Кітапхана соғыс жылдарында қала мен облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысумен қатар, жаудан тазартылған одақ көлеміндегі аудандарға ақпараттық қолдау көрсеткен. 1944 жылдың аудандарына кітаптар жіберген. Кобеляки мен Полтаваға мектеп оқушылары үшін оқулықтар, саяси және көркем әдебиеттер жіберілген. 1944 жылы жаудан азат етілген аймақтарға барлығы 400 дана кітап жіберіп, майдан даласындағы жауынгерлерге кітапханашылар қолынан келген қызметті көрсеткен.
Барлық елдер сияқты кітапханашылар да «Өзіміз үшін ғана емес, майдан даласындағы жолдастарымыз үшін еңбек етеміз!» деген ұранды берік ұстаған.
1958 жылы кітапхана ісін үлгілі жолға қойғаны үшін кітапханашылар М.В.Акимова мен М.Ғ.Хасановаларға «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген кітапханашылары» (1958) атағы берілді.
Әр жылдары жазушы Мұхтар Әуезов, акдемик Қаныш Сәтбаев, абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедханов, Әзілхан Нұршайықов және т.б. қазақ зиялылары кітапхананың оқырмандары болды.
1961 жылы Н.В.Гоголь атындағы Семей облыстық кітапханасына Қазақ ССР Мәдениет министрлігі және Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті «Үлгілі кітапхана» деген атақ беріп, дипломмен марапаттады.
1983 жылы 23 қыркүйекте кітапхананың құрылғанына 100 жыл толуына орай Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылы 8 желтоқсандағы шешімі бойынша кітапханаға қазақтың кемеңгер ақыны Абай есімі берілді.
Абай атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана 1993 жылы «Қазіргі әлеуметтік және экономикалық жағдайдағы Қазақстанның ұлттық библиографиясы» атты республикалық зерделі кеңес өткізді. 1996 жылдан бастап заман талабына орай кітапханаға жаңа технологиялық құрылғылар енгізілді.
Кітапхана 1995 ж. IFLA – халықаралық кітапханалық Ассоциациясының мүшесі болып, Түркия, Қырым, Норвегия, Оңтүстік Корея, Канада елдерінде өткен Халықаралық конференцияларға қатысып келеді.
1996 жылы «Сорос-Қазақстан» қорының гранты арқылы Интернет желісіне қосылды. 2002 жылы кітапхана АҚШ Мемлекеттік Департаментінің Мәдениет және Білім беру ісі жөніндегі Бюросымен қаржыландырылып, Айрекс (АҚШ) ұйымының IATP бағдарламасы бойынша ғаламтор орталығы пайдаланушыларға қызмет етті. Интернет орталығында қала жұртшылығы үшін Интернетті пайдалануды оқыту курстары, түрлі тренинг, семинар-кеңестер өткізіліп тұрады.
2006 -2007 жылдары Интернет орталығы жеңіп алған гранттар арқылы кітапханаға жаңа компьютерлік технологиялар бөлінді. Оқырмандар талап-тілегін қамтамасыз етуде 2000 жылдан бастап кітапханалық автоматтандырылған ақпараттық жүйе (АБИС), (РАБИС), (ИРБИС) іске аса бастады. ИРБИС арқылы электрондық каталогқа, «Абай», «Әуезов М.», «Шәкәрім», «Мұхамедханұлы Қ.», «Сирек қор», «Семей», «Әдістемелік материалдар», «Президент Жолдауы» мәліметтер базаларына кітапхана қорындағы кітаптар мен мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалардың библиографиялық сипатамасы енгізілуде.
Кітапхана Қазақстан Республикасы құқықтық ақпарат орталығы арқылы «Заң» мәліметтер қоры күнделікті жаңартылып, толықтырылып отырады.
2003 жылдан бастап кітапхананың «Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы» (http://www.semeylib.kz.) веб-сайты және 2006 жылдан өлкетану бағытында «Абай атындағы кітапхананың өлкетану қоры» сайты ашылды. Астана қаласындағы Ұлттық Академиялық кітапханасымен бірлесіп жасалынған ”Әлемге танылған тұлға”, (www.abay.nabrk.kz) веб-сайтына Абайдың өмірі мен шығармашылығы, оның ақындық әлемі мен ақын шәкірттері және абайтану ғылымы туралы түрлі деректер ұсынылған.
Кітапхананың сирек қоры Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасы мен Шығыс Қазақстан облыстық А.С. Пушкин атындағы кітапханасында сандық жүйеге енгізіліп, Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасының (www.kazneb.kz) қорына енгізілуде.