ЖАСЫН

Көкірек тұнған кер толғау,
Асылдан жетер асық боп.
Ақынға қонар шер қоңды-ау,
Жалынсыз жырды жасық деп…
Баға береді білгендер…
…Сәулелі сөзді жиі аңсап,
Мендегі өлең күрмеуде –
Ұяңдау қыздай ұялшақ.
Іргеме іңір түнесе,
Күйбең кемпірден жылыстап
соғысар санам.
Біресе,
Ой-өлең ойнап қуыспақ…
Тәрк етіп түнді.
От жетсе,
Бес саусағыма жақ сүйеп.
Ақ әлемдегі көк кесте –
Мен тауып алған «ақсүйек».
Сыбырлайды жел
«қоғамда
Мінезсіз өрнек тән қызға!»
Жасынның үні – «Жаманға
Сауырға қамшы салғызба!»
Өлеңге біткен өрлігі,
Қаруы – қайрат.
Биік Ар.
Ұяңдау ұя торғыны,
Жалынын өрттей сүйіп қал! –
Табанында да биік бар.
Даланың дархан бар гүлі,
Үлгі алса –
Сынбас Ар-айна.
Талдырмаш қыздар тағдыры
Тапталмас еді талайға.
Көкейлер сайрап алтын сөз,
Тірілер сонда Баба Тіл!
Жан даусым құрбан.
Соқыр көз,
Тас керең, мылқау сана тұр.
Жасауым – жырым,
Көрінер.
Бақытым биік түсімде.
Өзгеше әлем не білер,
«Төркіннің» мұңы ішімде.
Аппақ шаш – Арың, мерейің
Асқақтата алмай.
Іркілдім.
Жыр – алқа тағып көрейін,
Сыбағасы еді бұл түннің…

Гүлжайнар ҚАЛДИНА

ФАРИЗА АПА

Өлең — өмір, өмір — өлең,
Дегенімде қиялмен Сізді көрем.
Көкорайлы көңілдің көктемі мен
Күңіренген, күрсінген күзді көрем.
Ақтарсам да тарихтың қай парағын,
Байтақ мінез Сіз тұрсыз – байқағаным.
Сізбен жерлес болғаным – бақытым деп,
Мың мәртебе мақтанып айта аламын.
Замандастың жазира жүздерінен,
Сізді көрем деп те бір ізденіп ем.
Бәрін оқи алмадым, үлгертпеді,
Көз алдымнан өткен соң жүз керуен.
Заман сырын жүрекпен шын ұқтың ба?
Махамбеттің жырымен шынықтың ба?
Ақиқаттың ақ алмас қылышындай
Айтар жерде түсіңді суыттың ба?!
Қол жетпестей теңеймін Сізді шыңға,
Қыраным да өзіңіз, қызғышым да.
Фариза апа, ізетім өзіңізге –
Сіңілің айтқан осынау ізгі сырда!

С.НАУРЫЗБЕКОВА