Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Катон-Қарағай ауданында Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Шыңғыстайдағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектепте пионерлік вожатый, кейінірек – «Алтай» совхозында тракторшы болып жұмыс істеді. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай бітірді. Большенарым ауданындағы ”Еңбек туы” газеті мен Шығыс Қазақстан облысының ”Коммунизм туы” газетінің редакцияларында жұмыс істеген. 1968 жылдан бастап Алматыда тұрды, жастардың ”Лениншіл жас” газеті мен ”Жұлдұз” журналының редакцияларында жұмыс істеді. 1991 жылдан бастап ”Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген жазушы оқырманын өзгеге ұқсамайтын ерекшелігімен таңқалдырды. 1970 жылы Алматыда басылып шыққан «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелердің бірінші жинағы жаңадан бастаған жазушыны танымал етті. «Қамшыгер» (1970), «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным» (1973), «Мұзтау» (1976, орыс тілінде 1987), «Ән салады шағылдар» (1978, орыс тілінде – 1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984, орыс тілінде 1984) әңгімелер мен повестер жинақтары, «Өз отыңды өшірме» (1983; орыс тілінде – 1984) романы, «Құлыным менің (1987) пьесалар жинағы шықты.
Оның барлық прозасы қайырымдылық пен зұлымдық, күш пен қайрат, нағыз және алдамшы рухани құндылықтар туралы ойлауға бағытталған. Оралхан Бөкей – көркем сөз өнерінің шебері. Оның туындыларының форма жағынан өзіндік ерекшелігі бар. Оның кітаптары неміс, словян, болгар, ағылшын, венгер, араб, қытай, жапон және ТМД халықтарының тілдеріне аударылды. О. Бөкейдің шығармалары «Кісікиік», «Сайтан көпір» бойынша көркем фильмдер түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесі бойынша балет-спектакль қойылды. 1986 жылы Оралхан Бөкей «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабы үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды. Ол Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығының, Н. Островский атындағы бүкілодақтық әдеби сайлықтың (1978), ”Молодая гвардия”, ”Жалын” баспалар сыйлығының лауреаты. «Құрмет белгісі» орденімен, ҚазСРО Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған. Катон-Қарағай ауданының құрметті азаматы. 1993 жылы мамырда шығармашылық іс-сапар кезінде Үндістанда қайтыс болған.