022

Белослюдов Алексей Николаевич – педагог. Семей қаласындағы гимназияны бітірген. Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, зерттеу жүмыстарын жүргізген. Абай шығармаларын орыс тіліне аудару мәселесіне белсене араласқан. 1914 ж. 10 наурызда Томск қаласындағы ағасы Николайға: «Құнанбаев өлеңдері туралы «Сібірмен» («Сибирский студент») келісіп қой, өлеңдер орысшаға аударылғаннан кейін, қырғыз (қазақ) поэзиясы туралы кішкентай мақала жазып, соған қосып жібер. Мақала жазған кезіңде қажет болып жатса, оларды өзің-ақ ұйқасқа түсіріп көр, мүмкін, бірдеңе шығар. Мен де сенен жақсы жаза алмаймын ғой. Бірақ, байқап керуге бармын. Егер өзің ештеңе істемесең, Витяға жібер», – деп жазды.

1915 ж. Г. Н. Потанинге жазған бір хатында Семейдегі қазақ жастарының үйірмесі ұйымдасқанын, олар қазақтың халық фольклоры мен этнографиясын жинау ісімен шұғылданатынын, ол өзінің бірінші кезекте Абай Құнанбаев шығармаларын орысшаға аударуды міңдетіне алып отырғанын айтады. Сол жылы «Сибирский студент» журналына қырғыз (қазақ) поэзиясы туралы мақала жариялайды. Сейтіп, орыс халқын қазақ әдебиетімен, оның тамаша өкілдері – Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин шығармаларымен таныстыруды мақсат етеді. Ол ғалым Қаныш Сәтбаевпен де жақын таныс болған. Оның еліне барып, Баянауылда халықтың әдеби мұрасын жинаған.

А. В. Затаевичпен бірге жүріп, ел аралап, өлеңдер, әңгіме, жырлар жинасқан. М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Қ. Сәтбаевтардың ақыл-кеңесімен қолында сақталып қалған өз архивін, бауырлары Виктор, Федор, Николайлардың да архивтері мен фотосурет, картиналарын Қазақстан Республикасы ҰҒА-сына өткізген.

Әдебиеттер:

Бейсенбаев М. Белослюдов Алексей Николаевич   // Абай. Энциклопедия / Бас ред. Р.Н.Нұрғалиев. – Алматы: Атамұра, 1995. – 154 б.