tr5Еспенбетов Арап Сләмұлы – 1945 жылы 4 наурызда  Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл ауылында туған.

Алты алаш қазақ түгілі әлемге мәшһүр болған ұлылар мекенінде – Абай, Шәкәрім, Мұхтар жерінде туып-өсу, сол елдің азаматы болу – қаншалықты абырой мен мәртебе болса, санасы бар жанға ауыр міндеттер жүктейтін сындарлы іс.

1951-1961 жылдары Саржал орта мектебінде оқыды. Саржал – Халел Хаббасов, Қаражан Үкібаев, Әмзе Нақымжанов, Шаймерден Тоқжігітов, Ахметжан Қозбағаров, Бекен Жамақааев сынды  Абай елінің еңселі азаматтарының кіндік қаны тамған қасиетті мекен.

Семей педагогикалық институтының түлегі Арап Сләмұлы 1967-1991 жылдар аралығында осы институтта  оқытушы, аға оқытушы, доцент, аға ғылыми қызметкер болды. 1972-1975 жылдары ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасын бітірді. 1977-1978 жылдары Семей педагогикалық институты филология факультеті деканының орынбасары, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі кызметтерін абыроймен атқарды.  1993-1996 жылдары  Шәкәрім  атындағы Семей педагогикалық институтының проректоры, Семей мемлекеттік университеті гуманитарлық институтының ректоры,  Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Педагогика жоғары мектебінің директоры қызметтерін атқарды. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдебиеті тарихы мәселелеріне арналған.

1975 жылы «С.Торайғыровтың лирикасы» деген тақырыпта кандидаттық, 1993 жылы «С.Торайғыровтың шығармашылық өмірбаяны» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Содан бастап, ХХ ғасыр басындағы кезеңнің бірегей ақыны – С.Торайғыровтың есімімен тікелей қатысты болды.

А.Еспенбетов қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелеріне, сұлтанмахмұттануға арналған жүзге тарта ғылыми мақалалардың авторы.  Сондай-ақ,  Абай, А.Пушкин, Ғ.Тоқай, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Күлеев, С.Көбеев, Ш.Құдайбердиев, С.Дөнентаев т.б. әдебиетшілердің әдеби мұраларына тоқталып, ғылыми мақалалар жазды.

2014 жылы ғалымның «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясымен абайтану, шәкәрімтану мен сұлтанмахмұттану зерттеулері енген қос томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

А.Еспенбетов – халық өміріне белсене араласқан ел азаматы, қоғам қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы докторлық дәреже беру жөніндегі мамандандырылған Кеңестің мүшесі, Республикалық «Абай» журналы, «Шәкәрім» журналы редакцияларының, «Қазақ әдебиеті мен мемлекеттік тіл»  республикалық-әдістемелік журналының және «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясының редакциялық алқа мүшесі. Сан ұрпаққа үлгі болар саналы өмірін ізденіс үстінде өткізіп келе жатқан Арап Сләмұлының жетістіктері кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай өнегелі.

Қала әкімі Ермак Сәлімов Семей қалалық мәслихатының 2017 жылғы 7 желтоқсандағы шешімімен ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР халық ағарту саласының озық қызметкері Арап Еспенбетовке «Семей қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісі табысталды.

 

Әдебиеттер:

 

Әбдіғазиұлы Б. Профессор А. Еспенбетов және қазақ әдебиеті тарихының мәселелері  // Шәкәрім. – 2015. – № 1. – Б. 68-70

Ердембеков Б. Орданың Абай тіккен бір уығы: (Еспенбетов Арап Сләмұлының ұстаздық, ғалымдық, қоғамдық қызметтері туралы) // Абай. – 2015. – № 2. – Б. 20-4

Иманжапар, М. Тұғырлы тұлға  // Ертіс өңірі. – 2015. – 4 наурыз. – Б. 4;   Шәкәрім. – 2015. – № 1. – Б. 74-79

Қасқабасов С. Әдеби өлкетану кеншісі  // Шәкәрім. – 2015. – № 1. – Б. 64-67

Құмар А. Ұстаз. Ғалым. Азамат  // Семей таңы. – 2012. – 21 желтоқсан. – Б. 7

Мырзаханов А. Шығармалар жинағы жарық көрді // Семей таңы. – 2015. – 30 қаңтар. – Б. 2

Мырзахан А. Ұстаз мерейі: (Ғалым, филол. ғыл. докторы, профессор А.С. Еспенбетовтің 70 жылдық мерейтойына арналған кеш жайлы)   // Семей таңы. – 2015. – 13 ақпан. – Б. 3.

Омаш А. “Құрметті азамат” атанды  // Ертіс өңірі. – 2017. – 20 желтоқсан. – Б. 3

Семейдің Құрметті азаматтары: (Ғалым А. Еспенбетов) // Ертіс өңірі. – 2017. – 13 желтоқсан. – Б. 1

Смағұлова А. Өлкетану мәселелері А. Еспенбетов зерттеулерінде // Абай. – 2015. – № 2. – Б. 25-27

Тебегенов Т. Алаш әдебиеттану ғылымындағы көрнекті ғалым-ұстаз // Шәкәрім. – 2015. – № 1. – Б. 71-73

Төлегенқызы Ж. Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық [Семей қаласының Құрметті азаматы]  // Семей таңы. – 2017. – 22 желтоқсан. – Б. 1