Фариза Оңғарсынованың ақындық әлемі – адамның жан-жүрегінің қатпар-қатпар қазынасы мен қат-қабат құпиясы өжеттесе өрілген кісі болмысының тазалығы мен таяздығы, әлеуеті мен әлсіздігі, мәрттігі мен можантопайлығы шарға салғандай шарпысқан, сөйтіп жыр жолдарына қорғасындай құйыла қаланып, тұтас бір тарихи-әдеби дәуірдің идеялық-көркемдік бет-бейнесін қалтқысыз танытқан рухани азығымыз.
«Желпініске, жарқылға заты жат» Фариза өлеңдерінен әлеміші көп әшекей, баттас жағылған бояу, жарнама кейіпті жасандылық, бұйдасын ұстатпайтын бұлдырлық, жосыла кеткіш жүргедектік ұшыраспайды. Оның поэзиясының тұрақты да тұрлаулы лейтмотиві – шыншылдық. Содан буырқанып-бұрсанып, тасып-толқып, шапшып-ширығып, лаулап-лапылдап, гулеп-гүрілдеп жатқан шумақтардың шатқалында түйдектердің тасқынында әлдебір кесірлі күштермен кескілесіп жүргендей күй кешесің. Жеті түннің ішінде қиялын мүлгітпей, қаламын мүдіртпей, дүниенің қызығы мен қуанышынан бойын аулақ ұстап, шабытқа шомылған шағындағы ақынның көздегені мен көксегені қай қиыр, қандай құштарлық екен?
Жаны кірсіз, жас қиял – бұла халық,
көрсетем деп соларға бір ағалық,
өнер-құздың мұнарсыз биігіне
бастадым шырақ алып…
Міне тағы бір керемет: «ағалық көрсету» деген ер-азаматқа лайық ірі, іргелі қазақы сөзді «шашы ағарған қыз айтып отыр! Фариза – сонысымен де Фариза. Оның елдік пен ерлікке үндеген қайсар, қайратты жырлары қашаннан да жігіт атаулының жігерін жанып, ожданын оятып келе жатыр.
«Қатыгез боп барамын күннен күнге…», «Егілмеймін елжіреп жат қайғыға», «Көкірегіме құрт түсті, сырқат жаным», «Мамыржай өмір жоқ өлеңімде», «Ғұмыр кештім ақ арман жігеріменен», «Мына менен қанағат кеткен мүлде», «Данышпн ба ол, мейлі, басқа адам ба», т.б. өлеңдері дүниеқоңыздық пен даңққұмарлық, көрсоқырлық пен күншілдік, салғырттық пен селқостық, қызғаныш пен қайрымсыздық скілді ізгілікке жат індеттерді сын тезіне салады.
Бұл ретте этика тұрғысындағы «эгосын» таразылаған ақынның тоқтаған түпкілікті тұжырымы: «… басқаларды емес, өзімді-өзім жеңуім керек менің!»
Адамшылық пен азаматтықтың да, онымен өзектес ақындықтың да тіршілік тәжірибесіндегі әрбір келесі кезеңі, соны соқпағы осы – «өзін-өзі жеңуден» басталатыны кәміл.
Фариза Оңғарсынованың поэзиясы әу бастан өлеңге тұшынатын талғампазы мен түсінбейтін тоғышары мидай араласқан көпшілік оратның көтермешілігін керексінбеген; өткінші құрмет, өтірік қолпашсыз-ақ жүректерге төте жол тауып, жаулап алған.
…Жерді басып жүргеннің барлығына
Түсінікті болуға міндетті емен! Немесе
Жақсы болып көріну мақсат емес, – деп мәймөңкесіз қияалай бір-ақ кесетіні тағы бар.
Мұнысын былай баяндайды: «Мен өз өлеңдерімді кім болса да түсінеді деп ойлаймын және жұрттың баршасына түсінікті болуға тырыспаймын да. Поэзиядан жанына ляззат алатын, өлеңнің әр жолына үңіліп, жүрегіне ұнаған тіркес шумақтарды рахаттана астын сызып тұрып оқитындарға өлеңім ұнайды деп сенемін. Ондайлар сан жағынан көп болмауы мүмкін. Бірақ сол аз ғана топтың көңілінен шықсам, өкінбеймін».
Бұл – Фаризаға жарасатын ақындық мінез, адуынды максимализм. Өйткені, ол өзі айтқандай «ештеңені байыппен ұқпаса да, дабырларға дуылдап қол соғатын» түрпі тобырға, жайдақ жұртқа жағынуды әсте қаламайды.
Фариза ақынның сөзінде, сезімінде, өнерінде бүкіл болмысында жасандылық жоқ екенін оқыр
ман бірден сезеді. Ақынның әр өлеңінің өмірге келуі, бойындағы қаншама сезімнұрдың сөлі сияқты. Ақын шығармаларындағы шиыршық атқан жүрек бұлқыныстары, сезім құбылыстары, замана, тіршілік сырына бойлаған парасат-пайымдары, тереңдік танытатын тегеуірінді ой-толғаныстары бар адамзатқа тән табиғи психологиялық құбылыстар. Сол адамзатқа қажетті рухани сұранысты «өнер алды қызыл тіл, сұлу сезім, астарлы ой, таза да мінсіз сөз өнері арқылы жүзеге асырып отырған арқалы ақын Фаризаның өлеңдеріндегі тегеуірінді теңеулер, тыңойлар, соны суреттер, өзгеше өрнектер, шығармашылық тұлғаның философиялық өресін, мына әлемге деген адами, кісілік көзқарасын танытады.
«… Шығарған шындық, арды естен,
Зұлымдықтарды қан кешкен
Махамбеттен қалған наркескен-
Айбалта жырмен шапсам деп,
Шаңын бір сөйтіп қақсам деп,
әділеттің шамын ғаламға,
Қарамай құрсау-қамалға,
Лаулатып солай жақсам деп,
Қайсарларды жасқап шегерген,
Тасқыны тылсым тереңмен,
Серігім-жырым-жебеммен,
Жүрегім-желкен,
Жел кернеп,
Қарсы ағыстарға, сеңге өрлеп,
Қағылез құйттай денеммен
Дауылдарды құшып келем мен!»,- деп ақынның өзі жырлағандай, өршіл жырларымен, табиғат тарту еткен турашылөр мінезімен өзіндік «менмін» өлеңсүйер қауымға әлдеқашан мойындатқан Фариза қазақ өлеңіндегі талай қасаңдықтың қабырғасын қақырата сөккені белгілі.
Қазақтың сөз өнеріне өзіндік өрнегімен, стилдік-түрлік ерекшелігімен, өзіне ғана тән дауыс-мақамымен, терең толғаныстарға толы мағыналық-мазмұндық, философиялық ой-астарымен, мың қыртысты көп қырлылығымен көркемдік құбылыс болған, ұлттық рухтың ұлан-ғайыр кенішіне айналған Фариза Оңғарсынованың поэзиясы шын мәніндегі ұлттық парасаттың патшалығы десе болғандай.