Құнанбай Өскенбайұлы
(1804-1886)
Құнанбай Өскенбайұлы – Абайдың әкесі, аға сұлтан, қоғам қайраткері. Тобықты елін билеген беделді адам болған. Әкесі Өскенбай Ырғызбайұлы Тобықты елін билеген беделді адам болған. Өскенбайдан басталған билікті оның ұрпағы 150 жыл бойы, кеңес өкіметі келгенге дейін қолдарынан шығарған жоқ. Құнанбай әуелі шағын ауылды басқарды, кейін болыс басқарушысы болып сайланып, тобықты елін биледі. Келе-келе дуанды басқаратын аға сұлтан дәрежесіне дейін жетіп, даланың беделді де, білікті әкімдердің қатарына көтерілді.
Құнанбайдың қоғамдық қызметіндегі игілікті қызметінің бірі – оның оқу-ағарту ісіне ерекше мән бергені. Ол өзі дінді мықтанып ұстанып қана қоймай, қара танудың, сауат ашудың, ескіше ғана емес, орысша оқудың заман ағымына өте қажетті екенін ұғынып, өз ауылынан қазақ балаларына арнап тіл үйретіп, білім беретін училище ашпақ болып, 1845 жылы шекара басқармасына мұғалім жіберуді сұрап, хат жолдайды. Кейін орысша сауатты Ғабитхан деген татарды мұғалім етіп тағайындайды.
Бүгiнде қасиеттi Қарқаралы шаһарындағы тарихи һәм қасиеттi мекен, 160 жылдық тарихы бар еңселi мешiт тiкелей осы Құнанбай қажының есiмiмен байланысты. Қазақтың бас ақыны Абайдай ұлы кемеңгердi өмiрге келтiрген Құнанбай бабамыз ел билеген әдiлеттi де беделдi әкiм ғана емес, мұсылманның бес парызын мүлтiксiз атқарған аса иманды кiсi болған. Бұған дәлел – ол кiсiнiң қажылық жолмен қасиеттi Меккеге барып, мұсылман елдерiнен барған адамдар түсетiн “Үй-Тақия” (“Тәкие”) қонақүйiн салғызуы мен Қарқаралы қаласында мешiт құрылысының бой көтеруiне тiкелей мұрындық болуы. Бүгiнде осы бiр қайраткер тұлғаның елi үшiн еңсерген елеулi iстерiн бiрiмiз бiлсек, бiрiмiз, өкiнiшке қарай, бiле бермеймiз.
Мұрағат деректерiне үңiлер болсақ, мешiт салу жөнiндегi алғашқы әрекет сол кезде Қарқаралыда аға сұлтан болып тұрған Құспек Тәукиннiң басшылығымен басталғанымен, мешiт құрылысын қашан бастап, қай жерге салу, жұмыс күшiн қайдан алу сияқты мәселелерде Құнанбай қажының есiмiнiң көбiрек аталатындығына куә боламыз. Ұлы жазушы М. Әуезовтың пiкiрi бойынша, Құнанбай 1849 жылға дейiн Кiшiк-Тобықты болысының болыс управителi қызметiнде болып, одан кейiн 1849-1852 жылдары Қарқаралы округiне аға сұлтандыққа сайланған кезiнде мешiт тұрғызылған. Бұл жөнiнде ХIХ ғасырдың екiншi жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмiр сүрген аягөздiк қазақ тарихшысы Құрбанғали Халид өзiнiң 1910 жылы Қазан қаласында жарық көрген “Тарауих Хамса” деген кiтабында былай деп жазады: “Қарқаралыда Құспек алынған соң, орнына Тобықты Құнанбай мырза Өскенбайұлы 1849 жылы сайланады.
Құнанбай аға сұлтан сайланысымен сол жылы-ақ мешiт салдырып, құрбандық шалдырып, рәсiм жасады. Оның тәуiр-ақ әдiлеттiлiгi мен жомарттығы бар едi. Осы мешiтке бiрiншi болып имам Хасан Сейфоллаұлы тағайындалған едi”.
Қабырғасы қаланған күннен сан алуан кезеңдi басыннан өткерген бiр жарым ғасырдан артық уақытты қамтитын тарихы бар, сол кездегi Орталық Қазақстандағы бiрiншi мешiт саналатын қасиеттi мекеннiң тағдыры да оңай болмады. Алғашында халықтың ыстық ықыласына бөленiп, рухани сұранысын қанағаттандырып отырған Алла үйiнiң жағдайы Кеңес үкiметiнiң қызыл жалыны шарпыған кезiнде тiптен нашарлап кеттi. Дiндi қастерлеген ел ақсақалдарына “дiншiл” деген күйе жағылып, халық мешiттен қашып, бес мезгiл намазын жасырынып үйде оқуға көштi. Соның салдарынын халық қастерлеген қасиеттi мекен иесiз қалды…
М. Әуезовтың «Абай Құнанбаев» атты ғылыми зерттеу монографиясында Құнанбай 1804 жылы туған, 80 жасқа келіп қайтты деп баяндалған. Құнанбайдың дәуіріне ең жақын дерек 1835 жылғы архив анықтамасы. Оны Семей қаласынан кездестіріп, бірінші рет пайдаланған М. Әуезов болатын. М.О. Әуезовтің сөзімен айтқанда «Құнанбай басының қайшылығы көп болған. Ол – феодалдық дәуірдің, өз табының бел баласы, ісі мен мінезінде заманның айқын таңбасы бар».
Құнанбай жайындағы өмірлік ақиқат материалдар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында көркемдік шешімін тапқан. Тобықты елінің Құнанбайынан – әдебиеттік кейіпкер Құнанбай бейнесі жасалған. Құнанбайды толық танып білу – Абайды да мұқият оқып-зерттеуімізге септігін тигізеді.
Әдебиеттер тізімі:
Абай : Энциклопедия.- Алматы,1995.- 720 б
Арғынбаев Х. «Абай жолы» – қазақ тұрмысының айнасы// Абай.- 1997.- №1.-54-58 б
Жолдасова Т. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай бейнесі.-Алматы,38 б.