Қайдаров Рүстем Есімханұлы

Рүстем Есімханұлы Қайдаров 1940 жылы 18 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Сосновка ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1985-1990 жылдары – Кеңес Одағының ІІМ Қазақстан мен Қырғызстандағы Ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі аймақаралық басқарма бастығы. 1996-1999 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университеті қылмыстық және соттық сараптау кафедрасының меңгерушісі. «Қазақ КСР Қылмыстық істер жүргізу Кодексі түсініктемесінің» әзірленуіне және басылуына қатысты. 1995-1996 жылдары – ТМД Парламентаралық Ассамблеясында Қазақстан Республикасы Парламентінің Кодекстер моделі үлгілерін өңдеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі. 1996 жылдан – БҰҰ Комиссиясының 39-сессиясында есірткімен күрес мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі делегациясының басшысы. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы біріккен ақпараттық кеңістік құру туралы» Жарлығы авторларының бірі. Құқық тәртібі мен заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық және үкіметтік комиссия жұмыстарының белсенді мүшесі. 20-дан астам ғылыми мақалалардың авторы. 1999 жылдан «Қорғау» зейнетақы жинақтау қоры» акционерлік қоғамының президенті, «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ресей Жаратылыстану ғылыми академиясының корреспондент мүшесі, БҰҰ Халықаралық ақпараттану академиясының және Дүниежүзілік ақпараттық парламенттің академигі, Кеңес Одағының ІІМ еңбек сіңірген қызметкері.

2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлыққа сәйкес Семей қаласының Құрметті азаматы атағы берілді

Ұсынылатын әдебиеттер:

Ел ырысын еселегендер қандай құрметке де лайық // Ертіс өңірі . – 2016. – 14 желтоқсан. – Б. 1,7
Толығырақ: http://alashainasy.kz

 

Қойшыбаев Жұмабек Қойшыбайұлы

Техникумды аяқтаған соң Семей мен Аякөзде байланыс жүйесінде жұмыс істеді, байланыс қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы болды. Ол 1942 жылы партиялық жұмысқа жіберіледі. Әр жылдары жауапты және басшылық қызметтер атқарады. Семей облыстық жергілікті өнеркәсіп және тұрмыстық қамту басқармасының бастығы, кейіннен облыстық тұрмыстық қамту басқармасының бастығы болды.
1969 жылдан бастап құрметті демалысқа шыққан 1980 жылға дейін еңбекшілер депутаттары Семей қалалық Советінің төрағасы болды. Жұмабек Қойшыбаев бүкіл саналы өмірін туған қаламыздың жан-жақты даму жолына арнаған елінің нағыз патриоты болды. Республикамыздың Жоғарғы Советінің депутаты, облыстық және қалалық Советтердің депутаты болып сайланды. Ж. Қойшыбаевтың Отан алдындағы еңбегі екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдарымен марапатталған.
Семей қаласы әкімінің 1998 жылы 10 қыркүйектегі шешімімен Қойшыбаев Жұмабек Қойшыбайұлына Семей қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.

Ұсынылатын әдебиеттер:

Жұмабек Қойшыбаев // Семей таңы .- 2002.- 13 қыркүйек.- Б.8

 

Қосубаев Марат Смағұлұлы

Қосубаев Марат Смағұлұлы 1938 жылы туған. Білімі жоғары. 1957 жылы Ленинград дене шынықтыру және спорт институтын бітірген.
Бас бапкер, грек-рим күресінен «Трудовые резервы» Бүкілодақтық Ерікті Спорт Қоғамының облыстық Кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық білім басқармасының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. Ұзақ жылдар Семей қаласының туризм және спорт комитетін басқарды.
Жастарды өз елінің патриоты рухында тәрбиелеу жұмысында, дене шынықтыру мен спортты дамытуда сіңірген еңбегі үшін Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесінің Мақтау қағазымен, КСРО спорт министрлігінің мадақтамасымен, «Еңбек ардагері» медалімен, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты мерейтойлық медалімен марапатталған.
КСРО спорт шебері, грек-рим күресінен Бүкілодақтық және Халықаралық дәрежедегі төрешісі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген бапкері, Қазақстан Республикасында кәсіптік білім берудің және білім берудің үздік қызметкері атақтарының иегері.
Қосубаев Марат Смағұлұлына 2000 жылы 7 қаңтардағы Семей қаласының әкімінің шешімімен Семей қаласының құрметті азаматы атағы берілді.

Ұсынылатын әдебиеттер:

Сәдуақасұлы Ә. Семей қаласының Құрметті азаматтары. – Алматы: Арқас, 2005. – 241-242 б.