпті, «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти в 1918 году правительства Алаш-Орды» атты рсми құжатта Биахмет Сәрсеновқа қоса «Д.Сәрсенов (брат Биахмета») деп оның інісі Дәлелдің де есімі аталады.
Сол сияқты Биахметтің жалғыз ұлы Ғалихан да Кеңес үкіметі кезінде «алашордашыл, халық жауының баласы» деген талай түртпекті, қысымды көрді. Б.Сәрсенов 1918 жылы дүниеге келген жалғыз перезентінің есімін Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың құрметіне Ғалихан деп қойыпты. Әкеден ерте айырылып, қиындық көріп өскен Ғалихан Биахметұлы соғыстың алдында Томбовтағы ұшқыштар даярлайтын училищені бітіреді. Алайда әкесі Алашорда үкіметінің бірі болған соң, оған сенімсіздік танытып, ұшуға рұқсат берілмейді. Сол себепті, ол кейін Мәскеудегі шет тілдер институтына оқуға түсіп, жаңа мамандық алады, өзі ағылшын, француз және неміс тілдерінде еркін сөйлейтін болады. Ұлы Отан соғысы кезінде Ғалихан Биахметұлы әскер қатарына алынып, жаяу әскер құрамында талай қанды шайқастарды бастан өткереді.
Ғалихан соғыс біткен соң Батыс Европадағы бір мемлекетте тұтқындарды елдеріне қайтаратын халықаралық комиссиялардың бірінің құрамында тілмаштық қызмет етеді. Сол кезде бұл кісі Голландия мемлекетінің аумағында, кездейсоқ бір жағдайда Голландия королінің ортаншы қызы Иокемен танысады. Олардың осы таныстығы үлкен махаббатқа айналады. Ғалихан Биахметұлы 1947 жылы осы Иокеге үйленіп, 1948 жылы ұлдары Херот дүниеге келеді. Осы жылы Ғалихан әйелі мен ұлын алып туған жерге келген кезде, оларды Польшамен шекарада ұзақ тексеріп, ақыры жас нәрестелі Иокені шет ел азаматы болғандықтан шекарадан өткізбей кері қайтарады. Ғалихан болса он жылдай уақыт өткен соң Анна Дубова деген орыс қызымен танысып, үйленеді. Одан екі ұлы дүниеге келеді. Ал тұла бойы тұңғышы Херот пен әйелі Иокені өле өлгенше бір көре алмай дүниеден Ғалихан Биахметұлы арманда өткен.
Әдебиеттер тізімі:
1. Кенемолдин М. Бияш деп елі еркелеткен // Абай.- 2006.- №3.- 36 б.
2. «Қазақ» газеті: Алаш азаматтарының рухына бағышталады / Құраст.: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов.- Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998.- 560 б
3. Сәрсенов Б. Ұлт қазынасы: Сарғайса да газеттің ақ парағы, өткен күндер тарих боп сақталады.// Ертіс өңірі.- 2004.- 2 қыркүйек.- 27 б.