Мұсаұлы Ырысхан

gk5Қаламгер Ырысхан Мұсаұлы 1933 жылы 7 қарашада Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. 1953-58 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журнлаистік факультетінде білім алған. Сол студенттік қызықты шақтың өзінде «Ағасұлтан» деген роман жазуға кірісіпті.
Ырысхан Мұсаұлы еңбек жолын 1958 жылы «Лениншіл жас» газетінде бастайды. Онда бірнеше әңгіме, очерктер жазды. 1965 жылы облыстық «Семей таңы» газетіне ауысып, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болды.
1977 жылы Семейге қайтып, «Семей таңы» газетіне бас редактор қызметіне кіріседі. Бас редакторлық қызметте жүрып Семей сынды рухани орталықтың рухын көтеріп, халықтың санасын, болмыс-келбетін көтеруде айтарлықтай еңбек сіңірді.
Көп жылдардан кейін 1992 жылы республикалық «Абай» журналына бас редактор болып тағайындалады. 2000 жылы жазушының жарық көрген қос томдық прозалық кітаптары этнографиясы мен тілінің байлығы жағынан оқырмандарға үлкен рухани күш берері сөзсіз.
Бірінші кітаптағы «Ағасұлтан» романы тарихи деректерге негізделген. Мұнда Құнанбай қажының күрделі бейнесі берілген. Жазушының соңғы үш томына «Саға» трилогиясы енген. Бұл еңбектерінде Кеңес дәуірінің ХХ ғасырдағы келбетін көрсетеді.
«Саға» трилогиясының үш бөлімі – «Бейуақ», «Құлқынсәрі», «Қызыл іңір» журнал бетінде , сонан соң жазушының үш томында жарық көрді. «Саға» романы автордың өзі туып өскен өңірдің дауылды жылдарын, колхоздастыру кезеңіндегі заман ағымын суреттейді.
Ырысхан Мұсаұлы 2002 жылы республикалық «Абай» журналының бас редакторы – ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі, рухани тәрбие берудегі зор үлесі, ұлы жерлестеріміздің мұрасын насихаттауы, белсенді өмірлік ұстанымы үшін «Семей қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Әдебиеттер:

Бәшей К. Атамекен азаматы // Ертіс өңірі .- 2003.- 6 қараша.- Б.16
Ерен еңбегі үшін // Семей таңы .- 2000.- 24 ақпан.- Б.1
Кемелбаева А. Бұл аға басынан не кешпеген // Дидар.- 2003.- 4 қараша.- 3 б.
Мұсаұлы Ы. “Семей таңы” – ұшқан ұям // Семей таңы. – 2009. – 3 желтоқсан. – 4 б.
Сапаев Ғ. Асыл кездік қын түбінде жатпайды // Қазақ әдебиеті. – 2003. – 14 қараша. – 14 б.

 

Мұхамедханұлы Қайым (Ғабдулқайым)

g19 (2)Жазушы, ғалым Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда қаланың Заречная Слабодка деп аталған қазіргі Жаңасемей ауданында дүниеге келді.
Жазушы, драматург, әдебиет зерттеуші. Филология ғылымының кандидаты (1950). 1941 жылы Семей педагогикалық институтын бітірген. 1942-1947 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Семей бөлімшесінің өкілі. 1947-51 жылдары Семейдегі Абай мұражайының директоры.
1951 жылдан бастап Семей педагогикалық институтында оқытушы, доцент қызметтерін атқарды. 1937 жылдан бастап өлеңдері, әдеби-сын мақалалары баспасөзде жариялана бастады. Негізінен драматург ретінде танылды. Жазушының «Толқын» (1944), «Майданнан майданға» (1947), «Комиссар Ғаббасов» (1960), «Ер Білісай» (1974) пьесалары театр сахналарында қойылды.
Әзәрбайжан драматургі У. Гаджибековтің «Аршин малалан» (1941), татар жазушысы Ш.Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» (1967 ) пьесаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ ССР Мемлекеттік Гимнінің авторы.
Ғалым, дарынды драматург, шебер аудармашы, ұстаз Қайым аға М.Әуезовтің жетекшілігімен Абайдың ақындық мектебін зерттеді. Жазушы ғалым абайтану, әуезовтану саласында жемісті еңбек етіп, «Абай шығармаларының текстологиясы» (1959), «Мағауия Абайұлы» (1959) атты кітаптар, әдеби-зерттеу мақалаларын жазды.
Жемісті еңбегінің арқасында «Абай» энциклопедиясын шығаруға ат салысты. «Дәуір» баспасынан «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт томдық монографиясы мен «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай мұрагерлерінде» Әлихан, Ахмет, Міржақып сияқты алыптар сөз қозғалды. Семей қаласының, Абай, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы.
«Семей қаласының құрметті азаматы» 1987 жылы 17 наурызда қаланың шығармашылық интеллигенциясын қалыптастыруда, қоғамдық өмірінде және ғылыми-педагогика саласында жеткен жетістіктері үшін берілді.

Әдебиеттер:

Исаұлы А. Ғылым жұлдызы // Семей таңы.- 2001.-26 қаңтар.-3 б.
Жұртбай Т. Абайдың інісі, Алаштың ірісі // Ертіс өңірі.-2005.-12 мамыр.-28 б.
Қайым Мұхамедханов // Дидар.- 2004.-3 шілде; Семей таңы.-9 шілде.-3 б.
Мұхамедханов Қ. Абай кітабын алғаш шығарған Ілияс Бораганский.-Алматы,2009.-64 б.
Мұхамедханұлы Қ. // Сәдуақасұлы Ә. Семей өңірінің құрметті азаматтары.- Алматы: «Арқас», 2005.- 251 б.
Сейсенұлы Д. Алаш арыстарының соңғы тұяғы // Егемен Қазақстан.-2009.-7 қараша.-6 б.
Смағұлова Е. «Адам боп жер астына кірдің де, тас мүсін боп шыға келдің»: (Ескерткішке арналады) // Семей таңы.-2010.-14 қазан.-1 б.
Тоқпатаев У. Абайтанудың абызы еді // Ертіс өңірі.-2004.-23 қыркүйек.-26 б.