Құлжанова Нәзипа – ағартушы, аудармашы, қоғам қайраткері.
Нәзипа Сегізбайқызы 1887 жылдың 27 шілдесінде Қостанай облысы, Жанкелді ауданында туып өскен. 1982 жылы Ленинградтағы Орталық Мемлекеттік архив деректері бойынша Торғай облысындағы бірден-бір оқу орны – Қостанайдағы орыс-қазақ әйелдер прогимназиясының барлық төрт жылдық курсын ойдағыдай бітіріп шыққан (1898-1903).
1903-1904 жылдары Торғайдағы қыздар училищесін ойдағыдай аяқтап, біраз уақыт сол училищеде көмекші мұғалім болып тағайындалады. 1905 –20 жылдары Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстаздық еткен. Осы кезеңде қазақ әдебиеті тарихына өшпес із қалдырған ізденімпаздығы арқасында этнография тақырыбын зерттеп, мақалалар жазады. Ұзақ жыл оқытушы болып жұмыс істеген Нәзипа қазақ мектептері үшін оқулықтар жазған. 1923 жылы Орынборда « Мектептен бұрынғы тәрбие», 1927 жылы Қызылордада « Ана мен бала тәрбиесі» атты әдістемелік кітаптары басылып шығады. Сонымен қатар қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналистердің бірі. 1922 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің редакция алқасының мүшесі, 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» (бүгінгі «Ақиқат» журналы) журналында жауапты хатшы, 1925-1929 жылы «Әйел теңдігі» журналында жауапты қызмет атқарады. «Айқап», «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш» басылымдарында оқу-ағарту мәселелері туралы мақалалар жариялаған. Оның есімі педагог, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, этнограф, аудармашы ретінде қазақ тарихында мәңгілік қалды.
Қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет Географиялық қоғамның мүшесі болған Нәзипа Құлжанова 1914 жылы 26 қаңтар күні Семей қаласында ұлы Абайдың қайтыс болғанына байланысты он жыл толуына орай әдебиет кешін ұйымдастырып, сол кеште орыс тілінде тамаша баяндама жасап шығады. Ақын Абайдың өлмес даңқының сыр-сипатына терең баға береді. Алғаш рет Абай өлеңдерінің орысша аудармасынан үзінділер оқиды. Бұл Нәзипаның ең басты тарихи еңбегі болып табылады.
Енді Құлжановтар қазақтың тек мал соңында жүрген емес, өзінің салт-дәстүрі, мәдениеті және әдебиеті бар халық екенін танытуды ойлап, салт-дәстүр, мәдениет, әдебиет туралы кеш өткізуді жоспарлайды. Ол тұста бұлай ана тілінде кеш өткізу өлімге бас тіккенмен бірдей еді, себебі, демократ жазушы Короленконың айтуынша, «Ресей империясына бодан аз ұлттардың өз тілінде әдеби кеш өткізуіне тыйым салынсын, тыңдамағандарына өлім жазасы қолданылсын» деген Столыпиннің ұраны 1910 жылдан бастап дәуірлеп тұрған шағы болатын. Бірақ Семей Ресей империясының үшінші мәдени орталығы атанғаны болмаса, бұрын ешқандай бұратана халықтың ұлттық өнері сахна төрінен көрінбеген. Сондықтан Семейдегі аз ұлт өкілдері осы уақытқа дейін өзінің ұлттық өнерін көрсете алмай келген. Енді Құлжановтар Абай атамыздың кешін өткізгенде губернатор Тройницкийдің қол алысып, рақмет айтқанын іштей жақсылық ишаратқа жорып, осы мәдени кешке де жоспар жасап: «Губернаторға бекіттіріп алсам, ешқандай тоқтау жасай алмас», – деген оймен, әрі өзі сол Семейдегі беделді зиялы қатарында саналып жүргендіктен, жоспардың кіріспесінде бүкіл Ресейге әйгілі ағартушы Ы. Алтынсариннің шығармашылығы туралы баяндаманы тағы да Нәзипа Құлжанова жасайтынын ашып айтып, содан кейінгі жоспарда Ресей, қазақ басылымдарынан таныс «Біржан-Сара» айтысынан үзінді көрсетпек ойлары барын жазады. Баяндаманы Нәзипа жасайды деп айрықша көрсетуінің себебі, Абай туралы баяндаманы қос тілде жасағанда қол шапалақтаған зиялылардың бірі осы губернатор еді. Нұрғали жан-жақты ойлап, жоспарды осылай жасап, ақыры губернаторға бекіттіріп алып, семинарияға келіп дайындық жұмысын қызу қолға алады. Дайындыққа Семей оқытушылар семинариясының шәкірттері Сапарғали Молдабеков, Әлмағамбет Капсалямов, Тұрарханым Қозбағарова, Мұқа Әділханов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Тайыр Жомартбаевтар белсене қатысады. «Біржан-Сара» айтысы осы жолы алғаш рет сахнаға бейімделіп көрсетіледі.
…1915 жылғы 13 ақпандағы кеште Жүсіпбек Аймауытов «Біржан-Сара» айтысында Біржан рөлін сомдаған, балалайка аспабында ойнап, «Балқожа бидің баласына жазған хаты» өлеңін оқыған, домбырада халық әні «Ғалияны» орындаған. Осы кеш туралы Мұстақым Малдыбаев өзінің «Н. Құлжанова ұйымдастырған екінші кеш» мақаласында баяндайды.
Ол Орыс Географиялық қоғамының мүшесі ретінде қазақ халқының тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарын, ауыз әдебиеті мен фольклорлық шығармаларын зерттеп, оларды кеңінен насихаттаумен айналысты. Нәзипа Құлжанова Семей қаласында оқу-ағартаушылық саласында елеулі еңбектер сіңірді, қазақ баспасөзінде қызмет атқарады. «Қазақ», «Сарыарқа» және «Алаш» газеттеріне әйел мәселесіне байланысты мақалалар жариялайды.
Ұзақ жыл окытушы болып жұмыс істеген Нәзипа қазақ мектептері үшін оқулықтар жазған. 1923 жылы Орынборда «Мектептен бұрынғы тәрбие», 1927 жылы Қызылордада «Ана мен бала тәрбиесі» атты әдістемелік кітаптары басылып шығады. Н.Құлжанова әнші болмаса да, қазақ әндерін нақышына келтіре орындайтын өнері болған. Ең маңыздысы – ол кісінің әншілігі емес, қазақ әндерінің нотаға түсуіне көмек көрсетуі. Ол кісі Затаевичке «Ғайни-ау, сәулем», «Қадыр зары» әндерін жаздырған.
1917 жылы Семей облыстық қазақ съезіне қатысып, оның төралқасы құрамына енеді.1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АКСР Оқу ағарту комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару мен баспасөз істері жөніндегі комиссияның белді мүшесі болған. Осы қызметте жүріп, жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі Орталық Комитеттің құрамына мүшелікке енген. Әлі де еңбек етіп, көлемді туындылар жазбақ болған журналист, ағартушы Нәзипа Құлжанова 1934 жылы Алматы қаласында дүниеден өтеді. Арқалық педагогика училищесіне Нәзипа Құлжанованың есімі берілген.
Әдебиеттер:
Кәрібжанова Г.А. Нәзипа Құлжанова. – Семей, – 198 б.
Ахметова Л. Нәзипа Құлжанова // Алғашқы қарлығаштар / құраст. Д. Дәуренбекова. – Алматы: Қазақстан, 1993. – Б.17-29.
Абдуллина А. Қос қарлығаш // Абай. – 2016. – № 1. – Б. 68-74.
Балтабаева З. Қ. Ыбырай Алтынсариннің шәкірттері мен ізбасарлары: Ы. Алтынсаринның 175 жылдық мерейтойына орай // Білім. – 2016. – № 3. – Б. 69-82.
Бөлеев Қ. Ұлт мектептерінің ұлы мұраты: [Н. Құлжанова туралы] / Қ. Бөлеев, Л. Бөлеева, П. // Қазақстан мектебі. – 2013. – № 8. – Б. 27-31.
Ерсәлімов Б. Орысша оқыған алғашқы қазақ қызы: [Белгілі қоғам қайраткері, журналист Н. Құлжанова туралы] // Дидар. – 2012. – 27 желтоқсан. – Б. 2
Исабай Е. Қайраткер қызға құрмет көрсетілді // Семей таңы. – 2012. – 25 желтоқсан. – Б. 2.
Исабаев Е. Мектепке дейінгі тәрбиенің негізін салған: Н. Құлжанованың туғанына 125 жыл // Семей таңы. – 2012. – 19 қазан. – Б. 2.
Кәрібжанова Г. Қазақтың қайраткер қызы [Мәтін] : [Н. Құлжанова туралы] / Г. Кәрібжанова // Егемен Қазақстан. – 2012. – 26 желтоқсан. – Б. 6.
Мағауина З. Ұстаздықтың алғашқы қарлығашы: Н. Құлжановаға – 125 жыл // Семей таңы . – 2012. – 22 мамыр. – Б. 3.
Нұғманбекова Р. Халық Құлжанованы қашанда қадір тұтады: [Семей қаласында белгілі журналист, қоғам қайраткері Н. Құлжанованы еске алу кеші өтті] // Дидар. – 2012. – 27 желтоқсан. – Б. 26.
Сәрпеков Р. Қазақтың мақтанышына айналған ғұламалар Құлжановтардың шәкірті болған: [Семей қаласында алаш ардагерлері Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтарғв арналып ас берілді] // Дидар. – 2013. – 4 қаңтар. – Б. 20-21.
Сейсенұлы Д. Депутат сыйы: Семейдегі М. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің құрылғанына – 110 жыл // Егемен Қазақстан. – 2013. – 7 маусым. – Б. 7.
Садықова Ә. Нәзипа Құлжанова мен Ахмет Байтұрсынұлы // Қазақ тарихы. – 2013. – № 4. – Б. 33-34.
Теміров Б. Алғашқы сахналық қойылым: [XX ғасырдың басында Семей қаласында өткен алғашқы әдеби кеш туралы] // Ертіс өңірі. – 2015. – 11 наурыз; 18 наурыз. – Б. 8.
Хасан С. Алғашқы журналист қыздар: [Н. Құлжанова туралы] // Айқын. – 2016. – 5 тамыз. – Б. 11.
Тоқтарбай Елдос. Ұлтқа қызмет еткен Нәзипа Құлжанованың абайтануға қосқан үлесі хақында // https://anatili.kazgazeta.kz/news/58357