нугымаров айбекҚазақ күресінің палуаны, 10 дүркін Қазақстанның чемпионы, 4 дүркін әлем чемпионы, 3 дүркін Азия чемпионы, 2 дүркін әлем кубогының иегері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері, самбо, дзюдо күресінен спорт шебері

Бала кезімде ертегілер, батырлар жырын көп оқыдым, ал спортпен шұғылдана бастағаннан кейін кітап оқуға уақыт аз болды. Жалпы маған әскери және тарихи тақырыпта жазылған кітаптар қатты ұнайды. Оқыған кітаптардан ерекше із қалдырған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» – деп Абай Құнанбаев атамыз айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады.

Әртүрлі деңгейде өтетін жарыстарда өз командаңды, өз қалаңды, өз еліңді таныстыра отырып, тек кәсіпқой спортшы ғана емес, жан-жақты, сауатты болуың керек. Жалпы спортта да іс-қимылдың әдістері мен техникасын ойластыру керек. Осы істе, әрине, арнайы спорт жайлы әдебиеттер, көркем әдебиеттер көмектеседі. Өкінішке орай, қазіргі уақытта тұрақты іс-сапарлармен, жиындармен, жаттығулармен, жарыстармен көркем әдебиет оқуға уақыт жетіспейді. Бірақ міндетті түрде күнделікті жарияланған жаңалықтарды интернеттен, газеттерден оқимын.

Жастарға тілейтінім – оқыңыздар, оқыңыздар, оқыңыздар! Күнделікті кірбің тірлікте кітап оқуға арнайы уақыт бөліп, сол уақытты әдетке айналдырыңыздар! Қандай іспен айналсаңыз да, қай салада жұмыс істесеңіз де, кітапты көп оқу керек.